«Ақтөбе» — 100!

Қаламы жүйрік журналист

«Ақтөбенің» ардагері

Бүгінде өңір журналистикасының аға буыны қатарына еркін енген Аманқос Орынғалиұлы облыстық газетке қылышы қынабында тұрған дерлік, қаламы қайраулы қырық жасында келді. Бұл кезде ол өзіндік жазу стилі қалыптасқан, біраз өмір тәжірибесінен өткен, жазғандары облыстық, республикалық басылымдарда жарық көріп жүрген тәжірибелі қаламгер еді.

Негізінде, оның бұл мамандыққа келуінің өзі қызық. Өзі туып-өскен «Жетікөл» кеңшарында тракторшы болып алаңсыз жұмыс істеп жүрген жас жігітті сол кездегі аудандық газет редакторы Нұрымжан Жұмағалиев бір-ақ күнде, ойламаған жерден қолынан жетектеп, қызметке алып кетеді. Оған бұның жергілікті газетке бұған дейін мақала, хабарлар жіберіп тұруы, арасында өлеңдерін жолдауы себеп болады. Осылайша газет жұмысына араласып кеткен ол еңбек ете жүріп, Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқып білім алады. Газетте тілші, бөлім меңгерушісі болады. Содан кейін он екі жыл редактордың орынбасары қызметін атқарады.

Осындай еңбек жолынан кейін Алматы жоғары партия мектебінде екі жыл оқиды. Сол кездің тілімен айтсақ, саяси жағынан шыңдалады. Осы оқу орнын бітірген соң Ойыл аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке алынады. Бұл ол кезде беделді әрі болашағы бар лауазым болғанымен, оны журналистика жағы тарта береді. Ал облыстық «Коммунизм жолы» газетінен ұсыныс түскен кезде ойланбастан Ақтөбеге қоныс аударады.

Енді бұнысы Аманқос ағамыздың көзсіз тәуекелге барған ерлігі еді. Өйткені отбасында әлі қанаттанып үлгермеген алты бала, онымен қоса аяулы анасы — Рысқал әже бар еді. Ал облыс орталығында оны күтіп тұрған пәтер жоқ еді…

Дегенмен бәрінің сәті келді. Келген еңбегі ақталды. Көп ұзамай көпбалалы отбасы ретінде жайлы пәтер де берілді, зайыбы Ақұштап апай балалар бақшасының тәрбиешісі қызметіне кірісіп кетті.

Журналист жан-жақты терең білуі керек деп жатамыз. Ол сонау жас кезінен, аудандық газетте жүрген кезеңінің өзінде Кеңестер одағының астанасы Мәскеуге жолы түскен. Бүгінге дабылы жер жарып тұрған Қырым жағалауында болып, Башқұрт еліне сапарлаған.

Осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын Балқан тауы етегіндегі «Ерекше елге — Қазақстаннан ауыл шаруашылығы озаттары» деп аталатын туристік топ құрамында барған. Еліміз тәуелсіздік туын көтерген тұста Ақтөбе мұнайын игеруге талаптанған француздың «Эльф акитен» концерні басшылығының шақыруымен жергілікті делегация сапында Парижде болып қайтты.

Ол қай сапарда да жай саяхатшы болып бармайды. Қолынан қаламын тастамай, көкірегіне түйген ойларын қағазға түсіріп отырады. Қасындағы серіктері қоржын-қонышына дүние жинап қайтқанда, ол блокнотын толтырып, олжалы оралады.

«Болгария әсерлері» деген де жолсапар очеркі, «Франция сапары» аттымақалалар сериясы, басқа да сондай қызғылықты дүниелері сол жылдардың жемісі еді.

Қазақтың құйрықты жұлдыз секілді аспаннан ағып түскен талантты ақыны Төлеужан Ысмайылов туралы жазған «Мінез» атты эссесі, үлкен энциклопедиялық білім иесі, белгілі әдебиетші, ғажап журналист Сәрсен Жұмағалиев келбетін танытқан «Сәрсеннің аялдамасы» атты дүниесі, соғысқа дейін Қазақстанда тұрған, кейін Мәскеуде бас конструктор болған, әйгілі автомат жасап шығарушы генерал-лейтенант Михаил Калашников пен мемлекет және қоғам қайраткері Ахметжан Қойшығұлов байланысын баяндайтын «Калашников пен Қойшығұлов» деген мақаласы, ел қорғаған аруақты ер Исатай Тайманұлының ізін зерттеген «Исатайдың ұрпағы» атты еңбегі кезінде оқырмандар тарапынан үлкен серпіліс тудырды, жоғары бағаға ие болды.

Қаламы қарымды журналистің бірыңғай жазумен шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысқанын айта кеткеніміз жөн болар. Ол ұзақ жыл облыстық газетте партия ұйымының хатшысы болды. Кеңестік заманда қоғамда коммунистің беделі биік болатын. Партия мүшесіне қойылатын талап та, жүктелетін міндет те жоғары еді. Айына бір партия жиналысы өтеді. Онда ұжым алдындағы маңызды міндеттер қаралады, өткір сындар айтылады. Сондайда мәселені ушықтырып алмай, бір арнаға тоғыстырып отыруды Әбекең шебер үйлестіретін. Бұған оның турашылдықты ту еткен принципті ұстанымы, күн тәртібіндегі басты тақырыпқа беріктігі көмектесетін.

Одан берігіректе кәсіподақ ұйымына жетекшілік жасады. Ұжым мүшелеріне әлеуметтік қолдау жасау, өнімді еңбек етуі үшін олардың демалысын ұйымдастыру, журналистердің балаларының түрлі мәдени-көпшілік шараларға қатысуын реттеу сияқты мәселелерге ұдайы көңіл аударып жүрді. Сондай жемісті еңбегі «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің республикалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісімен» атап өтілгені есімізде.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің күні кешеге дейінгі тігінділерін қарап отырсаңыз, Аманқос Орынғалиұлының әртүрлі тақырыптарда жазған, түрлі мәселелерді қозғаған мақалаларымен жиі жолығасыз. Бұл жағынан оны өнімді еңбек еткен журналист деп батыл айтуға болады.

Әбекең — талай бәйгеде топ жарып, үздік атанып жүрген журналист. Соның бірі анабір жылдары Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы мен республикалық «Егемен Қазақстан» газеті жариялаған «Алтын қалам» шығармашылық байқауында алғашқы лектен көрінді.

Қаламгердің сүбелі дүниелері оның кейініректе жарық көрген «Ойыл ағысы», «Мезгіл», «Аңсау» атты кітаптарында топтастырылды.

Қазақстанның құрметті журналисі, Ойыл ауданының құрметті азаматы Аманқос Орынғалиұлы өзі отыз бес жылдай еңбек еткен «Ақтөбе» газетіндегі әріптестерімен әлі де байланысын үзбейді, хабарласып тұрады. Ара-арасында жазған дүниелерін оқырмандар назарына ұсынып та қояды. Шын мәнінде, ол — қаламы қалғымайтын журналист.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button