Денсаулық

Аллергия: жазда ауырасың қыста емделесің

Бүгінде өңірімізде аллергиямен ауыратындардың саны жылдан-жылға көбейіп барады. Соңғы жылдары бұл ауру балалардың арасында жиі кездеседі. Аллергологтердің айтуынша, бұл аурумен ауыратындар қыс айларында емделіп, маусымдық аллергиядан алдын ала сақтануы керек. Сонымен аурудың алдын алу үшін не істеу керек? Бұл аурудан қалай айығуға болады? Науқастарға берілетін дәрі-дәрмектер қайда өндіріледі? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін біз «BatysMed» медициналық орталығының мамандарымен тілдескен едік…

Жаңа орталықтың тынысы

«BatysMed» медициналық орталығы былтыр шілде айында ашылған. Қазір мұнда оннан астам адам жұмыс істейді. Олардың қатарында аллерголог, пульмонолог, терапевт, кардиолог, эндокринолог, т.б. мамандар бар.

Орталықтың атқарушы директоры Венера Нагиметованың айтуынша, былтырдан бері мұнда 800 ересек және 1-15 жас аралығындағы 550 бала келіп, ем алған. Олардың дені — аллергиямен және тыныс алу жолдары ауруларымен ауыратын науқастар.

  • Биыл қаңтар айынан бастап орталықта күндізгі стационар жұмыс істеп тұр. Мұнда екі орын — аллергиясы барларға, екі орын тыныс алу жолдары ауыратындарға арналған. Қазіргі таңда мұнда екі мезгіл келіп, ем алып жатқандар бар. Жалпы жылдан-жылға облысымызда аллергиямен ауыратындарға қолайлы жағдай жасалып келеді. Мәселен, осы орталықтың ашылуына облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас аллергологі, медицина ғылымдарының кандидаты Зәмзә Хайруллина өзі зор еңбек сіңірді. Қазір бұл жерде тәжірибелі дәрігер-аллергологтер — Зәмзә Хайруллина мен Светлана Есекеева қабылдау жүргізеді. Сондай-ақ орталықта жас та болса осы салада жемісті еңбек етіп келе жатқан маман Аина Молдашева да науқастарды қабылдайды. Ең қуанарлық жағдай — биылдан бастап аллергиямен ауыратын науқастар «BatysMed» медициналық орталығынан өздеріне қажетті дәрі-дәрмектерді сатып ала алады. Біз бүгінде Алматы қаласында орналасқан «Бурли» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тікелей жұмыс істеп отырмыз. Бұл компания бірнеше жылдан бері аллергиямен ауыратын адамдарға дәрігерлер тағайындайтын «Антиполлин» дәрісін шығарады. Сондай-ақ науқастың қандай шөптің түрінен аллергия болғандығын анықтайтын диагностикалық аллергендер өндіреді. Айта кету керек, бұл дәрі-дәрмектер елімізде және көрші Ресейде апробациядан өткен, — дейді ол.

Венера Нагиметованың айтуынша, аталған орталық өз емханасынан арнайы жолдама алып келген, «Damu Мed» жүйесінде тіркелген облыстың кез келген тұрғынын қабылдайды. Ал стационарда ем алатындарға қойылатын басты талап — міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылуы керек. Медициналық мекеме жұмыс күндері таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін жұмыс істейді.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде әлемнің дамыған елдері халқының 20 пайызы аллергиямен ауырады. Америка аллергия, демікпе және иммунология академиясы маусымдық поллиноз бүкіл әлемде өте кең таралғанын және әлем халқының 10-30 пайызына әсер ететінін дәлелдеп отыр. Ал көрші Ресейдегі «Сбер Еаптека», «Инвитро» компанияларының мамандары ресейліктердің 80 пайызы дерлік аллергиядан зардап шегетінін анықтады. Атап айтқанда, көктемгі аллергиядан зардап шегетіндердің көрсеткіші — 54 пайыз. Қалалар арасында гүлді өсімдіктерге мұндай реакция әсіресе Мәскеу тұрғындары арасында жиі кездеседі екен. Ал  Денсаулық сақтау министрлігінің берген ресми мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде елімізде аллергиямен ауыратын 14 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр.

Қыста емделудің маңызы неде?

«BatysMed» медициналық орталығының дәрігер-аллергологі Аина Молдашеваның айтуынша, аллергиямен ауыратын науқастардың жыл сайын көбеюі өңіріміздегі

экологиялық ахуал мен тағамдардың сапасына байланысты. Сондай-ақ өндірістегі зиянды заттар да аллергиялық ауруларды өршітеді.

— Өкінішке қарай, қазір әсіресе балалардың арасында тыныс алу жолдары мен маусымдық аллергиямен ауыратындардың саны көбейіп барады. Мысалы, өз тәжірибемнен алып қарасам, дүниеге келгеніне бір апта болған нәресте аллергиямен ауырды. Ата-анасы баланы емдеу үшін дәрігерлердің көмегіне жүгінді.

Жалпы, қазір өңірімізде маусымдық поллинозбен ауыратын тұрғындардың саны көп. Қаңтар айынан бері облыстың аудандарынан, Ақтөбе қаласынан келіп, ем алып жатқандар бар. Олардың көбінің жаз айларында ауруы өрши түседі. Мұның себебі — осы мезгілде әртүрлі шөптер қаулап өсіп, олардан ұшқан тозаңдар ауыз, мұрын қуысы арқылы адамның ағзасына енеді. Сондықтан көп адам осы мезгілде түшкіріп, мұрны, көзі қызарып жүреді, тыныс алуы нашарлап, өкпесі тарылады, денесі ісінеді, тіпті аллергиядан естен танып қалуы да мүмкін. Міне, осыларды ескере отырып, біз аллергиямен ауыратындарға қыс айларында тиянақты түрде ем алуға кеңес береміз, — дейді ол.

Дәрігердің айтуынша, жаңадан ашылған орталықта науқастардың қандай өсімдікке, тағамға аллергиясы бар екендігін анықтайтын арнайы талдаулар жүргізіледі. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалған.

— Қазіргі таңда аллергиясы бар науқастардан қан және тері сынақтарын алып, арнайы схема арқылы иммундық терапия жүргізіп жатырмыз. Күз-қыс айларында емделудің аллергияның алдын алуда көмегі зор. Қазір науқастардың арасында ауруы асқынып, демікпеге шалдыққандар да бар. Олар — уақытында ем алмағандар. Сондықтан аллергиясы бар науқастар ауруды жеңіл түрде өткізу немесе оны болдырмау үшін орталыққа келіп, талдаулар тапсырып, 2-3 ай бойы дәрігер-аллергологтер тағайындаған емді қабылдауға тиіс. Қыста аллергиядан емделудің маңыздылығы сол — бұл мезгілде ауру туғызатын аллергенді тауып, оны өте аз концентрацияда ағзаға енгізіп, иммундық жүйені жаттықтырамыз. Нәтижесінде аллергияның симптомдары басылады, аурудың асқынуына жол берілмейді, — дейді ол.

Аина Молдашева науқастарға тағайындалатын ем әртүрлі екенін айтады. Мысалы, бір науқасқа таблетка ішу ұсынылса, енді біреуге спрей көмектеседі, үшінші адамға вакцина салынады. Бұл жерде тағайындалатын ем науқастың ауруының ауыр-жеңілдігіне байланысты.

  • Жоғарыда атап өткендей, қазір адамдардың көбі дұрыс тамақтанбайды, химиялық қоспасы бар тағамдарды көп қолданады, спортпен шұғылданбайды, соның салдарынан иммундық жүйе төмендейді. Осы орайда дәрігер-аллерголог ретінде ата-аналарға айтар кеңесім: балаларыңыздың иммундық жүйесін күшейту үшін оларға құнарлы, табиғи таза тамақ беріңіздер. Иммунитетті көтеретін дәрумендерді қабылдауына ықпал етіңіздер. Ал аллергияның созылмалы түрімен ауыратын адамдар ауруын асқындырмау үшін көктем-жаз айларында үйден көп шықпай, ауызға бетперде тағып, мұрынды арнайы спрейлермен жуып жүруі керек, — дейді дәрігер-аллерголог.

Қызықты дерек

Белгілі психолог-психосомат Майра Бауыржанқызы адамның мінез-құлқы мен өміріндегі қиындықтар оның аллергиямен ауруына басты себеп болатынын айтады.

— Аллергиямен ауыратындар көбіне тез ренжігіш, күдіктенгіш, мазасыз және эмоционалды болады. Аллергиядан зардап шегетін адамдар өздеріне қатысты сынға ауыр қарайды, оларда қорқыныш пен фобия басым болады. Олар басқалардың пікіріне тәуелді, жалғыздықтан қорқады және көпшіліктің назарында болуды ұнатпайды. Аллергиямен ауыратын науқастар кішкентай қиындықтан үлкен проблема тудыруға бейім болады, — дейді ол.

«Ауырып ем іздегенше…»

Ақтөбе қаласының тұрғыны Диана Бимағанбетова он жылдан бері маусымдық поллиноздан зардап шегеді. Оның ауруы тамыз айында басталып, содан күн суытқанша түшкіріп, тыныс алуда қиындық көреді екен. Ол былтырдан бастап тәжірибелі дәрігер-аллергологтердің бақылауымен қыс айларында ем алып жүргенін айтады.

— Биыл екінші жыл қатарынан қаңтар айынан бастап ем алып жатырмын. Қай кезде де аурудың алдын алған жөн екен. Алайда біз дәрігерге ауруымыз асқынған кезде қараламыз. Сондықтан өзім сияқты маусымдық аллергиядан зардап шегетіндерге айтарым — ауру белгілері байқалған кезден бастап дәрігерге қаралыңыздар. Ауру асқынса, кейін демікпеге ұласады. Ал демікпеден айығу өте қиын, — дейді ол.

Диана биыл үш ай бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Тиісті емін қабылдаған соң  көктем-жаз айларында бетперде тағып, диета ұстап, шаң-тозаң көп аумақтарға шықпауға тырысатынын айтады. Ең бастысы, аурудың асқынуына жол бермеу керек.

Айта кету керек, бүгінде облысымызда аллергияны тудыратын 60-қа жуық шөптің түрі бар екен. Оның ішінде жусанның бес түрі өседі. Ал оларды ешкім шаппайды, орып, жұлмайды. Соның салдарынан тұрғындардың арасында маусымдық поллиноз өршуде. Дәрігерлер осы мәселені жауапты мекемелер мен басшылар қолға алу керектігін айтады. Сондай-ақ аллергологтер аллергиядан зардап шегетін адамдарға уақытымен ем алып, режим сақтауға, күнделікті тұтынатын тағамдардың ішінде аллергияны қоздыратын цитрусты жемістер, көкөністерге шектеу қоюға, өсімдіктерден жасалған дәрі-дәрмек, басқа да заттарды абайлап тұтынуға кеңес береді.

P.S. Биыл наурыз айында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің базасында «Батыс Қазақстан аллергологтер, иммунологтар мен пульмонологтар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өтеді. Осы іс-шара аясында Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларынан жиналған дәрігерлер өзара тәжірибе алмасып,

аурудың алдын алу қағидаттарын одан әрі ілгерілетуге бағытталған өз ұсыныстарын ортаға салады. Оның ішінде аллергиядан құтылудың тиімді жолдары да қарастырылмақ.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button