Денсаулық

Ауырмайтын жол — иммунитетті көтеру

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді дана халқымыз. Сол «ауырмайтын жолдың» ең дұрысы — иммунитетті көтеру. Иммунитет дегеніміз — ағзаның түрлі ауруларға, инфекциялық ауру тудыратын бактериялар мен вирустарға, антигендік қасиеті бар бөгде заттарға қарсы тұруы, былайша айтқанда, иммунитет — ағзамыздың қорғанысы.  

Сәл суыққа өкпесі қабынып, вирусты аурулармен науқастанатындар, тіпті жанынан өткен адам түшкірсе де, ауырып қалатындар иммунитеті әлсіз адамдар тобына жатады. Әсіресе бала иммунитетін қалай көтеруге болады?

Осы орайда М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің №2 жалпы тәжірибелі дәрігер кафедрасының ассистенті, педиатр,  иммунолог Маржан Назарбаевамен бала иммунитетін көтеру, дұрыс тамақтану жөнінде сұхбаттасқан едік…

Иммунитет — ағзаның тіршілік ортасына бейімделу кезінде сол ортадағы зиянды микроорганизмдер, вирустар және олар бөлетін түрлі бүлдіруші қасиеті бар заттарға қарсы тұру қабілеті. Осындай күрес­тің нәтижесінде аса күрделі биологиялық процес­тер басталады. Сөйтіп, организмде қор­ғаныштық қасиет арта түсе­ді, оның түрлі зиянды микро­организмдердің, ви­рус­тар­дың, у­лы заттардың уытын жойып ыдырататын қабілеті күшейеді. Иммунитет түзуге бүкіл организм қатысады, мұнда басқарушы және бағыттаушы — орталық нерв жүйесі. Ауру қоздырушылар немесе вакциналар жүйке жүйесінің ұштары арқылы сарысу гамма-глобулиндерін түзетін тиісті органдарға әсер етеді.

Иммунитеттің екі түрі болады — туа біткен және жүре пайда болған. Туа біткен иммунитет тұқым қуалайды. Ол бала дүниеге келген сәттен бастап қалыптасады. Ол теріден, тыныс алу, асқазан-ішек және зәр шығару жолдарынан тұратын шырышты қабықтан тұрады. Мұның бәрі сіздің балаңыздың ағзасын қорғауға көмектесетін физикалық кедергілерді тудырады. Ал уақыт өте келе пайда болған иммундық жүйе адам ағзасын қорғау кезінде жасушалар (антиденелер) қалыптастыру үшін туа біткен жүйені пайдаланады. Бұл антиденелерді «В-лимфоциттері» деп аталатын жасушалар жасайды. Яғни зиянды аурулардан сақтайтын антидене қалыптасып, адам ағзасы иммундық жүйенің мықтылығынан түрлі ауруларды жеңіп шығады.

Жұқпалы аурулар жайлы сөз қоз­ғағанымызда «Одан қа­лай сақ­танамыз, ауыра қалсақ қалай емделеміз?» деген сұрақ туа­ды. Өз бетімен немесе таныс біреудің кеңесімен ем-дом жүргізетіндер аз емес. Әдет­те кез келген ауруға дәрі қабыл­дай беретін адамдардың имму­нитеті төмен болады. Өйткені анти­биотиктерді ретсіз көп іш­кеннен ішек қызметіне зақым келіп, ішектің ішіндегі ас қоры­ту процесіне қатысатын пай­далы микрооргнизмдерді жо­йып, дисбактериоз болады. Олардың тамақ қорытуы төмендеп, үлкен дәре­ті бұзылады. Өйткені адам­ның иммундық жүйесінің 70 па­йыз­дан аса жасушалары ішекте бо­ла­тыны белгілі.

Десек те антибиотиктер — медицинадағы маңызды жетістіктердің бірі және оны дұрыс қолданған кезде адам өмірін сақтайды. Алайда антибиотиктер вирустарға емес, бактерияларға әсер етеді, сондықтан вирусты ауруларға антибиотикті пайдалануға болмайды.

— Баласы ауырғанның бәрі балалар дәрігерін іздейді. Облыста педиатрлар жеткілікті ме?

— Медицинаның өзге саласынан педиатрияның бас­ты ерекшелігі — балалармен жұмыс істеудің қиынды­ғында. Балалар дәріге­рі болғысы келетіндердің осы мамандыққа ынта-ықыласы болуға тиіс. Баланы жақсы көру керек. Алдына келген бала үшін жаны ауырғанда ғана ол жақсы маман болып қалыптасады. Бір жылдары елімізде жоғары медициналық оқу орындарында педиатриялық факультеттердің жабылуы салдарынан педиатр мамандарының тапшылығы байқалған еді. Қазір бұл факультеттер қайта ашылып, емханалар мен ауруханалар жас мамандармен толығып жатыр. Бұрын балаларға — педиатр, ересектерге терапевт медициналық қызмет көрсететін. Денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерге сай, егер емханада педиатрлар болса, баланы 6 жасқа дейін солар қарайды. Содан кейін жалпы тәжірибелі дәрігерлердің бақылауында болады. Егер учаскелік емханада педиатр болмаса, туғаннан бастап 18 жасқа дейін жалпы тәжірибелі дәрігерлерге көрінеді.

— Балалар арасында қандай аурулар жиі кездеседі? Бала тапсыратын талдаулардың бәрі (анализ) тегін бе?

— Балаларда ең жиі кездесетін аурулар тобы — респираторлы вирусты инфекциялар. Бұл жағдайларда балаларда көбіне тыныс жолдары зақымдалып, мұрынның бітелуі, жөтел, дене қызуының көтерілуі сияқты клиникалық белгілер байқалады. Балада осындай белгілер байқалса, ата-ана өзінің учаскелік дәрігерлерімен тығыз байланыста болып, дер кезінде медициналық көмекке жүгінгені жөн. Егер құндақтағы бала су іше алмаса немесе еме алмаса, дене қызуы түспесе, тынысы жиілесе, қиындаса, тамақ ішкен сайын құсса, құрысу болса,  алақаны мен табандарында сарғаю болса, шұғыл түрде медициналық қызметкерге хабарласу керек. Бала туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі кезеңде қажеттілігіне қарай кез келген талдау түрін ақысыз тапсыра алады. Ол үшін тіркелген медициналық мекемесіне барып, учаскелік дәрігерінен жолдама алса жеткілікті. Егер учаскелік емханаңызда талдаудың қажет түрі жасалмаса, мекеме талдау жасалатын басқа зертханамен келісімшартқа тұрып, жолдама беруге тиісті.

Баласы жиі ауыратын ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

— Иммунитетті қалыптастыру тазалықтан басталады. Қолды жиі жуу ағзаны түрлі вирустар мен бактериядан қорғайды. Ас мәзірінде жеміс-жидек пен көкөністі көбірек пайдалану керек. Баланы таза ауаға жиірек шығарып, шынықтыру қажет. Бала өмірге келгенде оның ағзасында табиғи иммунитеттің қалыптасуына ең алдымен ықпал ететін — ана  сүті. Әсіресе бірінші-екінші күнгі жас уыздың маңызы зор, бұл — баланың кез келген ауруға қарсы тұра алуының бірден-бір кепілі. Ана сүтінің құрамында сәбидің дұрыс өсіп-жетілуіне, орталық жүйке жүйесінің қалыптасуына, зат алмасу қызметіне қатысы бар пайдалы қоректік  заттар жеткілікті. Ана сүті баланы анемия, мешел, гипотрофия (салмақ қоспау) сияқты жиі кездесетін аурулардан сақтайды. Анасының уызына  жарып, ана  сүтін 2 жасқа дейін емген сәбидің денсаулығы, жасанды сүтпен қоректенген балаларға қарағанда анағұрлым мықты болады, жұқпалы аурулармен сирек ауырады, ондай сәбидің ой-өрісі де жоғары болады, мектепте үздік оқиды және олар мейірімді, адамгершілігі мол азамат болып  өседі. Бала бойына, санасына ана сүтімен бірге жақсы қасиеттер де дариды. Ол үшін әр ана өз сәбиін емізгенде, көңілін тек баласына бөліп, мейірленіп, балаға жылы сөздер айтып отыруы керек.

— Балалар қазір түрлі гаджеттерге үңіліп, уақытында тамақ ішпейді. Фаст-фуд жейтіні тағы бар. Баланы дұрыс тамақтандыруға қатысты не айтар едіңіз?

— Күнделікті ас мәзіріне көңіл бөлу қажет. Бүгінде үлкен де, кіші де фаст-фудқа үйір. Ал оның құрамында пайдалы компоненттер өте аз, бұл витамин жетіспеушілігі қаупін күшейтеді. Фаст-фудты көп жеген жағдайда семіздік қаупі де артады, өйткені оның құрамында көмірсулар көп. Сонымен қатар фаст-фудқа дәм, иіс күшейтуге арналған қоспалар көп қосылады, ол аллергиялық дерттерді асқындырады. Сондықтан тұтынушы ас ішерде оның  денсаулыққа қаншалықты әсері барын білуге тиіс, яғни дұрыс таңдау жасағаны жөн. Елімізде органикалық өнімдер өндірісін дамытудың қадамдары жүзеге асырылып жатыр, яғни таңдау бар. Қазір көп ата-ана балаларының тамаққа тәбетінің жоқтығын айтып шағымданады. Оның бір себебі — баланың уақытында тамақ ішпеуі, фаст-фудтарға әуес болуы.

Смартфон ұстау сәбиге өте зиян. Әсіресе гаджеттер баланың жүйке жүйесінің сезімталдығын жоғарылатып, агрессивті етеді. Сондықтан баланы гаджетке тәуелділіктен сақтандырып, оның орнына салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыруды үйретуіміз керек. Таза ауада серуендеп, отбасылық сейілдерді көбірек ұйымдастырған дұрыс. Мысалы, ауыл баласы шаң-топырақта аунап өскендіктен, олардың аурушаңдық деңгейі қала баласына қарағанда төменірек. Сондықтан демалыстарда мүмкіндігінше балаңызды ауылдағы ата-әжесіне жіберуді де ұмытпаған жөн.

Жыл сайын елімізде тұрғындардың денсаулығын жақсартып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Еуропалық иммундау» апталығы өткізіледі.  Балалар туберкулез, қызылша, сіреспе, көкжөтел, полиомиелит, гепатиттің алдын алу үшін міндетті түрде екпе алуға тиіс. Екпе алмаған балалардың басқаларға қарағанда иммунитеті төмен болады. «Еуропалық иммундау» апталығының нәтижесінде екпе алып жатқан адамдардың қатары көбейіп келеді.

— Күз және қыс мезгілінде қандай дәрумендер қабылдаған жөн?

— Күнделікті тұтынып жүрген тағамдарда дәрумендер, минералдар және микроэлементтер бар. Оны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан дәріханаларда сататын витаминдерді қабылдаудың қажеті жоқ. Профилактикалық шара туралы айтатын болсақ, онда денсаулыққа пайдалы өнімдерді қабылдасақ болғаны. Мысалы, жидектер антиоксиданттарға, дәрумендерге, минералдарға және амин қышқылдарына бай. Әсіресе балаларға пайдалы. Ол иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі. Майлы балықтарда бүкіл ағзаға арналған бірінші нөмірлі қабынуға қарсы құрал —  омега-3 майлары, Е дәрумені бар. Жұмыртқа —  ақуыздың көзі және ағзаға кальцийді сіңіруге көмектесетін D дәрумені бар тағамдардың бірі. Сондай-ақ жұмыртқа құрамында темір, А дәрумені және В тобындағы дәрумендердің көп мөлшері кездеседі. Апельсин, киви, қызыл және сары бұрыш, қызылшада С дәрумені бар. Жалпы, қанық түсті жеміс-жидектер антиоксиданттарға бай. Олар микробтармен күреседі. Витаминдер — қарсы көрсеткіштері бар дәрі-дәрмектер.  Олар көптеген жанама әсерлер тудыруы мүмкін, сондықтан оларды дәрігердің нұсқауымен ғана қолдану керек.

— Тұмау Кавасаки синдромын тудыруы мүмкін, сонымен қатар коронавирус инфекциясын жұқтырған балаларда асқынулар туғызады дейді, осы туралы айтып берсеңіз?

— Кавасаки ауруы — себебі толық анықталмаған сирек кездесетін синдром. Негізінен, 5 жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Ол — бүкіл денедегі қан тамырлары қабынатын васкулиттердің бір түрі. Короновирус  жұқтырған балаларда кездескен белгілер Кавасаки ауруының нақ өзі емес. Мұны Кавасаки ауруының симптомдары деуге болады. Яғни уақытша Covid-19 індетімен қабаттасқан мультижүйелік қабыну синдромы. Бұл аурудың белгілері індеттің жеңіл және симптомсыз түріне шалдыққан балаларда байқалып отыр. Кавасакиге ұқсас синдромның нағыз Кавасаки синдромынан айырмашылығы — осы. Ауру дене қызуының көтерілуінен басталады, сол кезде жөтел, ентігу пайда болуы мүмкін. Нақты Кавасакидің ауруына ұқсас белгілердің бірі — бөртпе, тілдің, еріннің қызаруы, алақанның ісінуі. Сондықтан ауруды тым асқындырып алмауы үшін аурудың симптомдары байқалған сәтте бірден дәрігерге қаралу керек.

 Сұхбаттасқан Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button