Денсаулық

Жөргектің пайдасы мен зияны

Бүгінде бір реттік жөргектер аналар үшін таптырмайтын көмекші құралға айналды. Дүкен сөрелерінде ұл мен қыз балаға арналған түрлеріне дейін тұр. Қолдануға ыңғайлы болғанымен, соңғы уақытта ондай жөргектердің баланың денсаулығына тигізетін зияны да жеткілікті екенін естіп жүрміз.

Анық-қанығын дәрігер-уролог, хирург Қайрат Көшекбаевтан сұраған едік.

Сонымен…

Өткен ғасыр жаңалығы

Бір реттік жаялықтарды ХХ ғасырдың соңына таман америкалық Виктор Миллз ойлап тапқан. Химиялық технологиялар саласында 35 жыл жұмыс істеп, тапқырлығымен атағы шыққан өнертапқышқа зейнетке шыққан соң жалғыз қызынан туған жиенін бағуға тура келеді. Бала бағу тек оның тамағын берумен ғана шектелмейтіні белгілі. Сәбидің  жаялықтарын  қайта-қайта жуып, оны кептіру керек. Жаялық жуудан шаршаған Миллз өзін бұл қиындықтан құтқарудың жолын іздейді. Ол жумайтын бір реттік жаялық табу туралы ойлайды. Ақыры ол әлемде алғаш рет дәретті бойына сіңіріп алатын жаялық ойлап тауып, сынақтан өткізеді. Зерттеу жұмыстары бірнеше жылға созылады. Туындысын бірнеше мəрте сараптамадан өткізіп болғасын, P&G компаниясы Pampers-ті 1961 жылы нарыққа шығарады.

Алайда бір реттік жөргектерді кигізу туралы ұсыныс  ата-аналарға ұнай қоймаған. Сондықтан алғашқы жылдары оны көп ешкім пайдаланбапты. Кейін Миллз өнімнің сапасын жақсарту жолында ұзақ еңбек етеді. Нәтижесінде ол көздеген мақсатына қол жеткізді.

«Інім, саған айтам, келінім, сен тыңда…»

Бір реттік жөргектердің қарапайым жаялықтардан біршама артықшылығы бар. Алайда дәрігерлер қауымы оны шамадан тыс пайдалану баланың алдағы өмірінде орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екендігін айтады.

Талбесікте өскен ата-бабаларымыз белсіздік дегенді білмеген. Олар ішкиімнің кең түрін киген. Соның арқасында өмірге Алпысбай,Жетпісбай,Сексенбайлар келді. Қазір жастардың көбі ауа өткізбейтін ішкиімдер киеді. Бұл — зиян. Осының салдарынан ер адамдар арасында белсіздік аурулары көбейіп кетті. Алла Тағала ер адамның екі ұмасын денеден тыс жаратқан. Оның ішіндегі екі жұмыртқаның өмір сүру температурасы — 34-35 градус, одан артық қызбауы керек. Кейде бір жұмыртқасы түспей туатын нәрестелер болады. Ондай жағдайда бала үш жасқа толғанша ота жасап, жұмыртқасын қалтасына түсіруге тырысамыз. Егер ота уақтылы жасалмаса, жұмыртқа денедегі 36 градус ыстыққа күйіп, ер адам өмір бойы ұрпақсыз қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, кейде осындай жағдайды қолдан жасап аламыз. Мәселен, бүгінде көптеген ана баласына бір реттік жөргектерді кигізіп қояды да, шаруасын істеп жүре береді. Денеге жабысып тұрған жөргек ешқандай ауа өтпеген соң 36-37 градусқа дейінкөтеріледі. Бұл баланың жұмыртқа қалтасына зиянын тигізеді. Бүгінде ересек балалар арасында ұйықтап жатып, кіші дәретін жіберіп қоятындар жиі кездеседі. Солардың көбі — бала кезінде ауа өткізбейтін жөргекті шамадан тыс пайдаланғандар.

Жоғарыда айтып өткенімдей, ер баланың мүшесінің ұшы мен ен қалтасының қалыпты температурасы болады. Жас бала кіші дәретін жіберген мезетте, әлгі табиғи температура бірден жоғарылайды.Аздан кейін жөргекке сіңген зәр қайтадан тастай болып суиды.Осындай қысқа аралықта бір күйден екінші күйге алмасқан температура аталық бездің дамуын шектейді. Нақтырақ айтқанда,табиғи қуатын жойып жібереді.Бұндай жағдай қыз балаға да тән. Аналық бездің дамуына кері әсерін тигізеді. АҚШ және Еуропа елдерінде озық ойлы дәрігерлер бір реттік жөргектерді қолдануға қарсы неше түрлі акциялар ұйымдастырып, халықты жайлы жаялықтан бас тартуға үндеп жатқандығының себебі осы, — деген дәрігер сәбиді 1 жас 6 ай толған уақыттан бастап түбекке отырғызып үйрету керектігін айтты.

Себебіне үңілсек, бір реттік жөргек киіп ержеткен бала қай кезде, қай жерде, қандай күйде болғанына қарамастан (ұйықтап жатып та), дәретін жіберіп қоя береді екен.Өйткені онда дәретін уақыт пен орынға қарай реттеп, ұстап жүру қабілеті жойылған. Яғни рефлексі әлсіз немесе қалыптаспай қалған. Сәби кезінде орнықпай қалған рефлекстің зардабын адам есейгенде тартатын көрінеді.

— Біз қабылдауымызға келген ата-аналарға міндетті түрде бір реттік жөргектердің зияны туралы ескертеміз. Бірақ одан бас тартып жатқандар шамалы. Сондықтан ондай жөргектерді балалар далаға шыққанда немесе қонаққа барғанда ғана пайдалануға кеңес береміз. Онда да қандай қымбат жөргек болса да, баланың денесінде 2 сағаттан артық ұстауға болмайтынын айтамыз. Ал жөргекті шешкеннен кейін міндетті түрде баланың терісін демалту керек. Қазір жөргек пен жаялықтың неше түрі бар. Сатып алатын кезде жақсылап қарап алу қажет.

Кей жөргектердің ішкі бетінде арнайы алоэ бальзамының сызықшалары болады. Жөргек бала терісіне тиген кезде оған бальзам сіңіп, сенімді қорғаныс жасайды. Терінің тітіркенуіне жол бермейді. Бальзам, негізінен, вазелин мен ацетил спирті  және басқа да қосымша заттардан тұрады. Бұл — бала үшін мүлде зиянсыз, — деді ол.

«…бесік көргенді ал»

Әңгіме барысында Қайрат Көшекбаев ата-аналарға баланы дүниеге келген сәтінен бастап бесікке салуға кеңес беріп, оның бірқатар артықшылықтарына тоқталды.

Әкем марқұм аталарымыз бесікті талдан жасағанын, оның қасиетті екенін үнемі айтып отыратын. Өздері бесікке жатып өскенімен, балаларын бесікке бөлеуді үлкен жұмыс санайтын қарындастарымыз бар.Дәрігер ретінде баланы бесікке жатқызудың бірнеше оң тұстарын айта кетейін. Біріншіден, аяқ-қолы ербеңдеп жатқан баланың ұйқысы тыныш болмайды. Ал ұйқысы қанбаған бала мазасыз болады. Ол анасының психикасына әсерін тигізеді. Екіншіден, бесікке жатып үйренбеген бала өскенде сабырсыз болады. Ал анасының әлдиімен бесікте тербетіліп өскен бала ақылды, зерек болып қалыптасады.Тербеген сайын нәрестенің мишығы жетіліп, өскенде тепе-теңдікді  ұстауға үйренеді, тербелістер кезінде жүрегі айнып құспайтын болады.Сондай-ақ бесікте жатқан сәби таза болады. Бесіктің басқа нәрседен ең басты артықшылығы — онда ешқандай химиялық қоспа жоқ, — деді дәрігер.

P.S «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бір реттік жөргектердің пайдасымен қатар, зияны туралы да бөліскенді жөн көрдік. Дәрігермен сұхбатқа дейін өзіміз де біраз ізденген едік. Бір реттік жөргектің әбден шіріп, ыдырауы үшін 200 жыл уақыт керектігін айтыпты мамандар. Экологияның жағдайы басты мәселердің қатарында тұрған қоғамға бұл, әрине, тиімсіз. Жоғарыда дәрігер бір жөргекті баланың денесінде екі сағаттан артық ұстамау қажеттігін айтты. Біздің өңірде мұндай жөргектердің біреуінің орташа бағасы 150 теңгеден басталады. Күніне кемінде жөргектің екеуін пайдаланғанның өзінде, бір айда отбасылық бюджетке келетін шығын көлемін есептеу аса қиын емес. Дегенмен бала денсаулығы ақшадан да маңызды екенін ұмытпайық.

 А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button