Білім

Талаптар өзгерді

Қосымша білім беру

Мемлекеттік тапсырыс талаптары өзгертілді. Соған байланысты 7 бағыт, 130 үйірме бекітілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде  өткен брифингте айтылды. Шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова қатысты.

2021 жылы балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институты енгізілген-ді. Нақтырақ айтқанда, жергілікті атқарушы органдардың балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысын орналастыру нормасы ҚР «Білім туралы» Заңына енгізілген толықтыруларға сәйкес заңды түрде бекітілді.

Өткен жылы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығына толықтыру енгізіліп, мемлекеттік тапсырыс талаптары өзгертілді. Соған байланысты 7 бағыт, 130 үйірме бекітілді. Тізімге сәйкес білім бағытынан спорттық және шығармашылық үйірмелер алынып тасталды, — деді Нұргүл Лескенқызы.

Былтыр 6 бағыт бойынша 32 үйірмеге 6000 бала (+1000 орынға артты) қабылданды. Бұл мақсатта 648 млн теңге бөлінді.

Қазірдемемлекеттік тапсырыс орналастыруға арналған «ОдоАқтөбе» платформасы жетілдіріліп, үш бағытта жұмыс жасауға бейімделді. Бұл платформаға  «DARABALA.KZ» атауы берілді.

Портал арқылы құжаттарды қабылдау процесі автоматтандырылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында біраз жұмыс жасалды. Бұл іс нәтижелі болды.Яғни ашықтық, қызметтің қолжетімділігі, тұрақты бақылауға мүмкіндік жасалды.

Порталдың қолжетімділігін арттыру мақсатында ата-анаға мобильді телефон арқылы электронды сандық қолтаңбаны қолданып, тіркелу мүмкіндігі іске қосылды. Табельдердің ашықтығын сақтау мақсатында ата-аналарға табельді электронды сандық қолтаңба арқылы телефонмен растау функциясы енгізілді. Бүгінде 200-ден астам ата-ана жаңа функцияны пайдаланды, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Жүйені іске қосқаннан кейін нормативтік құжаттарға енгізілген өзгерістер, жүйенің ерекшеліктері туралы қызмет көрсетуші жеке кәсіпкерлерге 5 рет түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. Саll-орталық іске қосылды, жүйеде «Сұрақ-жауап» кері байланыс айдары ашылды.

Балаларға қосымша білім берудің сапасын бақылау, зерделеу мақсатында қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған ұйымдарға жылына бір рет жоспарлы мониторинг жүргізілетін болады. Жоспарлы мониторингке жергілікті атқарушы органдардың, білім басқармасының, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің және өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері тартылады. Облыстық білім басқармасы тарапынан порталда жұмыс жасау бойынша барлық әрекеттер бақыланып отырады, — деді Нұргүл Лескенқызы.

Қазірде биыл орналастырылатын мемлекеттік тапсырыс бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл да 6000 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылатын болады. Әр аудан бойынша орын саны белгілі. 3-9 қаңтар аралығында балаларға қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдардан мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға өтініштер https://darabala.kz платформасында қабылданды. Әрі қарай №381 бұйрық талаптарына сәйкес ұйымдарды іріктеу жұмыстары жүргізілетін болады.

           Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button