Білім

Ұстаз тағылымы

Құрмет

Зура Құдайберген Ақтөбе қаласындағы №6 тұңғыш қазақ мектебінің ашылуына мұрындық болды.Ол ұзақ жыл осы білім шаңырағында басшылық қызметті абыроймен атқарды. Оның мемлекеттік тілде білім беретін мектепті ашуға деген жанкешті еңбегін бүгінде көпшілік біле бермейді. «Облыс орталығында қазақ мектебі ашылуға тиіс» деп мектебінің құжаттарын арқалап, атқарушы билік өкілдеріне тыным бермеген Зура Ықсанғалиқызы Кеңес Одағы коммунистік партиясы қалалық кеңесінің саяси бюросында «ұлтшыл»деп сыналды да. Дегенмен ұлтын шексіз сүйетін, қайсар рухты, өр мінезді қазақ қызы ақыры мақсатына жетті. Тәуелсіздік таңы атар тұста, 1991 жылы 1 тамызда 64 жылдық тарихы бар орыс, кейін аралас мектеп статусын алған білім ордасының қазақ мектебі атануына ықпал етті.

 Ұлт мүддесі және келешек қамы

Зура Ықсанғалиқызына Кеңес Одағы тұсында сонша жылдық тарихы бар мектепті қазақ мектебіне айналдыру ісі әрине оңай болған жоқ.1977 жылы сәуір айында орыс мектебінің директоры қызметіне тағайындалысымен ол іле-шала кеңестік идеология ұстанымдарына қарсы әрекет жасай бастады. Алдымен мектептің статусын өзгертуге күш салды. Бұл ісі нәтижелі болды. Ол кезде баласын қазақ мектебіне беруге ықыласты ата-ана көп болған жоқ-тын. Сол себепті үгіт-насихат жұмысын жүргізуге тура келді. Өзі бас болып, педагогтерді жұмылдырып, үй-үйді аралап жүріп,қазақ сыныптарын ашуға бала жинады.Сөйтіп,арада бір-ақ жыл өткенде білім шаңырағы мәртебесін өзгертіп,аралас мектеп атанды. Бұдан кейін Зура Ықсанғалиқызы жарты ғасыр бойы орыс мектебі болған білім ордасын қазақыландыру процесіне білек сыбана кірісті.Ендігі мақсат — қазақ сыныптарының санын арттырып, орыс сыныптарын біртіндеп қысқарту болды.Ұзақ болса да тура жол осы еді. Бұл жолда ол талай ауыртпалықты көтерді, талай қиындықпен күресті. Табандылығының, өжеттігінің, батылдығының арқасында тура 13 жылдан кейін басты мақсат орындалып, ұлт мүддесі жолындағы еңбегі жемісті болды.1927 жылы іргетасы қаланған орыс мектебі ел егемендігін алмастан бұрын, 1991 жылы 1 тамызда қазақ мектебі атанды. Сөйтіп,бұл күн тарихта қалып, Ақтөбе қаласының жылнамасында №6 тұңғыш қазақ мектебінің ашылған күні болып жазылды.

Ұлттық рух және ұрпақ тәрбиесі

1990 жылы қазіргі Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен республика бойынша «Елім-ай» бағдарламасы қолға алынды. Басты мақсат — жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Кейіпкеріміз Зура Құдайберген «Елім-ай» әдістемелік орталығының Ақтөбе қаласы бойынша директоры болып тағайындалды. Тынымсыз ізденістің, қажырлы еңбектің жемісі — «Өнер әліппесі» әдістемелік құралында жарыққа шықты. Зура Құдайберген бастаған авторлар тобы әзірлеген аталған еңбек министрлік тарапынан үлкен қолдауға ие болып, білім шаңырақтарына іс-тәжірибесі таратылды.

Бұл туралы Зура Ықсанғалиқызымен біраз жыл бірге еңбекеткен Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Дина Мұханбедиярова былай дейді:

1991 жылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған облыстық семинар өтті. Ол кезде Шалқар ауданында жұмыс жасайтынмын. Ауқымды шара №6 мектептегі Зура Ықсанғалиқызы жетекшілік ететін «Елім-ай» әдістемелік орталығында ұйымдастырылды. Шара барысында Зура апай бастауыш сыныптардағы ән, еңбекке баулу пәндерін ұлттық салт-дәстүрмен байланыстырып, кіріктірілген сабақ өткізіп, облыс педагогтеріне өзінің іс-тәжірибесін бөлісті.

Жалпы «Елім-ай» бағдарламасының мақсат-міндеті— бастауыш сынып оқушыларына ұлттық рухта тәрбие беру. Ұлттық құндылықтарға негізделген республикалық білім беру бағдарламасы жемісті болды. 1998 жылы бірнеше жылғы эксперименттік жұмыстың қорытындысы ретінде Зура Құдайберген бастаған авторлық топ үш бөлімнен тұратын «Өнер әліппесі» оқулығын әзірледі. Бұл сол кездегі Мәдениет министрлігіне қарасты мәдениет мәселелері жөніндегі республикалық ғылыми орталықтың жоғары бағасына ие болады. Сондай-ақ оқулық қазіргі Оқу-ағарту министрлігі тарапынан да үлкен қолдау тауып, білім шаңырақтарына пән ретінде енгізіледі. Оқулықтың баспадан жарық көруіне қаражат қарастырылады, — дейді Дина Базарбайқызы. Оның айтуынша, 1993 жылы Зура Құдайбергеннің ұйытқы болуымен №6 мектепте «Алтын қазына»мұражайын ашылады.Білім ордасында бұл мұражайдың ізі әліде бар.

Ата-әже өнегесі

Зура Құдайберген 1934 жылы 1 наурызда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, әкесі Ықсанғали майданға аттанады. Соғысқа аттанар алдында әкесі анасы Шолпан екеуін Ресейдің Орынбор облысы Ақбұлақ ауданында тұратын нағашы ата-әжесіне аманаттап кетеді. Сол кеткеннен әкесі қан майданнан оралмапты…

Кішкентай Зура Тұзтөөбе қаласындағы №2 мектепте білім алады. Сонда 7-сыныпқа дейін оқып, 1950 жылы Ақбұлақтағы педагогикалық училищеге (орыс тілі мен әдебиеті мамандығы) қабылданады. Училищені тәмамдаған соң Орынбор білім жетілдіру институтында мамандығына байланысты арнайы бір жылдық курста оқиды. Еңбек жолын Орынбордың Таман-өткел селосындағы мектептен бастайды. Аталған білім шаңырағында қарапайым мұғалімнен бастап мектеп директоры лауазымына дейін өскен. 1962 жылы Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітіреді. 1971 жылы анасының денсаулығына байланысты туған жері Ақтөбе қаласына көшіп келеді. 1971 жылы №100 геологтар кәсіби училищесінде үш ай тәрбиеші міндетін атқарып, сол жылы қазан айында облыстық білім бөлімінің бұйрығымен қазіргі М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінде директордың тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болып тағайындалған. Бұл білім ордасында 1977 жылға дейін орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Сол жылы сәуір айында облыстық білім бөлімінің бұйрығымен Ақтөбе қаласындағы Е.Ворошилов атындағы №6 мектептің (қазіргі Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназия) директоры қызметіне тағайындалды.

Зура Ықсанғалиқызымен бірге қазақ мектептерінің қарашаңырағына айналған Ғұбайдоллла Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназияда он жылға жуық жұмыс жасадым. Отбасымызбен араласамыз.

Зура апай нағашы ата-әжесінің тәрбиесінде болды. Шетте жүрсе де, ол кісілер қазақтың салт-дәстүрін ұмытпаған, кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған кезінде де бес уақыт намазын үзбей оқитын болыпты. Осылайша ата-әженің өнегелі тәрбиесі Зура Ықсанғалиқызының рухы мықты, ұлтжанды тұлға болып қалыптасуына ықпал етті. Кеңес Одағы тұсындағы Зура Құдайбергеннің тұңғыш қазақ мектебін ашудағы өлшеусіз еңбегі — ерлікпен пара-пар. 

Зура Құдайберген мектеп директоры болған жылдары мектептің білім сапасы жоғары болып, қалалық, облыстық деңгейде семинарлар ұйымдастырылды. Сонымен қатар тәжірибелі басшы ретінде мектеп директорларына өзінің ұзақ жылғы басқару тәжірибесі негізінде үлгі болатындай дәрістер оқып, тренингтер өткізді. Зура Ықсанғалиқызы — нағыз ұстаз бола білген жан. Еліміздің әр өңірінде, тіпті көршілес Ресейде де оның шәкірттері өте көп.   

Зура Ықсанғалиқызы Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Зейнетке шыққаннан кейін облыстық білім жетілдіру институтында дәріс оқыды. Облысты басқарған қай әкім болсын кәсіби мереке  қарсаңында міндетті түрде Зура Ықсанғалиқызына құрмет көрсетеді. Мұның өзі ұстазымыздың мықтылығы деп білеміз. Күні кеше ғана оқу-ағарту ісінің үздігі, ардагер-педагогке «Облыстың құрметті азаматы» төсбелгісі табыс етілді, — дейді Дина Базарбайқызы.

P.S. Зура Құдайберген туралы бір үзік сыр — осы. Облыс орталығындағы тұңғыш қазақ мектебін ашуға өлшеусіз үлес қосқан Зура Құдайбергеннің еңбегі, расында, қандай құрметке де лайық.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button