Білім

Шәкірттерімен жалғасқан ғұмыр

Ұстаз

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр — мұғалімдікі». Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың өткен ғасырда айтқан бұл қанатты сөзі қанша уақыт өтсе деөз құндылығын жоғалтқан жоқ. Оқу-ағарту саласында 37 жыл еңбек еткен Мариямкүл Байрахметова— өмірден өткенімен, келер ұрпаққа із қалдыра білген ұлағатты ұстаз. 

Мариямкүл Зейноллақызы отыз жылға жуық үздіксіз ұстаздық еткен білім ордасы — Темір ауданындағы №3 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінде 2022 жылдың 15 желтоқсанында осы ұстаздың атындағы математика кабинеті ашылған болатын. Былтыр 9-сынып оқушылары арасында аудандық математика олимпиадасы өткізіліп, апайдың балаларының демеушілігімен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар да тапсырылған.

Жас ұрпақты тәрбиелеудегі осы игі іс-шара өз жалғасын тауып, дәстүргеайналды. Биыл да ұлағатты ұстаздың туған күні қарсаңында мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен 9-сынып оқушылары арасында математика пәнінен ұстаз Мариямкүл Байрахметова атындағы кезекті аудандық олимпиада өтті. Мақсат — дарынды оқушыларды қолдау, ауыл балаларының арасынанматематика пәні бойынша қабілетті балаларды анықтау.

Олимпиаданың ашылуына атқарушы билік өкілдері, ұстаздың үлкен ұлы, қаржыгер Ерлан Сейілов қатысты. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дегендей, Мариямкүл Зейноллақызының шәкірті — Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі, зейнеткер Ақылбек Нұрғалиев олимпиада жеңімпаздарына өз тарапынан демеушілік жасаса, тағы бір оқушысы — Шұбарқұдық гимназиясының директоры Болатбек Иманғалиев Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің профессорлары құрамы жетекшілігімен математикалық олимпиада тапсырмаларын әзірлеуді ұйымдастырды.

I орынға ие болған Ә.Молдағұлова негізгі мектебінің оқушысы Ерболат Жантөреге  ноутбук табысталса, II орын иемденген №4 Шұбарқұдық орта мектебінің оқушысы Ақмарал Жанатқа ұялы телефон, ал III орын иегерлері шұбаршилік оқушы Нұрсәуле Сейілова мен Абай атындағы мектептің оқушысы Саян Балағұлға сымсыз құлаққаптар берілді.

Жас ұрпақты саналы да сапалы ой еңбегіне тәрбиелеуде математиканың орны әркез ерекше. Жаңа буын тәрбиелеу жолындағы игі істерге әрқашанда сәттілік тілеп, Темір ауданы білім бөліміне, №3 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебі әкімшілігі мен педагогикалық ұжымына алғыс білдіреміз.

Айнаш ОСПАҒАМБЕТОВА,

Шұбарши жалпы орта білім беретін мектебінің директоры.

Темір ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button