Тарих

Жүректегі желтоқсан

Талғат Жұбаев Шалқар ауданында туған. Ол — Желтоқсан оқиғасын өз көзімен көрген әрі нақақтан-нақақ таяқ жеп, жазықсыз қамалғандардың бірі. «Жаныма бататыны — азаматтық жауапсыздық пен саяси таяздық көрсеткен нашақор, бұзық жастар жауапқа тартылып жатыр деген жалған қауесеттің тарағаны. Бұл жалпы қазақ жастарына деген қиянат, жазықсыз тағылған жала деп есептеймін. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, таяқ жеп, жазықсыз қамалсам да, ешқашан өкінбеймін, керісінше, мұны тәуелсіздігімізге қол жеткізуге, демократиялық мемлекет болуымызға қосқан үлесім деп санаймын», — дейді ол төмендегі естелігінде.

1986 жылы Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы институтының жоспарлау-экономика факультетінде 2-курста оқитынмын. 16 желтоқсан күні «Орталық аппаратта өзгеріс болып жатыр. Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығына Мәскеуден басқа адамды тағайындапты, соған байланысты орталық алаңда жастар жиналып жатыр екен» деген хабарды естідік. Үш жігіт (Ұзынағаштан Ерболат Молдақұлов, Бақанастан Жанарбек Жұмабеков) түскі астан соң жатақханадан шығып алаңға бардық. Алаңда адам аз еді, әр жерде топ-топ болып тұрғандар болды. Кешқұрым адам саны бір мезетте көбейіп, біз кейін қарай шыға алмай қалдық. Шыға алмағанымыз сол — алғы шепте болдық. Артымыздан қалың көпшілік итермелеп келеді. Адамның көптігінен жерге түсіп кеткен баскиімімді де алуға мүмкіндік болмады. «Итермеңдер, тыныштық сақтаңдар» деп тұрған кезім суретке түсіп қалыпты. Сол сурет бүгінде Желтоқсан оқиғасының символына айналғандай. Жиналған жастар «Менің Қазақстаным», «Атамекен» әндерін оқтын-оқтын шырқап тұрды. Алдымызда мұздай киінген, түрлері сұсты, қолдарына қалқан ұстаған еңгезердей солдаттар тұрды. Одан әрірек тұрған трибунадан зиялы қауым өкілдері шығып, жастардың қайтуын сұрады. Әсіресе Роза Бағланова апамыздың жылап тұрып: «Қарақтарым, босқа қырылып қаласыңдар, тараңдар!» — дегені есімде қалыпты. Жиналғандардың бірден-бір талабы — «Ұлттың тағдырын осылай шеше салатындай қандай жағдай болды? Қонаевтың өзі шығып айтсын, өз аузынан естиміз» дегені еді. Сол оқиғада «Демократия қайда?» деген сөз бірінші рет өз мағынасында айтылды. Бірақ Қонаевты көрмедік, жастардың талап-тілектеріне ешкім құлақ аспады. Бейбіт шеруге шыққан жастарды әскерилердің кеш бата қарумен ұрып, итке талататынын күтпеген едік. Бір мезгілде, сағат түнгі онның шамасы болу керек, әскерилер атой салып, бейбіт тұрған жастарды ұрып-соғып, салқын су шашып, есінен танып қалғанын сүйреп, автокөліктерге тией бастады. Су шашқан кезде жиналған халық абдырап, жанжаққа қаша бастады. Қашып келе жатып, стадионның тік, биік жарына өрмелеп кеткенім, жанымнан су машинасы өте шыққаны әлі есімде. Ал қаша алмай, не сүрініп, не бастарына тиген соққыдан естерінен танып құлаған жастарды, топтан бөлініп қалғандарды шетінен сүйреп әкетті.

Өмірдерек

1963 жылы 7 тамызда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы қазіргі Есет батыр ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Есет батыр ауылындағы Сарыбұлақ орталау мектебін, 1980 жылы Қорғантұз орта мектебін бітірген. 1982-1984 жылдары Венгрия мемлекетіндегі Оңтүстік әскери құрамында Отан қорғау қызметін абыроймен атқарып, 1984 жылы Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтының жоспарлау-экономика факультетіне оқуға түсті. 1988 жылы аталған институтты тәмамдап, жолдамамен Ақтөбе облысы Темір ауданында қызметке кірісті. 1988-1997 жылдары Темір аудандық өндірістік-техникалық мекемесінде экономист, аудандық комсомол комитетінде «Жалын» жастар орталығының директоры, аудандық салық инспекциясында бас инспектор, бөлім бастығы, аудандық әкімдікте жоспарлау бөлімінің бастығы, ауданаралық салық полициясының бастығы қызметтерін атқарды. 1997-2005 жылдары Ақтөбе облыстық салық комитетінде бас инспектор, бөлім бастығы, басқарма басшысы қызметтерінде болды. 2000 жылы Қаржы министрлігінің «Салық саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2004-2005 жылдары негізгі жұмыстан қол үзбей, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті қаржы кафедрасының аға оқытушысы болып істеді. 2005 жылы Қаржы министрлігінің Салық комитетіне қызмет ауыстыру тәртібімен жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін талдау бөлімінің бастығы болып ауысты. 2007-2014 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінде бас инспектор, қаржы, ұйымдастыру-құқықтық басқармасы басшысы қызметтерін атқарды. 2014 жылдан бері Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы жүйесінде қызмет атқарады. 2022 жылдан бері ҚР Президенті Іс Басқармасының Ресей Федерациясы Ессентуки қаласындағы «Қазақстан» шипажайы директорының экономика мәселелері жөніндегі орынбасары.

 

Құдай сақтап, содан жаяулап-жалпылап, терден, судан жартылай қатқан киімімізбен жатақханамызға жеттік-ау. Жатақханада қайта-қайта жиналыс жасалды, ұйқы жоқ, содан таңға дейін ерікті халық жасағы құрамында көше аралауға шықтық. Сөйтіп, оқып жаттық. Келесі жылы ақпан айында, сессияның алдында сабақ кезінде хатшы қыз аудиторияға кіріп: «Жұбаев, Молдақұлов, Жұмабеков, деканатқа дереу шақырып жатыр», — деп шығып кетті. Ойымызда ештеңе жоқ, деканатқа барсақ, құқық қорғау органдарының өкілдері біздің сол суретімізді көрсетті де, қалалық ішкі істер басқармасына келуімізді талап етті. Сөйтсек, сол күні бізді Орталық партия комитеті ғимаратының төбесінен суретке түсіріп тұрған екен. Содан ішкі істер басқармасына келдік. Мұндағы жағдай адам түршігерлік: қисайып отырған, жерде сұлап жатқан жастар, кейбіреуінің үстінен аттап өтуге тура келді. Үшеумізден бір аптадай бөлек-бөлек жауап алды, қорқытты, үркітті. Біз онда кездейсоқ болғанымызды айтып: «қалай алғы шепте қалғанымызды байқамай қалдық, кейін шығуға, қайтып кетуге мүмкіндік болмады», — деп ақталғандай болдық. Не керек, тергеуден соң кеңестік аудандық халық соты үшеумізді 30 күнге соттады әрі сол 30 күнді үшеуің бөліп алыңдар деді. Сөйтіп, үшеумізді 10 күннен Лобачевский деген көшедегі маскүнемдерді қамайтын еріксіз емдеу-сауықтыру мекемесіне әкеліп тықты. Бос жатқызбай, Ташкент көшесіндегі Поршень зауытында күні-бойы жұмыс жасатты. Он күн отырып шыққан соң институтқа келсек, студенттер жоқ, бәрі қысқы каникулға кеткен. Ауыл-ел, әке-шеше, тума-туыс барлығының үрейі — оқудан шығарып тастайды-ау деген күдік. Оны іштей сезіп жүрдім. Хабарласып: «Бәрі дұрыс болады, мен кінәлі емеспін», — деп жұбаттым. Мәселеміз институттың комсомол комитетінде қаралды. Мектепте оқығанда, кейін институтта қоғам белсенділерінің бірі болғанымды мақтанышпен айтуыма болады. Комитеттің қабырға газеті шығып тұратын, мен соның редакторы болатынмын. Сол белсенділігімнің көмегі тиіп, үшеумізді де институттан шығарған жоқ. Әрі қарай оқуымызды жалғастырып, кейін абыроймен бітіріп, бүгінде дипломымыздың жемісін көріп келеміз. Тек жанымызға батқаны — азаматтық жауапсыздық пен саяси таяздық көрсеткен нашақор, бұзық жастар жауапқа тартылып жатыр деген жалған қауесеттің тарағаны. Бұл — жалпы қазақ жастарына деген қиянат, жазықсыз тағылған жала деп есептеймін. Тағы бір қынжылатыным — 36 жылдан асса да, желтоқсан көтерілісінің нақты бағасын ала алмай отырғаны. Қазіргі кезде сол кездегі жазықсыз тағайындаған сот, ішкі істер органдарындағы құжаттарымызды алу үшін Алматы қаласы мемлекеттік архивіне өтініш жазғанбыз, құжатымызды таба алмады. Енді сот, прокуратура, ішкі істер органдарының ведомстволық архивтеріне жазуымыз керек болып тұр. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, таяқ жеп, жазықсыз қамалсам да, ешқашан өкінбеймін, керісінше, өзімді тәуелсіздігімізге қол жеткізуге, демократиялық мемлекет болуымызға қосқан аз да болса үлесім деп санаймын. Ақтөбеде «Желтоқсан алауы» қоғамдық бірлестігін құрып, осы шараларға мұрындық болып жүрген жерлес азаматтарға, Ақтөбе облыстық, қалалық әкімдік, облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлеріне, жалпы белсенді, зиялы қауымға алғысымды білдіремін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын!

Талғат ЖҰБАЕВ,

Астана қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button