Ауыл

Венераның дәмді тұшпарасы

Қарғалы ауданының тұрғыны Венера Мыңжасарова «Ауыл аманаты» жобасы аясында шағын тұшпара цехын ашты. Ол осы жылы мемлекеттен жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен несие алып, жартылай дайын өнімдер жасау кәсібін бастаған.

Цехтың ашылу салтанатына Бадамша ауылдық округінің әкімі Ернар Дабылдин және ауыл тұрғындары қатысып, кәсіпкердің бастамасына сәттілік тіледі.

Цехты ашпастан бұрын қалай болар екен деп қобалжығаным рас. Бірақ  ауылдастарым қызу қолдау көрсетті. Цехта тұшпара тек қана таза еттен жасалады. Артық дәмдеуіштер қосылмайды. Бұрын жартылай дайын өнімдерді үйден жасап, тапсырыс қабылдайтынмын. Алдағы уақытта тұшпара әзірлейтін қондырғы сатып алып, өнімдерді аудан орталығына шығаруды көздеп отырмын, — дейді кәсіпкер.

Қазір Венераның өнімдері тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Бүгінде кәсіпкер тұшпара, манты, жайма, самса және тағы басқа дайын өнімдерді әзірлейді.

Бастаған ісімізді әрі қарай дамытқымыз келеді. Дайындаған өнімдерді көпшілікке ұсынудың өзіндік тәсілдері де бар екен. Оны арнайы курстарға қатысу арқылы үйрендім. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, үлкен цех ашқым келеді. Қазір Бадамшадағы «Көмек», «Ақжайық», «Кристалл» дүкендеріне өнімдерімізді қолжетімді бағамен өткіземіз. Етті ауылдан жіліктеме етіп сатып аламын. Өнімдерімді жоғары сапалы ұннан жасаймын, — дейді ол.

 Жұлдыз КЕНЖЕ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button