Ауыл

Бүгінгі ауылдың мұңы…

Алға ауданының Сарықобда ауылдық округіне қарасты елді мекендер бүгінде көгілдір отынмен, орталық су жүйесімен, электр желісімен қамтылған. Дегенмен толғауы тоқсан тіршілікте түйіні тарқамаған мәселелер де бар. Солардың бірі — көпшіліктің әсіресе жас буынның мал шаруашылығы саласында жұмыс жасауға құлықсыздығы.

Алыстағы ауыл тұрғындары үшін күнкөріс көзі, негізгінен, мал шаруашылығы.Ауылдық округке қарасты бірқатар шаруа қожалықтарының басшыларыжастардың жұмыс жасағысы, соның ішінде әсіресе малдың айналасында жүргісі келмейтініне алаңдайды. «Етін, майын, құртын тұтынғанда жақсы, ал бағып-баптауға енжар, жалқаулық танытады» — дейді олар.

Дегенмен бұған басты кінәлі — жастар емес, олардың ата-аналары, орта буын өкілдері. Қазіргі ата-аналар балаларын еңбекке тартпайды, жастайынан ыстық-суыққа төзуге, жұмыстан қашпауға үйретпейді.

Кеңес уақытында балаларкеңшарда, ұжымшарда жұмыс істейтін ата-аналарына көмектесіп, шаруаға араласып өсетін. Механизатордың баласы техниканың тілін біліп өссе, егістікте еңбектенетін диқанның баласы жерді баптау жайын жақсы білетін. Ал қазір тепсе темір үзетіндей азаматтар жұмысқа келгенімен, ештеңеден хабары жоқ. Техниканы жөндеу былай тұрсын, тізгіндей де алмайтыны таңғалдырады,— дейді «Дастан» шаруа қожалығының басшысы Бақыт Тырнақов.

Ауыл тұрғыны, ардагерұстаз Алтын Кеңесбайқызы да бұл пікірге қосыла отырып:

Бәрін осы қатарға тізіп қоюға болмас, әрине. Жүрегі ауыл деп соғатын азаматтар да аз емес. Осы жерде туып-өсіп, қазір де шаруасын дөңгелетіп, ауылдағы аула санының азайып қалмауын қадағалап, соған септігін тигізіп отырған кәсіп иелеріне алғысымыз шексіз. Сырттан адам көшіріп әкеліп, сол отбасылардың балалары балабақша мен мектепке барып, бұл білім ошақтарының жабылып қалмауына үлкен сеп болып отыр, — дейді ол.

Бұрынғыдай отын жарып, су тасымайтын, газ десе газы, су десе суы үйге келіп тұрған ауылдың да осындай бір мұңы бар.

Сарықобда ауылы облыс орталығынан 85 шақырым қашықта орналасқан. Жоғарыдай айтқанымыздай, негізгі кәсіп көзі — егін және мал шаруашылығы. Бүгінде шағын ауылдың кәсіпкерлері мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, туған жерінің тыныс-тіршілігін жандандыруға қолдау көрсетіп келеді.

М.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button