Ауыл

Тауық, қаз баққан Таңнұр

Алға ауданы Ақай ауылының тұрғыны Таңнұр Орынғали — үнемі ізденісте жүретін, тынымсыз еңбекқор жас. Ол бүгінде жұртшылықтың ауылда тұрақтауына бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының тиімді тұстарын ұтымды пайдаланып отыр. 

Таңнұрдың кәсіпке бет бұруы үш жыл бұрын басталыпты. Тектен-текке уақыт өткізгенге жаны қас ол әуелі кәсіптің бағытын ойлап, бизнес-идеяларын сараптады, сала мамандарымен ақылдасып, кәсіпкерлерден кеңес алды. Сөйтіп, 2021 жылы бизнес-жоба қорғап, 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Сол қаражатқа құс шаруашылығының негізін қалады.

— Қазір жұмыссыз отыру — ұят. Себебі мемлекет тарапынан қолдау көп. Кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие беретін түрлі бағдарламалар мен жобалар бар. Тек ізденіп, өзіңнің сүйікті ісіңді, яғни бағытыңды анықтап алсаң, болды. Ауылда тұратындарға тіпті ыңғайлы. Мал шаруашылығы немесе құс шаруашылығымен айналысуға болады. «Ауыл аманаты» жобасы туралы ауыл әкімінен естідім, ол үй аралап осы бағдарламаның тиімді тұстары туралы түсінік беріп жүр екен. Естіген бойда құс шаруашылығын одан әрідамытуға ниеттендім, үйдегілермен ақылдастым, — дейді жас кәсіпкер.

Бүгінде Таңнұр бастап, інісі Сәндіғали қостап, Орынғали кәсіпкерлігі дамып келеді.

— Биыл маусым айында інім «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 3 миллион теңге несие алды. Бұл қаражатқа 200-ге жуық қаз бен тауық, жем сатып алдық. Сондай-ақ құрылыс материалдарын сатып алып, қора жөндедік. Інімнің басқа да тірліктері көп болғандықтан, шаруашылықтың барлық жұмысы — менің мойнымда, есеп-қисабы мен маркетинг жағын өзім жүргіземін. Біздің бастамамызды үнемі қолдап, осындай жетістікке жеткізген ата-анамызға рақмет. Ендігі мақсат — құс санын көбейтіп, отбасылық кәсіпті одан әрі ілгерілету, —дейді Таңнұр Сәлімжанқызы.

Таңмен таласып тұратын Таңнұрының күн тәртібі де тығыз: әуелі тауық, қазға жем-су береді, жұмыртқа жинайды,құс еті мен жұмыртқаны әлеуметтік желі арқылы жарнамалайды, ауылдастарынасатады, артылғанын Ақтөбе қаласындағы сауда орындарына тапсырады.

— Ауыл мен қаланың бағасы бірдей. Мәселен, қаздың ұшасын 15 мың теңгеге, ал он жұмыртқаны 600 теңгеге сатамыз. Тапсырыс арқылы кейде қаз сойып, тазартып жеткізіп береміз,  — дейді Таңнұр.

Ауылда тұрақтап,жұмыс жоқ деп, қол қусырып отырмай, мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдаланып, кәсіп бастап, оны отбасылық бизнеске айналдырып отырған Таңнұрдың ісіне сүйсіндік.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button