Ауыл

Мемлекеттік бағдарлама игілігі

Еңбек адамы

Мемлекеттік бағдарламаның арқасында Қобда ауданындағы Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Руслан Яндиев өз ісін кеңейтуге мүмкіндік алды. Ол өзін-өзі жұмыспен қамту мақсатында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша» мемлекеттік грант ұтып алған.

«Шебердің қолы ортақ» демекші, темірден түйін түйген дәнекерлеуші Русланды Сарыбұлақтың тұрғындары ерекше құрметтейді. Өздері келістіре алмаған істі тек Русланға ғана сеніп тапсырады. Өйткені ол — өз ісінің шебері.

Бала күнінен дәнекерлеу ісіне жақын болып өскен Руслан өзі туып-өскен ауылында тұрғындардың тапсырысы бойынша түрлі жұмыстарды жасайды. Мұндағы темір қоршаудан жасалған аула, есік, әткеншек, киімілгіш секілді бұйымдардың көбі Русланның қолынан шыққан.  Он саусағынан өнер тамған шебер қолында заман талабына сай құрылғылары болмаған соң кәсібін әрі қарай дамыта алмапты.

Міне, оның мақсатының орындалуына мемлекеттік бағдарлама сеп болды.

— Дәнекерлеуші мамандығы бойынша арнайы алған білімім бар. Кезінде қызығушылық танытып бастаған кәсібім — бүгінде күнделікті табысыма айналды. Қазір қақпа, есік сияқты тұрмысқа қажетті бұйымдарға тапсырыс көп. Олар дүкенде өте қымбат тұрады. Ауылдық әкімдік қолдау жасаса, алдағы уақытта кәсібімді кеңейту жоспарымда бар. Заман талабына сай дәнекерлеу шеберханасын ашып, оны заманауи үлгідегі құрылғылармен жабдықтағым келеді. Әрине, ол алдағы уақыттың еншісінде.

Қазір үйренемін, білемін деген адамға бәрі дайын. Бұйырса алдағы уақытта жұмысымды заманауи құрылғылармен жасайтын боламын. Қасыма іс келетін азаматтарды жұмысқа алғым келеді, — деді дәнекерлеуші Руслан.

Бүгінде кәсіпкер жоба аясында ұтып алған қаржыға қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған.

Жұмыссыздан кәсіпкерге айналған азаматтың бастамасы — отбасын асырауға, қосымша табыс табуға үлкен мүмкіндік. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өз ісін бастаған Русланның жұмысына табыс тілейміз.

Анаргүл ЕГІЗБАЕВА,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button