Ауыл

Көптен күткен қос қуаныш

Өткен аптада Мұғалжар ауылына көптен күткен газ берілді. Іле-шала ауылда спорт клубы ашылып, мұғалжарлықтардың қуанышын еселеді.

Мұғалжар қайта түледі

Мұғалжар десе, ең әуелі есімізге тау түседі. Ал бұл ауыл — сол таумен аттас әрі аудандағы үлкен елді мекендердің бірі. Талай тарихты ішіне бүккен тау бөктерінің етегін жайлай орналасқан Мұғалжар ауылының іргетасыөткен ғасырдың басында «Орынбор-Ташкент» теміржол құрылысы басталған кезде қаланған. Кейін ауылға жақын маңнан қиыршықтас өңдейтін бірнеше зауыт салынып, ауыл тұрғындарының да саны артқан. Алайда ауылда көгілдір отын мен тұрақты жұмыс болмағандықтан тұрғындардың кейбірі қалаға, аудан орталығына көшіп кеткен екен.

Мұғалжар ауылының әкімі Әлімжан Қорғанбай өткен жылдармен салыстырғанда қазіргі уақытта мұғалжарлықтардың тұрмысы едәуір түзелгенін айтып отыр.

Қазіргі таңда ауылда 1732 тұрғын бар. Мектебімізде 350 оқушы оқиды. Балабақшада 90-нан астам балдырған тәрбиеленіп жатыр. Бірнеше теміржол мекемелері бар. Ауыл тұрғындарының көпшілігі «Көктас-Ақтөбе» компаниясында, «Теміржол құрылыс Атырау», «Кентас», «НұрСтройСистем», «СинеМидасСтрой» серіктестіктерінде жұмыс жасайды. Ауылда жұмыссыз, сенделіп жүрген адам таппайсыз. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты жақсы деп толық айта аламын. Ендігі мақсат —  кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу. Ел игілігі жолында еңбек етіп, ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеріп, кәсіптің көкжиегін кеңейтсек — біздің міндеттің орындалғаны. Осы мақсаттың үдесінен шығу үшін де жүйелі жұмысжасап жатырмыз, — деп бастады әңгімесін ауыл әкімі.ӘлімжанҚорғанбай әкім болып сайланған соң ең әуелі шаруасын ауылдың тазалығынан бастаған. Өзінің айтуынша, көшедегі үйілген қоқыстар мен ауладан шыққан тұрмыстық-қатты қалдықтар қоқыс полигонына ақысыз, яғни демеушілердің көмегімен шығарылған.

Қоқыс шығаружұмыстарына бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбейді. Ауыл аумағындағы кәсіпорындардың басшылығымен келісімге келіп, демеушілікпен жасаттық. Таудың арасынан ойпаң жерді белгілеп, полигон жасадық. Ол жер ауылдан 3 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде қоқыстар сол жерге тасылады. Биылдың өзінде ауылдағы 146 үйдің қоқысы тегін жеткізілді. Ауылды жасыл желекке көмкеру жұмыстарына да көңіл бөлеміз. Биыл көктемде демеушілердің көмегімен 700 көшет сатып алынып, ауылдағы саябақ, аллея, мемориалды алаңға, әкімшілік пен мешіт аулаларына егілді. Сонымен қатар «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойыншаауылдағы барлық электр желілері жаңартылып, көшелерге асфальт төселіп жатыр,— деді Әлімжан Өмірсерікұлы.

Ауыл әкімі алдағы уақытта тұрғындар үшін саябақ салуды да жоспарлап отыр. Қазір бұл орында жас көшеттер өсіп тұр. Ауылдағы кәсіпкерлер де демеушілік жасап, туған жердің көркеюіне үлес қосып жүр. Мәселен, кәсіпкер Жанат Жақыпованың демеушілігімен ауылдың мәдени-демалыс орындарының алаңдары мен әлеуметтік нысандардың маңына тастөсеніштер төселіпті.

Осындай шаруалардың атқарылып жатқанын көріп отырған мұғалжарлықтар ауылдың қоқыстан тазарып, көркейе түскеніне дән риза.

Көп күткен көгілдір отын

 Мұғалжарлықтар ауылға газдың тартылуын ұзақ күтті. Көгілдір отын жақын күндері ғана халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Дархан Ермағанбетов арнайы барды.

Салтанатты іс-шараға Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Наурызбек Сарбасов, аудандық мәслихат төрағасы Бақытжан Кадралин және ауыл тұрғындары қатысты.

Газ желісін іске қосу салтанатында сөз алған аудан әкімі ауыл тұрғындарын қуанышты сәттерімен құттықтады. Ауыл тұрғындары көгілдір отынның келуі ауыл тірлігіне серпін беретініне сенімді..

— Ауылға газ тарту жұмыстарын «Алия сервис» серіктестігі жүргізді. Ауылды көгілдір отынмен қамтуға бюджеттен 1 миллиард 800 миллион теңге бөлінді. Ауылға газ құбыры 40 шақырым Ембі қаласынан тартылды. Әуелі қазылған жерлерге құбырлар салынып, беті толығымен жабылды. Газ тарту жұмыстарына манипулятор, кран, тиегіш, экскаватор және құбырларды дәнекерлейтін техникалар жұмылдырылды. Техникалық қадағалаушы мамандар жүргізілген жұмыстарды тексерді. Барлық тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қасына газ тарату түтікшесі қойылды. Ауыл бойынша 250 үйге газ кіріп, ауылдастарым мәз, — дейді ауыл әкімі Әлімжан Қоғанбай.

Салтанатты іс-шарадан кейін аудан басшысы бастаған топ үйлеріне көгілдір отын келген ауыл тұрғыны Елеусіз Кенжеғұловтың шаңырағында болып, қуанышына ортақтасты.

Күрес клубы ашылды

Өткен аптада Мұғалжар ауылында бұрынғы көне мектеп, кейін мешіт ғимараты болған нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, күрес клубы ретінде пайдалануға берілді.

Мұғалжарда спорт сүйер жастар көп. Спорт үйірмелеріне барып жүрген балалардың талабы таудай. Тұрғындардың сұранысына орай бос ғимарат түлектер мен ауылдың жанашыр азаматтарының демеушілік көмегімен толық жабдықталды.Жөндеуден өткен күрес клубының ашылу салтанатына қатысқанаудан әкімі Дархан Ермағанбетов:

— Мұғалжар —қазыналы қарты, жалынды жасы бар, өздері қалыптастырған жақсы іске жұрт болып жұмыла кетуді сабақтасқан салтқа айналдырған, ауызбіршілігі ұйыған ауыл. Бос уақытын тиімді ұйымдастырып, саламатты өмір салтын ұстанамын деген ауыл жастары үшін пайдалануға берілген спорт ғимаратының алатын орны ерекше. «Тәні саудың — жаны сау», балалар мен жасөспірімдер шынығып шымыр боп өссін, — деді мұғалжарлықтарды қуаныштарымен құттықтап.

Осы игі іске атсалысқан ауыл азаматтары аудан және ауыл әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ауыл әкімі Әлімжан Қорғанбайдың айтуынша, былтыр ғана аудандағы тірек ауылдары қатарына енген Мұғалжардың экономикалық және демографиялық өсімі жыл сайын артып келеді.

— Ауылға жастар да тұрақтай бастады. Тірек ауыл мәртебесі арқылы ауылымызға қажетті инфрақұрылымдар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндіктер пайда болды. Барымыз жаңғырып, жоғымыз түгенделіп жатыр, — дейді ауыл әкімі.

Мұғалжар тауының етегінде орналасқан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі — осындай.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button