Білім

Бала тәрбиесі — ұлт тәрбиесі

Тәрбие

Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаевтың тапсырмасымен Оқу-ағарту министрлігі «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» әзірледі. Соған байланысты жаңа оқу жылынан бастап ұлттық, адами құндылықтарға негізделген бірыңғай тәрбие жоспары бекітілді. Өңірдегі барлық білім шаңырағындағы тәрбие жұмыстары аталған бағдарламаның негізгі үш бағыты — «Ұлттық мүдде», «Ар-ұят», «Талап» құндылықтары бойынша жүзеге асырылып жатыр. Біз облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовадан бағдарлама аясында қолға алынған жұмыстар туралы білген едік.

Бағдарлама және үш бағыт

Ел Президенті Қасым-ЖомартТоқаев: «Әділетті Қазақстан—Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысындағы сөйлеген сөзінде: «Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр», —деп, білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстарының сапасының сын көтермейтінін айтқан болатын. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» әзірледі.Соған байланысты арнайы жоспар бекітілді. Жаңа оқу жылынан бастап бағдарлама барлық білім беру ұйымына енгізілді. 

Бала тәрбиесі — қоғамның ортақ міндеті. Жас ұрпақтың тәрбиесіне айрықша көңіл бөліп, оларды ізгі істерге, игі мақсаттарға бағыттап, жұмылдыруымыз керек. Бұл ретте барлық білім ордасында оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру, балалардың бойына адами құндылықтарды сіңіру, мектеп пен отбасының өзара байланысын нығайту маңызды. Мектептердегі біртұтас тәрбие бағдарламасы осы мақсаттарға жетудің тиімді әдіс-тәсілінің бірі, —дейді Нұргүл Лескенқызы.

Бағдарлама—өскелең ұрпақтың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, əлеуметтік жауапкершілікті, отан сүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік жəне көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталып отыр.

Бағдарламаның мақсаты—жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу. Бағдарламаны жүзеге асыру арқылы жас ұрпақтың бойында ұлттық мүдде, ар-ұят және талап құндылықтарын қалыптастыру көзделіп отыр.

Жобалар және жауапкершілік жүгі

Бағдарламаны облыстың білім беру ұйымдарына енгізу үшін бірнеше мәрте түсіндіру және талқылау жұмыстары жүргізілді. Яғни, ең алдымен, барлық білім бөлімдеріндегі тәрбие саласына жауапты әдіскерлер оқытылды.

Тамыз айында Оқу-ағарту министрлігі тарапынан Астана қаласында  «Біртұтас білім беру бағдарламасы: құндылықтар және оларды қалыптастыру жоспары» атты республикалық семинар ұйымдастырылды.Аталған шараға біздіңоблыстан екі мектептің — Ақтөбе қаласындағы №51 гимназия мен №30 мектептің тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарлары қатысып, оқып келді. Қазір олар өңірде бағдарламаны енгізу бойынша тәлімгер болып отыр. Жаңа оқу жылы қарсаңында білім басқармасы арнайы кесте бекітіп, сол кестеге сәйкес осы екі тәлімгер Ақтөбе қаласы мен аудандардағы барлық мектеп пен колледждің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларымен бағдарламаны енгізу бойынша семинар өткізді. Сондай-ақ облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен жаңадан тағайындалған тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына арналған семинар өтті, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Тәрбие мен оқыту өзара тығыз байланысты, бір-бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас процесс. Сондықтан білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламасы білім мазмұны, сынып сағаттарының және мектептен, сыныптан тыс қосымша білім беру (үйірмелер, секциялар, факультативтер), әлеуметтік жобалар, мемлекеттік органдармен және ата-аналармен бірлескен шаралар арқылы да жүзеге асырылып жатыр екен. Бұл ретте бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі кешенді және мүдделі органдармен бірлескен жоспарлар дайындалыпты.

Білім беру ұйымдарында бұрыннан жүзеге асырылып келе жатқан «Оқуға құштар мектеп», «Балалар және театр», «Ұшқырой алаңы», «Төрт тоқсан — төрт өнер», «9 ай — 9 іс-шара» жобалары жалғастырылуда. Сонымен қатар жаңадан «Еңбегі адал жас өрен» (еріктілермен жұмыс), «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Ұлттық мектеп лигасы», «Ғаламтор қауіпсіздігі» секілді жобалар енгізілді.

Бала тәрбиесіндегі отбасы институтының рөлін нығайту мақсатында білім беру ұйымдарында «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары жаңа мазмұнда жүзеге асырылып жатыр.

Тағы бір айта кететін жайт, бағдарламаны жүзеге асыру аясында өңірдің барлық мектебінде «Ата-аналарға педагогикалық қолдау орталығы» құрылып, жұмысын бастады. Орталықтың басты мақсаты—балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту. Сонымен қатар тәрбие бағытындағы жұмысты күшейту және ата-аналардың позитивті мәдениетін дамыту. Орталықта ата-аналарға арналған сабақтардың бағдарламасына сәйкес сабақ кестесі бекітіліп, айына бір рет ата-аналарды оқыту жұмыстары жүргізіліп, педагогикалық қолдау көрсетіледі. Ата-аналардың сұраныстары ескеріліп, педагогикалық қолдау бағдарламасы дайындалды. Педагогикалық қолдау «Ата-аналарға психологиялық-педагогикалық білім берудің ғылыми-әдістемелік негіздері» біліктілікті арттыру курсының білім беру бағдарламасы бойынша оқудан өткен сынып жетекшілері, педагог-психологтер, әлеуметтік педагогтер, қосымша білім педагогтері өткізеді, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, бүгінде облыс бойынша 665 педагог біліктілік арттыру курстарынан өткен.  Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Жоспар бойынша жыл аяғына дейін барлық педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтіп болады. Сонымен қатар әр мектепте ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету кабинеттерін ашу жоспарланған.

Толық адам тағылымы

Мирагүл МУКАТОВА,Ақтөбе қаласындағы 30 қазақ орта мектебі, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары:

—Жас ұрпақты тәрбиелеуде биылғы оқу жылынан бастап қолға алынған жаңа бағдарламаның, расында, берері көп.  Қазақта «Сәлем — сөздің анасы» дейді.  Қазіргі балалардың үлкендермен сәлемдесу деңгейі де төмендеп кетті. Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтардың белең алып бара жатқанын, буллинг, кибербуллингтің меңдеп бара жатқанын күнделікті әлеуметтік желілерден-ақ байқауға болады. Ал бұл бағдарламаның көздейтіні — «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсете алатын, еңбекті бағалайтын, отбасын құрметтейтін, сыныптастарын сыйлайтын, достық қарым-қатынасты бағалай білетін жеке тұлғаны  тәрбиелеу. Ұлы Абайдың «толық адам» келбетіне жету — осы бағдарламаның түпкі мақсаты.

Құндылықтарға негізделген тәрбие мен білім беруді мақсат еткен бағдарлама аясында бірнеше жоба жоспарланған. Жобаларды жүзеге асыру барысында білім беру мекемелерінде іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Мысалы, «Еңбегі адал жас өрен» жобасы бойынша барлық мектепте өткізілген іс-шаралар оқушыларды еңбек етуге, адал еңбекке баулиды. «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» толыққанды жүзеге асыруда сынып жетекшісінің маңызы зор. Сынып жетекшісі мен ата-ана бірлескен жағдайда жақсы нәтижеге жетуге болады. 2023-2024 оқужылының І тоқсаны да аяқталды. Осы біртоқсанда «Ұлттық мүдде», «Талап», «Ар-ұят» құндылықтарын бала бойына сіңіруде әр түрлі іс-шаралар, сынып сағаттары, ата-аналармен бірлескен шаралар, экологиялық шаралар, акциялар ұйымдастырылды.

«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында жоспарланған жұмыс көп.
Бағдарлама жүйелі жүзеге асырылса, ұлттық сана-сезімі жетілген, туған тілінде еркін сөйлей алатын, ұлттық рухы жоғары ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Бағдарлама не береді?

Бұл бағдарламаны жүзеге асыру барысында қандай нәтиже күтеміз? Тәрбие жұмысының мазмұнына ұлттық мүдде, ар-ұят, талап сияқты құндылықтарды енгізе отырып,  нәтижесінде  «отаншыл, мемлекетшіл, намысшыл, мемлекеттік рәміздерді қадірлейтін, ел тарихын құрметтейтін, ұлттық мұраны, мәдениетті дәріптейтін, құқықтық және экологиялық мәдениеттіар-ұят, адалдықты жоғары бағалайтын, сөзіне берік, ісіне жауапкершілік танытатын, ата-анасына сүйіспеншілікпен қарайтын, достарын, сыныптастарын сыйлайтын, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсете білетін, уақыт пен қаржыны тиімді жоспарлай алатын, жеке және командамен жұмыс істей білетін, технологиялық және цифрлық дағдыларды меңгерген, ақпараттық, медиа және қаржылық сауаттылығы жоғары ізденімпаз, жасампаз тұлға қалыптастырамыз. 

Бала тәрбиесі қашанда өзекті болып қала бермек.  Жаһандану мен ақпараттандыру жағдайында тәрбие мазмұнын қайта бағдарлау арқылы білім беру үдерісіндегі тәрбиенің рөлін күшейту —заман талабы.Сондықтан «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» кезде ғана алдымызда тұрған күрделі міндеттерді шешіп, нәтижеге қол жеткізе аламыз, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button