Білім

Тәуелсіздік тартуы: білім берудің ұлттық моделі қалыптасты

1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғанда қазақ мектептерінің саны 50 пайызға да жетпейтін еді. Ал қазіргі көрсеткіш — 67,4 пайыз.  Сол жылы облыста 185 орыс мектебі болса, қазір содан қалғаны — 19. Балабақшаларда да солай. Тәуелсіздіктің арқасында мектеп құрылыстары қарқынды жүргізілді. 1991 жылдан бүгінге дейін 169 білім шаңырағы ашылды. Мұның бәрі — Тәуелсіздіктің жемісі!

Білім саласындағы Тәуелсіздік тартулары туралы нақтырақ білмек ниетпен облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанды әңгімеге тартқан едік. Сонымен… 

Жайлы орта:

Бала қауіпсіздігі — басты назарда

Ел тәуелсіздігін алудың арқасында ұлттық білім беру жүйесі қалыптасты. Қазақ тілді мектептердің саны артты, оқулықтардың мазмұны өзгерді, жаңартылған  білім беру мазмұны енгізілді. Мектеп пен балабақшада ұлттық құндылықтар дәріптелді. Туған жерін, елін сүюді жас ұрпақтың санасына сіңіру, оларды ұлттық рухта тәрбиелеу — білім беру ұйымдарының басым бағыттарының бірі болды.

Тәуелсіздіктің тартуы — 1994 жылы Қазақстан Бала құқығы туралы Конвенцияны қабылдады. Сол жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев бұл құжатты қабылдау туралы БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде қол қойды.

Бала құқығы туралы конвенция — балалардың құқықтарын жан-жақты анықтайтын халықаралық деңгейдегі жалғыз құжат. Бұл халықаралық құқық қорғау құжаты — әлемдік тарихта ең көп ел қабылдаған құжат болуымен де ерекшеленеді. Конвенцияның негізгі қағидалары барлық балалардың өмір сүруге, дамуға, қорғалуға және кемсітуден азат болуға тең құқылы болуын көздейді.

2006 жылы Балалардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. 2016 жылдан бері Президент Жарлығымен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты жұмыс істеп жатыр. Бүгінде еліміздің әр өңірінде бала құқықтары жөніндегі уәкіл бар.

Тәуелсіздіктің арқасында ерекше қажеттіліктері бар балалар үлкен қолдауға ие болды. Қазір ерекше қажеттілігі бар балалардың 9 санаты анықталып отыр. Кеңес өкіметі кезінде бұл санаттағы балаларға ерекше жағдай жасау, қолдау білдіру болған жоқ. Бұрын ерекше қолдауға ие балалар үйлерінде отырса, қазір олардың қоғаммен араласуына мүмкіндік беріліп, жағдай жасалып жатыр.      

Кеңестік жүйеде мектептердегі негізгі тұлға — мұғалім болса, ал қазір басты құндылық — бала. Бала қауіпсіздігі, баланың жайлы, қолайлы ортада өмір сүруі — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында бала қауіпсіздігіне аса мән беріп, құзырлы органдарға нақты міндеттер жүктеді, — деді Жайық Исаұлы.

Құрылыс қарқыны:

169 мектеп бой көтерді

Тәуелсіздік алғалы еліміздің экономикасы қарқынды дамыды. Бұл халықтың әл-ауқатының артуына да сеп болды. Демографиялық өсім артты. Балабақша мен мектеп балаға толды. Сұраныс көп болғандықтан меткептерде үшауысымдық мәселесі пайда болды.

Жыл сайын өңірлердің құзыретті органдары барлық мектептердің толымдылығына мониторинг және талдау жүргізеді. Соның қорытындысы бойынша негізгі басымдықтарға сәйкес жаңа мектептер салу қажеттілігі айқындалады.

Тәуелсіздік алғалы бері біздің облыста  жобалық қуаты 55 120 оқушыға арналған 169 мектеп бой көтерді. Оның 115-і аудандарда, қалған 54-і — Ақтөбе қаласында еңсе тіктеді. Бұл білім шаңырақтары мектептердегі орын тапшылығын жою, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, апатты мектептер мен ескі мектептерді жаңарту мақсатында ашылды.

2023-2025 жылдар аралығында облыс бойынша 24 мың орындық 44 жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр. Оның 26-сы облыс орталығында пайдалануға берілмек.

Облыста балабақшалар құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Мектепке дейінгі ұйым санының артуына 2010-2020 жылдарға арналған «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының септігі мол болды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біздің өңірде небары 68 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасаған болатын. Балабақшаларға 5779 балапан барған-ды. Қазір мектепке дейінгі мекемелердің саны 525 бірлікке  дейін көбейді. Ал балдырғандар саны 40 мыңға дейін өсті. Бүгінде облыстағы 593 мектепке дейінгі ұйымға 45 006 бала барып жүр, — деді Жайық Сұлтан.

Мектеп және мемлекеттік тіл

Ел тәуелсіздігін алған соң балаларын қазақ мектептеріне беретін ата-аналардың қатары көбейді. Баланың қай тілде білім алуы — ата-ананың еркінде, баланың қалауына сәйкес болады. Сол себепті қазақ немесе орыс мектептерін таңдау ата-аналардың өтініші, талап-тілегіне байланысты іске асырылады.

Соңғы 3 жыл ішінде қазақ мектебі 8 бірлікке көбейді. Құрылысы жаңадан салынып, іске қосылған мектептердің басым бөлігі — қазақ мектептері.

Айта кету керек, кеңес дәуірінде облыс орталығында бір ғана — №6 қазақ орта мектебі жұмыс жасаған болатын. Қазір Ақтөбе қаласында қазақ тілінде білім беретін 47 мектеп бар. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғанда қазақ мектептерінің саны 50 пайызға да жетпейтін еді. Ал қазақ тілінде оқитын балалар үлесі небары 37 пайыз болған-ды. Ал тәуелсіздік алған жылы 51,5 пайыз болды.
Қазір бұл көрсеткіш 76,4 пайызға жетті.

1990 жылы біздің өңірде барлығы 514 мектеп болды. Соның 265-і қазақ тілінде білім берді. Ал қазір облыстағы 403 мемлекеттік мектептің 272-сі қазақ, 112-сі аралас, 19-ы орыс тілінде білім беруде. Ондағы 167 730 оқушының 128 245-і (76,4 пайыз) қазақ тілінде білім алады.

Тәуелсіздіктің арқасында өңірде қазақ мектептері, қазақ гимназиялары ашыла бастады. Мәселен, 1991 жылы облыс орталығындағы №32 мектеп мәртебесін өзгертіп, қазақ мектеп-гимназиясы атанды. Қазір Ақтөбе қаласындағы тұңғыш қазақ гимназиясы Мәрия Құрманғалиеваның есімімен аталады, — деді Жайық Исаұлы.

Кәсіптік-техникалық білім беру:

Колледждер бұрын-соңды болмаған қолдауға ие болды

Облыста 40 колледж бар. Онда 27 441 оқушы білім алады.  Соңғы 3 жылда мемлекеттік колледждерде білім алатын студенттер саны 4 пайызға артып отыр.

2020-2021 жылдары еліміздің тарихында бірінші рет колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған «Жас маман» жобасы жүзеге асырылды. Соның арқасында біздің өңірдегі 10 колледж жаңартылды. 

Жақында Үкімет басшысы «Жас маман» жобасының жалғасатынын айтты. Оқу-ағарту министрлігіне нақты міндет жүктеді.

«Жас маман» жобасының арқасында кәсіптік-техникалық білім беру саласының материалдық базасы халықаралық стандарттарға сәйкес жаңартылды.  Сондай-ақ білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибе енгізілді.  Оқу орындарының сапа көрсеткіштері сарапқа салынып, қорытындысында ел бойынша 80 колледж   іріктеліп алынған-ды. Соның 10-ы — Ақтөбенің колледжі! Олар: Хромтау тау-кен, Ақтөбе жоғары политехникалық, құрылыс және бизнес, автожол, көлік-коммуникация және жаңа технологиялар, байланыс және электротехника, ауылшаруашылық, өнеркәсіптік технологиялар және басқару, сондай-ақ сервис колледждері.

Жобаның арқасында оқу зертханалары, шеберханалар мен кабинет­тер заман талабына сай құрылғылармен жабдықталды. Колледждерді жабдықтауға арналған құрылғылардың тізімі жергілікті атқарушы органдар мен колледждердің ұсыныстарына, жұмыс берушілердің талаптары мен WorldSkills стандарттарына сәйкес жасалды, — деді басқарма басшысы.

Инклюзивті білім беру:

Ерекше қажеттілігі бар балаларға қамқорлық

Тәуелсіздіктің жемісі — ерекше қажеттілігі бар балаларға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, айрықша қолдау көрсетіліп жатыр. Расында, кеңес дәуірінде бұл санаттағы балалар қоғамнан тыс қалған-ды. Егемендіктің арқасында олар мектептерде білім алатын болды. Бүгінде жалпы білім беретін мектептерде 3169 ерекше бала оқиды. Ерекше балалар 3 арнайы балабақшада, 4 арнайы мектепте,  94 инклюзивті балабақшада, 270 инклюзивті мектептерде және 19 колледжде білім алады. Облыста жалпы ерекше қажеттіліктері бар бала саны — 7321 адам. 

Бұл санаттағы балаларға арналған  4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 14 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, 1 аутизм орталығы, 1 оңалту орталығы және 1 сауықтыру лагері бар. Өңірдегі 146 балабақшада және 343 мектепте арнайы даярланған мамандар жұмыс істейді және білім беру ұйымдарында бұл балалар үшін «кедергісіз  орта» жасалған.

Биыл ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған 10 834 дана оқу-әдістемелік кешен сатып алынды.

Инклюзивтік білім беруді дамыту мақсатында облыстық білім басқармасы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп бірқатар жобаларды іске асыруда. «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен Ақтөбе қаласындағы 4 мектепте (№1,3,16,19 мектеп) ресурстық кабинеттер ашылды. Ал «Болашақ» қорының қолдауымен аутизмі бар балаларға арналған екі ресурстық кабинет (№26,29 мектеп) іске қосылды.

Облыстың білім беру жүйесін дамыту бойынша 2023-2029 жылдарға арналған аймақтық жол картасын жүзеге асыру мақсатында, жалпы білім беретін мектептерде жыл соңына дейін 2 инклюзивті қолдау кабинеті ашылады. Жол картасы аясында келесі жылы 1 ПМПК және 1 ППТК ашу жоспарланып отыр, — деді Жайық Сұлтан.

P.S. Соңғы 10 жылда оқушыларды оқулықтардың толық жиынтығымен 100 пайыз қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бұған дейін қаржы тек тұрмысы төмен отбасы балалары үшін ғана бөлінген болатын. 2013-2014 оқу жылында оқулық сатып алу үшін небары 143 миллион теңге бөлінген болса, 2023-2024 оқу жылында оқулық сатып алуға 1 909,0 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру үшін қазақ, орыс және шетел классиктерінің туындылары сатып алынды. 2021-2023 жылдар аралығында облыс бойынша мектеп кітапханаларының кітапхана қоры 196 667 бірлік көркем әдебиет кітабымен толықтырылды. Мектеп кітапханаларын көркем әдебиетпен қамтуда «Оқуға құштар мектеп» жобасының да пайдасы зор.  

Гүлжан Базылқызы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button