Білім

Педагогтер сынға түсті

Кәсіптік конкурс

Ақтөбе қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының денешынықтыру пәнінің педагогтері арасында республикалық кәсіптік шеберлік конкурсы өтті.

Сайысты ұйымдастыруға Оқу-ағарту министрлігі қолдау көрсетіп, облыстық білім басқармасы ұйытқы болды.

Екі күнге созылған шараның мақсаты — техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы денешынықтыру пәні оқытушыларының кәсіби шеберлігін жетілдіру. Сондай-ақ денешынықтыру пәні педагогтері арасынан талантты, шығармашылықпен жұмыс жасайтын үздік оқытушыларды анықтау. Бұған дейін Астана қаласы, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Ұлытау, Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Қарағанды облыстарындағы колледждердің педагогтері арасында өңірлік сайыс өткізілген-ді. Бүгінгі жарыста сол аймақтарда ұйымдастырылған  өңірлік кәсіби шеберлік конкурсының жеңімпаздары бақ сынады, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева.

Конкурсқа қатысушылар IV кезең — тестілеу, заманауи денешынықтыру сабағы, өз ісінің шебері, президенттік тест нормативтері бойынша спорт түрлерінен бақ сынады. Жарыс барысында олар денешынықтыру пәні бойынша теориялық және практикалық дайындықтарын көрсетті. Сонымен қатар кәсіби біліктері мен дағдылары, оқу-тәрбие үрдісінде инновациялық тәсілдерді пайдалана білуі бойынша сынға түсті.

Жеңімпаздарға Оқу-ағарту министрлігінің Дипломы,  сертификаттары табыс етілді.

Айта кету керек, сайыс Ақтөбе индустриалды-кәсіптік колледжінің және Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің ғимаратында өтті.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button