Білім

«Мың баланың» жеңімпаздары марапатталды

Білімді ұлт

Сәрсенбі күні облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатында «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Шарада «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының директоры Жәния Есенжолова олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атанған 41 оқушыға Алғыс хат және 100 мың теңгенің сертификатын табыстады. Дарынды оқушылар мен олардың ұстаздарына өз ризашылығын білдіріп, жаңа оқу жылындағы жетістіктерімен құттықтады.

Оның айтуынша, «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы ауылдық жерлерде оқитын 5-6 сынып оқушылары арасында өткізіледі. Биыл облысымызда үшінші мәрте ұйымдастырылған білім бәйгесіне жалпы саны 3300-ден астам оқушы қатысуға өтініш берген. І кезеңде 2944 оқушы тестілеуден өтсе, ІІ кезеңге 171 оқушы қатысып, сайыс соңында облыс бойынша 41 қатысушы жеңімпаз атанған.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, былтыр осы олимпиадада жеңімпаз атанған 5 оқушы биылғы жаңа оқу жылында облыс орталығындағы арнайы мамандандырылған мектептерде оқуға мүмкіндік алған. Бүгінде олар қаладағы үздік білім беру мекемелерінде оқып жүр.

Марапаттау рәсіміне облыстың барлық ауданынан дарынды оқушылар келіп қатысты. Сондай оқушылардың бірі — Құмжарған орта мектебінің оқушысы Айнара Маратова.

  • Қазір 7-сыныпта оқимын. Бұл олимпиадаға 5-сыныптан бастап қатысамын. Екі жыл қатарынан үздіктер қатарынан көріндім. Бойымдағы қабілетім мен білімімді шыңдап, алдағы уақытта қала мектептерінде оқығым келеді. Өзім ағылшын тілі, математика пәндерін ерекше жақсы көремін. Бүгін орталық директорының қолынан Алғыс хат және сертификат алдым. Өте қуаныштымын, — дейді Айнара.

Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылынан келген Айнара білім, өнер сайыстарына жиі қатысатынын, болашақта аудармашы болғысы келетінін айтады.

Айта кету керек, «Мың бала» олимпиадасы — «Білімді ұлт» ұлттық жобасы аясында қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған жобалардың бірі. Бұл жобаның ерекшелігі сол — бүгінде ауыл мектептерінде оқып жүрген дарынды оқушылар олимпиадада жоғары ұпай жинап, облыс орталығындағы арнайы мамандандырылған мектептерде оқуға мүмкіндік алады. Бұл жоба республика бойынша барлық өңірде жүзеге асырылып келеді.

                                                Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button