Білім

Жарқамыстың мектебі

Білім ордасы

Сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, сан түлекті ұшырған Жарқамыс орта мектебінен осынау жылдар ішінде қаншама білікті маман иелері шықты десеңізші!?

Мектеп тарихын бейнелейтін шежірелі 95 жылда қабырғалы білім ордасынан 94 ғалым, яғни ғылым кандидаттары мен докторлары және жиырмадан астам республикаға танымал ақын-жазушылардың шығуы мектеп мәртебесін биіктете түседі.

1928 жылы шаруа жастарды ағартуға бағытталып ашылған мектептің алғашқы түлектерінен бастап талай білімдар кадрлар шыққан.

1947 жылы орта мектеп аттестатын алған, ұстаздардың ұстазы атанған Нұрман Қорбин — есімі ел жүрегінде. Академик Назарбай Блиев бастаған ғалымдар — ерекше тұлғалар. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Тобық, Сағи, Өтежан, Есенбай, Сәбит, Тынымбай, т.б. жұртшылыққа кеңінен танымал. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұқанбетқалиевте Жарқамыс орта мектебінің «Алтын медаль» иегері.

Біздің тұстастарымыз — 1968 жылғы түлектер деЖарқамыс орта мектебінде оқығанын ерекше мақтан етеді.

Киелі Жем өзені бойындағы білімнің қара шаңырағы Жарқамыс аудандағы жалпы білім беретін бірегей мектеп болғандықтан, бірнеше кеңшардан оқушылар Жарқамысқа ат басын бұратын. 1966 жылы Жем сегізжылдық мектебін бітірген бір топ оқушы бұрынғы аудан орталығында оқуға ниеттендік. Себебі онда интернат бар. Осыны ескерген әкем маған «бұрын барсаң, орын бар» деп, елден бұрын қозғалуды еске салды.

Сол жылдары Темір қаласы мен Жарқамыс арасында шағын автобус күнде жүретін-ді. Тамыз айының ортасында әке сілтеуімен жол тарттым. Алыстан мен мұндалап тұрған көктеректері мен кең көшедегі шатырлы үйлер бірден шаһарға келген әсер қалдырғаны есімде. Сол бір жылдары мұнай барлаушылар Жарқамысқа қоныстанып, ауыл көркейе түскен-ді. Ауылдан кетіп, мұнайшы атанған Смағұл деген таныстың үйін тауып алып, ертесіне интернатқа бардым. Мақсатым — алдын ала арыз жазып орналасу. Бұрын аудандық партия комитетінің кеңсесі болған еңселі үй ауласына кірсем, өзім секілді бір оқушы бала жүр екен. Таныстық, есімі Көшербай. Ол Ақтамнан келіпті. Сегізінші класта оқымақшы. Мінезі ашық, сөйлеп тұр, тіпті интернат меңгерушісі Қомпаевты да білетіндігін аңғартты. Шамалы уақыттан соң түрі суықтау қара торы ағай кіріп келе жатты.

Көшербай; «Түгелбай Қомпаев деген — осы кісі, өте қатал адам», — деп сыр ашты. Ол бізді шақырып алып, неге жүргенімізді сұрады да, бірден тапсырма берді.Жұмысымыз — интернат ауласын құмнан тазарту. Сөйтіп, бір апта бойы Көшербай екеуміз құм тасыдық. Сенбі күні «ауылдарыңа бара беріңдер, интернатқа орналасарсыңдар» деп шығарып салды.

Содан тамыздың отызында қайта оралып, интернаттан бөлме алдық. Қуанышымызда шек жоқ. Алтай, Абай, Оймауыт, Баршақұмнан келген өрімдей жастар оқуға кірістік. Бірінші қыркүйекте класс жетекші болып тағайындалған тарихшы ұстаз Сабыржан Тойманқұлов тәрбие сағатын былай бастады:

— Бұл — талай ұлыларды шығарған ұлы мектеп. Мен де осында оқығанмын. Елуінші жылдары оқушылар өте көп болды. Бір жылда жүзден астам түлек бітіріп шығатын-ды. Өздеріңе белгілі, Кеңестер Одағының Батыры Қожағали Жазықов та мектепке басшылық етті.

Бірде ол тамыздың аяғында интернат жаққа келе жатқанда бұрышта жылап тұрған он жастағы баланы көреді. Жақындап: «Неге жылап тұрсың? Біреу тиді ме, ұрысты ма?»— дейді.

— Ешкім тиген жоқ, — дейді.

—Онда неге жылап тұрсың?

— Интернатқа қабылдамады.

— Әкең бар ма, қайдан келдің?

— Әкем соғыстан оралмаған.

Сол сәтте мектеп басшысы әлгі баланы қолынан жетектеп, интернат меңгерушісі Қомпаевқа әкеледі. Кіре сала дауысын шығара: «Түгелбай, сен де, мен де майдангерміз. Алғы шептен оралмаған сарбаздың баласы оқу үшін интернатқа қабылдануға тиіс қой», —дейді.

—Орын жоқ болып тұр.

—Екі кереуеттің ортасына тақтай қойса, орын бола ма?

—Болады ғой, бірақ тамақты қайтем?—деп жауап береді.

Қожекең сонда:«Қайнап жатқан қазанға бір бақыраш су құйса, тамақ болады ғой»,—деп әңгімені бітіреді.

Сөйтіп, әлгі бала — Ілияс Тәжімұратов Жарқамыс орта мектебінің интернатына қабылданады. Кейін Алматыдан мемлекеттік университетті бітіріп, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор атанады. Ғылыми жұмыспен шұғылданған ол кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғап шығып, Гурьевтегі институтта кафедра меңгерушісі, теміржол институтының деканы болып қызмет атқарады. Егер осы азамат Жарқамыс мектебінде оқымағанда осындай ғылыми атаққа ие бола ма деген ой туындайды.

Жерлесіміз физика-математика ғылымдарының кандидаты доцент, Асау Жалғасов Атырау университетінің кафедра меңгерушісі, факультет деканы болып абыройлы қызмет жасады. Елдің балаларына қамқор болып көптегент мамандарды даярлауда зор үлесін қосты.

Жалпы, әріден қозғаған әңгімені жалғастырсақ, 1960-1968 жылдар арасында Жарқамыс орта мектебінен жыл сайын 2 медаль иегері шығып отырған. Олардың арасында Есен Тасыбаев, Болат Әлімқұлов, Сайлаш Сағиева, Бекболат Жолдин, Атажан Жұбаналин, Аманғазы Жылқыбаев, Болат Жәумітов, Атұстар Алдабергенов, Гүлзия Алпысбаевалар елге белгілі білікті мамандық иелері болып шықты. Сол бір жылдары мектеп директоры болған Мұздақбай Ауқатбаев;«мұндай жетістік көп мектепте болған емес. Ол, біріншіден, ұлағатты, білімдар ұстаздар еңбегі», — деп әріптестерін мақтан тұта еске алатын-ды.

Шын мәнінде математиктер Насыролла Мұқанов, Тапан Жұбаниязов, тарихшы Жаңабай Мұқашев, әдебиетші Таңбай Медиев, химия пәнінің оқытушысы Аманжол Жалмағанбетов, ақын Өтежан Нұрғалиев есімі жүректің төрінен орын алған ұлағатты ұстаздар еді.

Сол тұлғалардан білім алған біздің кластың оқушылары Атұстар Алдабергенов пен Мақсатқали Сүйесов мектепте үздік оқыды. «Күміс медаль» иегері атанған Атұстар 6-класта оқып жүргеннен-ақ геометриядан сабақ беретін Алтынай апай жаңа есепті шығара бастағанда «Апай, мұның екінші варианты бар», — деп қол көтеріп отыратын. Ұстазымыз:«Алдабергенов, алдымен біріншісін игеріп алайық, екіншісін содан кейін көреміз», — дейтіні есімде. Мектепті бітірген соң ол Алматыдағы университетке бір емтихан тапсырып, оқуға түсті. Ал кластың старостасы Мақсатқали әскери адам болуды армандап, Ташкентке оқуға барды. Бірақ бір балл жетпей, ауылға келіп жұмыс жасап, әскери борышын өтеген соң КазГУ-дың заң факультетіне оқуға түсіп, бітіріп шықты. Оған Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің Алғыс хаты, «Милиция» үздігі төсбелгісі, Қазақ ССР «Үздік тергеушісі» атағы берілді.

Бірде Мұздақбай ағайдан «Сүйесов неге медальға ие болмады?» деп сұрағанмын. Ол жылдары медаль иегері атанар оқушыны қорғау үшін бір ұстазды облыстық білім басқармасына жіберетін-ді. Ал сол мұғалім қорғауға қатыспай қалып, Мақсатқалидың жолы болмады. Әйтпесе ол алтын медальға лайықты оқушының бірі болатын-ды. Оныншы класты бірге бітіргендер Алматы, Орал, Тараз, Гурьев қалаларына, тіпті екі оқушы Ленинградтағы кеме шаруашылығымен шұғылданатын оқу орнына түскен-ді. Ортамыздан Ақкенже — дәрігер, Бақыт, Үрбатша, Қарылға, Мырзаш — ұстаз, Болат — мал маманы, Мақсат — прораб, Мәнібай білікті экономист болып шықты. Жарқамыста қалған кластастарымыз ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етті. Ал жоғары білімді заңгер, прокуратура саласының үздігі Селбай Қожықов бірнеше аудан мен қала, облыстық прокуратурада жауапты қызмет атқарды. Өткен жылы Жарқамыстағы мектептен Селбайдың есіміне класс ашылды. Бұл да үлкен абырой.

Биыл Жарқамыс орта мектебі облыстағы үздік ұжым қатарынан көрінді. Киелі шаңырақтың іргетасының қаланғанына — 95 жыл. Ал біздің мектеп бітіргенімізге — 55 жыл. Бір кездері шәкірт атанған кластастарымыздың бүгінде еңбектің сан саласында абыройлы жұмыс жасап жүрген ізбасарларды да жеткілікті. Бұл да бір тарих. Бүгінде мектеп ұжымында жас өрендерді біліммен сусындатып жүрген ұстаздар қауымына абыройлы биіктерден көріне беріңіз демекпіз.

Жақсылық АЙЖАНОВ,

Жарқамыс орта мектебінің 1968 жылғы түлегі.

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button