Ауыл

Талпынғанға табыс көп

Мемлекеттік бағдарлама

Қазір мемлекеттік қолдаудың өзі кәсіп етіп, өз ісін ашуға бел байлағандар үшін қарастырылған. Сол мемлекеттік бағдарламаға қол жеткізген жерлесіміз Мәншүк Байгелдинова — көпбалалы ана. Ол аудандық жұмыспен қамту бөлімі мамандарынан мемлекеттік бағдарламалар туралы мағлұмат алады. Одан соң «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында грант алып, өз ісін бастағандардың бірі.
Былтыр жаздан бері жесе ет, сатса ақша болатын үй құсы — тауық бағып, тәуір табыс көзіне айналдырып отырған жайы бар.
— Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырмыз. Курста кәсіпкерлік негіздерін оқып, бизнес-жоба қорғап, мемлекеттік грантқа қол жеткіздім. Жобам тауық бағуға қатысты болды. Бұл бағытта бизнес-кеңесшілермен ақылдасып, жан-жақты ақпарат алдым. Содан жаз басталғанда грант қаражатына 100 тауық сатып әкелдім, — дейді.
Кәсіптің көзін тапқан шаруа құстардың жемшөбін аудан орталығынан сатып алып отыр. Үй ауласынан тауық қорасына орын тауып, сайлап алған. Балапандарды қоршауға арналған тор жасаған.
— Жемін уақтылы берсең, тауықтар жұмыртқалай береді. Алайда қыс айларында біршама азаяды. Тауықтың жұмыртқасы — дәруменге бай әрі адам организміне сіңімді тағам. Нарықта жұмыртқаға сұраныс жоғары. Қазір он жұмыртқаның бағасы — 600 теңге. Қыстай бағып, көктемде көбісі балапан басып жатыр, — дейді ол. Еңбекқор, жаңа мамандықты тез игеретін Мәншүк өзін басқа салада да сынап көргісі келіп «Табысты отбасы» жобасына қатысып, тәтті бәліштер пісіру мақсатында пеш жеңіп алады. «Manshuk vipechka kobda» деген атаумен шығарылатын бәліштің бірнеше түрі дәмі тіл үйіреді әрі бағасы да қолжетімді. Мәншүктің негізгі мамандығы — аспаз. Үйде тәттілер пісіре бастаған ол әуелгіде қызығушылықпен басталған сүйікті ісін қазір кәсіп көзіне айналдырып отыр. «Табысты отбасы» жобасы — бұл Ақтөбе облысы бойынша Қобда ауданында ғана жүзеге асырылып отырған бірегей жоба. Аталмыш жобаға қатысқан қобдалық жиырма түлекке өз ісін ашу үшін жабдық түріндегі грант пен сертификат табысталған болатын. Жерлестеріміз әлеуметтік желідегі маркетинг, тігіншілік, автоэлектрик механигі, сұлулық салоны маманы, кондитерлік бойынша бір айлық кешенді оқытудың бес бейіндік бағытында білім алды. Жоба қатысушылары сұранысқа ие кәсіптерін бастауға қажетті ноутбук, тігін машинасы, пеш, араластырғыш, жастықты тақтай төсек, әмбебап ас әзірлегіш, сканер секілді қажетті заманауи әрі жаңа құрал-жабдыққа қол жеткізді. «Табысты отбасы» әлеуметтік пилоттық жоба халықтың неғұрлым осал топтарының өкілдерін, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының мүшелері, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды, табысы төмен отбасылардан шыққан жастарды кешенді оқытуға бағытталған. «Табысты отбасы» жобасы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылай қолдауының арқасында іске асырылып жатқанын атап өткен жөн. Бүгінде көптеген әлеуметтік жобалар іске асырылуда, бірақ бұл «Табысты отбасы» жобасы қысқа мерзімде өз ісін дамыту бойынша білімі мен дағдыларынан басқа, бейіндік бағытты таңдауға мүмкіндік беретіндігімен, сондай-ақ істі ашу үшін жабдықтарды өтеусіз беретіндігімен ерекше. Бұл — қатысушылар үшін отбасылық табысын арттыруға тамаша мүмкіндік. Жобаға бір ай бойы белсенді қатысып, өз ісін ашуға ниеттенгендердің бірі — Мәншүк Байгелдинова.
— Мен көпбалалы анамын. «Табысты отбасы» жобасына қатысқаныма қуаныштымын. «Кондитерлік» бағыты бойынша оқудан өтіп, өзімнің ісім үшін қажетті жабдықтар жиынтығын алдым, енді мен жұмыс істеп, өз ісімді дамыта аламын. «Табысты отбасы» мені өзгертті, өзімді тұлға ретінде дамытуға сенімділік пен ынта берді. Тәлімгерлерімізге және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорына алғыс айтамын, — деді кейіпкеріміз.

P.S. Қобда ауданы бойынша былтыр 60 адамға 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш көлемінде (АЕК) мемлекеттік грант қаражаты берілген. Олар тігін, шаштараз, киіз үйді жалға беру, өлең жазу студиясы, монша, автокөлік жуу қызметі, доңғалақ жөндеу, жиһаз жасау, кондитер цехын ашқан. Биыл аудан бойынша шамамен 24 грант беру жоспарланып отыр. Қайтарымсыз гранттар қазіргі нарық заманында жұмыссыздардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына септігін тигізіп отыр. Ісі алға басқан кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалардың басқа да бағыттары арқылы өз кәсіптерін кеңейтуді көздейді.

Талғат БАҒЫБЕРГЕНҰЛЫ,
Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button