Спорт

Тағы да тең ойын

«Атырау»-«Ақтөбе» — 0:0

26-27 тамыз күндері чемпионаттың 21-тур ойындары өтті. «Қайрат» Алматыда «Астананы» 88-минутта соққан голдың арқасында жеңді (1:0). Қостанайда «Тобыл» мен «Ордабасы» тең ойнады (0:0). «Қызылжар» онсыз да көш соңында келе жатқан «Ақсуды» ұтты (1:0).

Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Атырау» командасымен ойнады.

Жасырып қайтеміз, сонау сәуір айында осы «Атырауды» 4:0 есебімен жеңген күш-қуат қазір «Ақтөбенің» бойында қалып жарытпағаны да белгілі еді. Сол себепті жанкүйерлеріміз бұл ойынға күдікпен қараған да болатын. Бекер күдіктенбеппіз.

Футболшыларымыздың соңғы кездесулерде әлсіреп қалғанын байқап жүрміз. Сондай өгіз аяң тірліктің бірін осы ойын көрсетті. Рас, «апама жездем сайдың» кебі келді. Әйтпесе екі команданың бірінші таймда (45 минут ішінде) бірі-бірінің қақпасына бір-бір реттен ғана соққы жасағанын немен түсіндіруге болады? Бәлкім, бұл таймда доп 59 минутта ақтөбеліктердің аяғында жүргенін сөз етуге болар. Бірақ мұны да жетістікке жатқызу қиын. Біздің жігіттер аяғына доп тие қалса, соны сүйретіп, «мынадан қалай құтылсам екен» дейтіндей әрлі-берлі жортақтап жүріп алады, сөйтіп жүріп доптан айырылып тынады немесе айдалаға теуіп құтылады. «Қане, маған тастай ғой» деп жұтынып тұрған әріптес және жоқ. Аса жан қинаудың қажеті жоқтығына мойынсынған қалыпқа түскен сынды ойыншыларымыз.

Екінші таймда ақтөбеліктер сылбырлықтан арылып, шабуылға да көшіп көрді. Бірақ атыраулық қақпашы Егор Хаткевичтің қақпасына гол енбей қойды. Бір ретте қақпашы шеберлік көрсетсе, басқа жағдайда футболшыларымыз допты қақпаға қиыс бағыттаумен болды. Алаңға запастан шыққан ойыншылар да көрікті қыздыра алмады. Алаңда жеке шебер ойыншылар болғанымен, тұтас шебер команда жоқ болып шықты. Не керек, ойын нәтижесіз аяқталды. Бәлкім, бұндай халге жетуімізге клуб басшылығына қатысты жағымсыз әңгімелер де әсер етті ме екен?.. Айтпақшы, бұл кездесуде әншейінде футболшыларға гуілдей дем беріп отыратын, командаға қайда да ілесіп жүретін ақтөбелік жанкүйерлеріміздің де дауыстары естілмеді.

Қалай болғанда да, қатарынан үшінші тур бойы тең ойынға әзер қол жеткізуіміз, ал мына кездесуде тіпті гол соға алмауымыз чемпионат қорытындысы бойынша биіктен көрінетіндігімізге ешқандай сендіре алмай тұр.

«Атырау»-«Ақтөбе» — 0:0

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко (капитан), Лука Гадрани,​ Дмитрий Яшин, Әділхан Таңжарықов, Леонель Струмия, Милош Раичкович (Ихаб Гнаем, 75-минут), Андерсон Ньянгбо (Абылайхан Жұмабек, 85-минут), Андрия Филипович (Рожерио Шина,​ 68-минут), Арман Кеңесов (Максим Самородов, 46-минут), Элдер Сантана.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

27 тамыз 2023 жыл. Атырау қаласы, «Мұнайшы» стадионы.  5500 адам.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 6 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 4 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 4 гол;

Лука Гадрани, қорғаушы — 3 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 3 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 2 гол,

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 2 доп;

Андерсон Ньянгбо, жартылай қорғаушы — 2 доп,

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Милош Раичкович, жартылай қорғаушы —1 доп,

Дмитрий Шомко, қорғаушы — 1 доп.

*   *   *

Жерлестеріміз 21 кездесу өткізіп, 11 рет жеңді, 8 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 41. Доп айырмашылығы — 37:19.

*   *   *

21-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Ордабасы» (Шымкент) — 49 ұпай;
  2. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 41 ұпай;
  3. «Астана» (Астана) — 40 ұпай;
  4. «Қызылжар» (Петропавл) — 36 ұпай;
  5. «Қайрат» (Алматы) — 35 ұпай;
  6. «Тобыл» (Қостанай) — 28 ұпай;
  7. «Атырау» (Атырау) — 28 ұпай;
  8. «Қайсар» (Қызылорда) — 26 ұпай;
  9. «Жетісу» (Талдықорған) — 25 ұпай;
  10. «Шахтер» (Қарағанды) — 23 ұпай;
  11. «Мақтаарал» (Атакент) — 18 ұпай;
  12. «Оқжетпес» (Көкшету) — 18 ұпай;
  13. «Каспий» (Ақтау) — 15 ұпай;
  14. «Ақсу» (Павлодар) — 15 ұпай.

(Басқалардан «Тобыл» мен «Мақтааралдың» 2 ойыны, ал «Ордабасы», «Астана», «Қызылжар», «Оқжетпес» командаларының 1 ойыны кем екендігін еске саламыз).

*   *   *

22-тур ойындары біршама үзілістен соң 15-17 қыркүйек күндері өтеді:

15 қыркүйек, жұма

«Ақсу» — «Оқжетпес»

«Каспий» — «Мақтаарал»

16 қыркүйек, сенбі

«Ақтөбе» — «Ордабасы

«Атырау» — «Қызылжар»

«Астана» — «Тобыл»

17 қыркүйек, жексенбі

«Жетісу» — «Қайрат»

«Шахтер» — «Қайсар»

*   *   *

Футболдан Әлем чемпионатының, Еуропа чемпионатының финалдық ойындарына қатысу дейтін мәселе бұрын біз үшін арман болып қана келген. Ал, міне, биыл келесі жылғы Еуропа чемпионатының ақырғы сайысына қатысу мүмкіндігіне ие болудан кәдімгідей дәмелі болып отырмыз. Бұған дейін қазақ футболы қазіргідей табысқа жетіп көрмегені мәлім.

Төрт турдан соң Финляндия құрамасымен қатар 9 ұпай жинап отырмыз. Ал Дания мен Словения — 7 ұпайдан; Солтүстік Ирландия 3 ұпай жинады. Сан-Маринода еш ұпай жоқ. Үш рет ұтып, бір рет жеңілген Қазақстан құрамасы 8 гол соғып, өз қақпамызға 4 доп жіберіп алды.

Сұрмергендеріміз — екі доптан соққан А.Айымбетов, А.Тағыберген, Б.Зайнутдинов, бір голдан соққандар: М.Самородов, Я.Вороговский.

Енді алдымызда маңызды екі кездесу тұр. Қазақстан құрамасы өз алаңымызда 7 қыркүйекте Финляндия құрамасын, 10 қыркүйекте Солтүстік Ирландия футболшыларын қабылдайды.

Еуро-2024 додасына өз тобымызда бірінші-екінші орын алған командалар қатысады.

Жігіттерімізге, әрине, ең алдымен бас бапкеріміз Магомед Адиевке зор үміт артып отырған жайымыз бар. Жақында М.Адиев жоғарыда аталған екі ойынға қатысуға шақырылған футболшылардың тізімін жария етті.

ҚақпашыларИгорь Шацкий («Шахтер»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Александр Заруцкий («Астана»);

ҚорғаушыларСергей Малый, Темірлан Ерланов (екеуі де — «Ордабасы»), Александр Марочкин, Михаил Габышев, Тимур Досмағамбетов, Ян Вороговский (бәрі де — «Астана»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Еркін Тапалов («Қызылжар»), Лев Скворцов («Химки», Ресей); Марат Быстров («Ахмат», Ресей), Әлібек Қасым («Ақтөбе»);

Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген («Ордабасы»), Максим Самородов («Ақтөбе»), Бактиер Зайнутдинов («Бешикташ», Түркия), Аслан Дарабаев, Эльхан Астанов, Исламбек Қуат, Абзал Бейсебеков, Владислав Прокопенко (бәрі де — «Астана»), Рамазан Оразов («Тобыл»);

Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Астана»), Вячеслав Швырев («Қайрат»), Рамазан Каримов («Мақтаарал»).

«Жаман айтпай, жақсы жоқ», өтіп жатқан бұл іріктеу турнирінде алғашқы екі орынның біріне іліге алмаса, Қазақстанның бұл жолдамаға Ұлттар лигасы арқылы ие болу мүмкіндігі де бар. Біздің құрама сол Ұлттар лигасының өз тобындағы жеңімпазы ретінде тоғыспа кездесулер (стыковые матчи) арқылы күш сынаса алады. Еске сала кетсек, Ұлттар лигасында (2022-2023, «С» тобы) Қазақстан құрамасы Словакия, Беларусь,Әзірбайжан командаларынан басым болып, бірінші орын алған болатын.

Ал 24 құрама қатысатын кезекті Еуропа чемпионаты 14 маусым мен 14 шілде аралығында Германияда өтеді.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button