Спорт

Үш жүлде әкелді

Иорданияның астанасы Амман қаласында күрес түрлерінен жастар (21 жасқа дейінгі) арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстандық жас балуандар елімізге үш жүлде әкелді.

Оның ішінде Исхар Құрбаев әлем чемпионы атанды. Ризабек Айтмұхан күміс жүлде алса, ал ақтөбелік Дінислам Сағитжан қола жүлдеге ие болды.

​Исхар Құрбаев грек-рим күресінен 55 келіде сынға түсіп, түрік, түрікмен және қырғыз балуандарын жеңіп, финалға шықты. Ақтық сында ол әзірбайжан балуаны Фарид Садихлимен алтынға таласты. Исхар қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсіп, әлем біріншілігінің алтынын жұлып алды.

Ақтөбелік балуан Дінислам Сағитжан (66 келі) да — грек-рим күресінен ұлттық құраманың мүшесі. Қола медаль үшін таласта ол АҚШ балуаны Лэндон Майкл Дрюриді 9:0 есебімен ұтты.

Ал Ризабек Айтмұхан (90 келі) еркін күрестен сынға түсіп, өкінішке қарай, финалда Иран елінің балуаны Мохаммадмобин Голомалиден жеңілді. Ризабек биыл ересектер арасындағы Азия чемпионатында да күміс жүлдегер атанған болатын.

Грек-рим күресінен сынға түскен ақтөбелік Сайфулла Құрман (60 келі) мен тағы бір жерлесіміз, еркін күрестен қыздар құрамасының мүшесі Алина Ертөстік (76 келі) жұбаныш белдесуіне дейін жеткенмен, қарсыластарынан ұтылып, қолаға таласу мүмкіндігінен айырылды.

Өкінішке қарай, қыздар құрамасы бұл чемпионаттан жүлдесіз қайтты.

А.САРЫБАЙ.

Суретте: Дінислам Сағитжан

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button