Ауыл

Жазушы есімі ұлықталды

Өтебай Қанахин — 100

Жуырда Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейі аудан әкімдігімен бірлесіп, көрнекті жазушы Өтебай Қанахиннің туғанына 100 жыл толуына орай шара ұйымдастырды. Оған жазушының ұрпақтары қатысты.

Ырғыз ауылындағы Өтебай Қанахин атындағы көшеде жазушыға арналған түрлі іс-шаралар өтті.

Шара барысында аудандық кітапхана оқушылар арасында «Ұшқыр ой» интеллектуалды сайысын өткізіп, Өтебай Қанахин көшесінде тұратын тұрғындар үшін «Үлгілі үй» байқауын, қазақша күрес пен «Түйе палуан» жарысын, жәрмеңкелер және жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмелер ұйымдастырды.

Көрмеге жазушының қолданған шаңғысы, портфелі, жеке күнделігі, кітаптары қойылды. Аудан тұрғындарына мерекелік концерттік бағдарламалар ұсынылды.

Осы шаралар аясында өткен сайыстарда белсенділік танытып, жүлделі орындарды жеңіп алған қатысушыларға Құралай Қанахина өз отбасының атынан естелік сыйлықтар табыстады.

Бұдан әрі «Арай» аудандық мәдениет үйінде «Туған жердің тұғыры биік тұлғасы» атты  конференция өткізілді. Онда жазушы туралы мазмұнды әңгімелер, қызықты естеліктер айтылды. Шараны Қазақстанның құрметті журналисі Рақымжан Өтеміс жүргізді.

Кеште аудан әкімінің орынбасары Айбек Өксікбаев сөз сөйлеп, музей директоры Әлібек Таубатыров баяндама оқыды. Тарихшы ғалымдар Мұхамбетшәріп Кенжебай, Үмбетқан Сәрсембин, Ырғыз ауданының құрметті азаматы Нұрқасым Сәрсенбаевтар әсерлі әңгімелермен бөлісті.

Мерейтойға жазушының Өзбекстанның Тамды ауданынан, Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларынан, Қызылорда облысының Қазалы, Арал және Әйтеке би аудандарынан жақындары келіп қатысты.

Шарада жазушы мен оның отбасы туралы бейнероликтер, ақын Қадыр Мырзалиевтің зайыбы мен баласының, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның, Үмбетбай Уайдиннің жары Мәриям Алданованың бейнежолдаулары көрсетілді.

Конференция соңында Саябек Қанахин әке өнегесі туралы естелік әңгімелерін айтып, Ырғыз жұртына алғысын білдірді.

Д.АЙДАР,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button