Білім

50 баланы қуанышқа бөледі

Өткен жұма күні облыстық мәслихат депутаттары — Amanat партиясының мүшелері «Баланы мектепке дайындайық!» республикалық акциясына үлес қосты.

Олар 20 балаға 50 мың теңгенің сертификаты мен рюкзак тарту етті. Мұндай көмекті көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар алды.

Өз кезегінде материалдық қолдау көрген ата-аналар ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

— Қызымның екі ұлын қамқорлығыма алдым. Үлкені Алматыдағы университетте оқиды, екіншісі 7-сыныпқа көшті. Жалғызбасты анаға екі баланы жетілдіру оңай емес. Оның үстіне 4-5 жылдан бері осы балаларға арнап үй салып жатырмын. Қақпасын тұрғызуға депутаттар көмектесті. Қайырымдылық ісі үшін партияға ризашылығым мол, — деді зейнеткер Ағила Ділмағамбетова.

Ал Қарашаш Диярованың 7 баласы бар. Жолдасы — екінші топ мүгедегі, өзі бала күтімімен үйде отыр. 4 баласы мектепте оқитын ана бұның үлкен демеу екенін айтады.

Аталған партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұловтың айтуынша, «Бақытты отбасы» жобасы аясында ұйымдастырылған акцияға барлық деңгейдегі депутаттар атсалысып жатыр. Қазірдің өзінде облыстық мәслихат депутаттары Талғат Салфиков, Сергей Прокопьев 300-ден астам оқушыға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер сыйлаған. «Акция аясында облыстағы 2 мыңнан астам оқушыны қамту көзделіп отыр», — дейді ол.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button