Спорт

Спорт күніндегі сый-құрмет

Тамыз айының үшінші жексенбісі — спорт күні Ақтөбеде кең көлемде аталып өтілді. Бұл күні спорт мектептеріне автобус беріліп, бірқатар сала маманы марапатталды.

Өңірде спорт күнін тойлау Триатлон саябағынан басталды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов алдымен 12 аудандағы балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне шағын автобустардың кілтін табыстады. «Next» маркалы көлік енді спортпен айналысатын балғындардың әрі-бері жүріп-тұруына, жер-жердегі жарыстарға қатынауына қызмет етпек.

— 16 орындық автобусты алғанымызға қуаныштымыз. Бұл бірінші кезекте спортшы балаларға керек. Өйткені бұған дейінгі көлігіміз ескіріп тұр еді. Жалпы, біздің спорт мектебіне 580 бала қатысады. Олар спорттың 12 түрі бойынша жаттығып жүр. Сондықтан автобуссыз, әрине, қиын, — дейді Ойыл аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қанат Ермағанбетов.

Мерекелік шара «Ekiden» жеңілатлетикалық эстафета жарысына ұласты. Жиналғандарды құттықтаған Ералы Тоғжанов өңірде жылдан-жылға спортпен айналысушылар саны артып жатқанын атап өтті.

— Спорт күні – денсаулық, күш-жігер, шыдамдылық, сергектік мерекесі.

Халық даналығында «Тәні саудың – жаны сау» деп тегін айтылмаса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлт саулығының кепілі — спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Президент көтерген бастамалар халықтың денсаулығын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Салауатты өмір салты, денешынықтыру мен спортты дамыту — елімізде, соның ішінде облысымызда маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде спорт кешендері ашылып, мектептер мен спорт секцияларында денешынықтырумен шұғылданушылар саны көбейіп келеді, — деді.

10 шақырымдық эстафеталық жүгіру жарысына 30 команда (әр командада 4 желаяқтан) қатысты. Жеңімпаздар екі санат бойынша марапатталды. «Достар» санатында «ХАРД» командасы жеңіске жетті. Ал «SN Running Team» және «Спарта» командалары үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ «Корпорация»

санатында «Қазхром арыстандары» командасы озса, «Жеңімпаздар» мен «Әуе қорғаныс күштері институты» командалары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтар мен медальдарға ие болды.

— Осы сайысқа қатысу үшін Хромтау ауданынан келдім. Топ болып жүгірдік, әрқайсысымыз 2,5 шақырымды артқа тастадық. Спорттық бәсекелерден қалмауға тырысамын, мамыр айында да жүгіруден марафонға қатыстым. Әр адамның өмірінде спорттың рөлі айрықша болуы керек деп есептеймін, — дейді сайысқа қатысушы Әмина Тұржан.

Түс ауа спортшыларға арналған салтанатты шарада бірқатар ақтөбелікке құрмет көрсетілді.

«Спорт саласының қызметкерлері — елдің көз алдында жүретін, сынға түссе шыңдалып, додаға салған сайын делебесі қозатын ерекше жандар. Президент тапсырмасына сәйкес «Денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілгені белгілі. Қазіргі уақытта спорт қызметкерлеріне, жалпы салаға айрықша көңіл бөлінуде», — деген облыс әкімі спорттағы жоғары нәтижелері үшін 18 ақтөбелікті Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрінің «Құрметті спорт қызметкері» атағын Жетпісбай Еңсепов, Мінсізбай Жайлыбаев, Бауыржан Төлегеновке, «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалін Нұрлыжан Мұқашев, Мейрамбек Әбішев, Константин Демиденкоға тапсырды. Мұнымен бірге министр Асхат Ораловтың Алғыс хатын самбо күресінен жаттықтырушы Ақәділ Убаев алды. 6 адамға «Спорт ардагері» төсбелгісін тақты.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде өңірдің барлық ауданында, тіпті шалғай жатқан ауылдарда әртүрлі спорт түрінен заманауи нысандар салынып жатыр. Биыл 18 спорт нысаны, соның ішінде «Спорт нысандарын дамыту» бағдарламасы аясында 7 спорт кешені және «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша 11 спорт алаңы пайдалануға берілгелі отыр. Ақтөбелік спортшылардың түрлі додалардағы жетістігі де айтуға тұрарлық. Кейбір спорт түрлерінен рекорд жаңартқандары да бар. Облыс әкімі мерекелік шара барысында әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, оларды көпшілікке үлгі етті.

Айта кетейік, биыл ақтөбелік спортшылар 139 Қазақстан чемпионатына қатысып, 40 алтын, 32 күміс, 53 қола медаль жеңіп алған.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button