Спорт

Реттелмеген резерв

«Ақсу»-«Ақтөбе» — 1:1

 

 12-13 тамыз күндері чемпионаттың 19-тур ойындары өтті. Сырт алаңда «Ордабасы» «Қайсарды» ұтса (3:2), «Қайрат» Алматыда «Тобылдан» басым түсті (2:1). Биыл бірінші лигаға түсіп қалу қаупі төніп тұрған «Каспийді» «Атырау» 1:0 есебімен жеңді.

10 тамызда ғана Конференция лигасының іріктеу турнирінде сырт алаңда Румынияның «Сепси» командасымен тең ойнаған (1:1) «Ақтөбе» бұл жолы, әлде мығым күшті келесі қарымта кездесуге сақтады ма, әлде тәжірибелі футболшылар демалып үлгермеді ме, әйтеуір, алаңға әлі де командаға нағыз қуат-күш қоса қоймаған ойыншылармен шықты. Бұл ойынды кейінге шегере тұруға келіспеген «Ақсудың» күткені де осы еді. Ал ақтөбелік жанкүйерлерді, сірә, Роман Изотов, Мирослав Лобанцев, Тимур Рудосельский, Дмитрий Бессмертный, Абылайхан Жұмабек тәрізді фамилиялар аса желпіндіре қоймаған шығар. Рас, «Ақсу» командасының да айдарынан жел есіп тұрған ештеңесі жоқ-ты. Сол себепті ойын алма-кезек шабуылдармен басталып, солай жалғасты. Дегенмен бірінші таймда қонақтардың аз-кем басымдығы байқалды. Мысалы, ойын уақытының 64 пайызында доп ақтөбеліктердің аяғында жүрді. Қақпаға соққы жасау (4-3), дәл соққы бағыттау (2-1) жөнінен де ақтөбеліктер алда болды. Басымдықтың дәлелі — Андерсон Ньянгбо соққан гол. 36-минутта ол алдына келе қалған допты өзіне асықпай ыңғайлап алды да, оң аяқпен тіке соққы жасады — 0:1.

Ал екінші таймда ақсулықтар екі гол соқты. Бірақ бірінші голды алаң иелері ойын ережесін бұзу арқылы өткізгендіктен есепке алынбады. Көп ұзамай, 57-минутта Дінмұхаммед Қараман гол авторы атанды. Ол әуелете тепкен доп доғаша иіліп барып қақпаның ол жақ бұрышына енді де кетті. «Мынау не ғып жүр» дегендей қақпашымыз Мирослав Лобанцев ұшып бара жатқан допқа мойын бұра қарады да қала берді.

Жалпы екінші таймда да ойын алма-кезек шабуылдармен өтті. Екі команданың да жеңіске жету мүмкіндіктері болды. Әсіресе ойынға 59-минутта қосылған Элдер Сантана жан аямай қимылдады. Әттең, қасында қолдап жүретін лайықты серігі болмады. Дегенмен сол Сантананың бір соққысынан соң зырқырап ұшқан доп қақпаның маңдайшасына тиіп барып кері серпілгені кәдімгідей өкініш болды.

Ойыннан соң мынадай пікір пайда болды. Біріншіден, біздің резервтегі жігіттердің шеберлігі шыңдалмағаны, бір-бірімен түсінісіп ойнауы нашар екендігі көрініп тұрды. Екіншіден, бұлай болатыны бұлардың алаңға шығу тәжірибесі де тым аздығынан шығар. Он тоғыз турда алаңға бірер рет, онда да бірер минутқа ғана шыққан ойыншыдан қандай шеберлік күтуге болады? Қалай болғанда да, көштің ең соңында келе жатқан «Каспий», «Ақсу», «Мақтаарал» тәрізді командаларды жеңе алмау алдына үлкен мақсат қойып отырған команда үшін ешқандай жетістік емес.

«Ақсу»-«Ақтөбе» — 1:1

Гол авторлары: Андерсон Ньянгбо, 36-минут (0:1), Дінмұхаммед Қараман, 57-минут (1:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Мирослав Лобанцев (қақпашы), Дмитрий Шомко (капитан), Тимур Рудосельский, Лука Гадрани, Ескендір Қыбырай, Эхаб Гнаем, Андерсон Ньянгбо, Арман Кеңесов (Леонел Струмия, 17-минут), Дмитрий Бессмертный (Рожерио Шина, 78-минут), Абылайхан Жұмабек (Бауыржан Байтана,​ 78-минут), Роман Изотов (Элдер Сантана, 59-минут).

Бас бапкер — Андрей Карпович.

13 тамыз 2023 жыл. Павлодар қаласы, Орталық стадион. 4850 адам.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 6 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 4 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 4 гол;

Лука Гадрани, қорғаушы — 3 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 2 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 2 гол,

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 2 доп;

Андерсон Ньянгбо, жартылай қорғаушы — 2 доп,

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Милош Раичкович, жартылай қорғаушы —1 доп,

Дмитрий Шомко, қорғаушы — 1 доп.

*   *   *

Жерлестеріміз 19 кездесу өткізіп, 11 рет жеңді, 6 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 39. Доп айырмашылығы — 36:18.

*   *   *

Он тоғызыншы турдан соңғы алғашқы үштік — «Ордабасы» (45 ұпай), «Ақтөбе» (39 ұпай), «Астана» (39 ұпай).

4, 5, 6-орын иелері — 32 ұпай жинаған «Қайрат», 30 ұпайы бар «Қызылжар» және 27 ұпайы бар «Атырау»

7,8,9-орындарда 26 ұпайы бар «Тобыл», 24 ұпайдан жинаған «Қайсар» мен «Жетісу» тұр.

10, 11-орынға 20 ұпаймен «Шахтер», 17 ұпаймен «Оқжетпес» орнықты.

Биыл бірінші лигаға түсіп қалуға «жолдама» беретін 12,13,14-орында қалғандар — «Каспий» (14 ұпай), «Мақтаарал» (12 ұпай), «Ақсу» (12 ұпай).

*   *   *

Басқалардан «Тобыл» мен «Мақтааралдың» 2 ойыны, ал «Ордабасы», «Астана», «Қызылжар», «Оқжетпес» командаларының 1 ойыны кем екендігін еске саламыз

*   *   *

20-тур ойындары 19-20 тамыз күндері өтеді:

19 тамыз, сенбі

«Шахтер» — «Оқжетпес»

«Ақсу» — «Атырау»

«Каспий» — «Қызылжар»

20 тамыз, жексенбі

«Астана» — «Қайсар»

«Ақтөбе» — «Тобыл»

«Жетісу» — «Мақтаарал»

«Ордабасы» — «Қайрат»

 

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button