Ауыл

«Ауыл аманаты» өнімдерін мектеп асханасына әкелу керек

Сонда асқазаны «бүлінген» бала саны азаяды...

Енді бірер аптадан кейін жаңа оқу жылы басталады. Көшелер сөмке асынып бірі мектепке бара жатқан, екіншісі қайтып келе жатқан оқушыларға толады. Сөз жоқ, жанға жылы, әдемі көрініс.

Алайда осы көріністің көңілге кірбің түсіріп, уайым жамайтын тұсы да болады: ол — әрлі-берлі ағылған алаңсыз балалардың қолындағы түрлі тәтті, газды сусындар, жылтырақ қағаздағы зиянды қоспасы көп жасанды өнімдер мен фаст-фуд тағамдары.

Қазір ата-аналар балалар мен жастардың табиғи тағамнан гөрі, жасанды өнімдерге, түрлі газды сусындарға құмар келетінін айтып, жиі шағымданады. Күні бойы жұмыста болатын ата-ана ұл-қызын мектептен, үйірмелерден босап, үйге келгенде тоқ отырсын деп, жүгіріп жүріп тамағын, айран-көжесін әзірлеп кеткенімен, қайтып келсе, бала соның біріне де қол тигізбей, дүкеннен тез әзірленетін лапша алып ішкен болып шығады.

«Бірінші байлық — денсаулық» болса, сол денсаулықты сақтаудың жолы — дұрыс тамақтану. Екінші жағынан, баланы дұрыс тамақтануға ерте баулу керектігіне мән бермейтін ата-аналар да көп. Түрлі газды сусындардың, фаст-фудтың зияны жөніндегі сөзге «айта береді» деп, қолын сілтеп, тоңазытқышын толтырып қойып, еш қамсыз отыра береді. Әрине, денсаулығы сыр бергенге дейін…

Қазір дәрігерлер елімізде түрлі аллергиялық аурулар, қант диабеті, асқазан-ішек сырқаттары мен семіздіктің көбейіп бара жатқанын айтып, дабыл қағып жүр. Өткен он жылдың ішінде елімізде қант диабеті дертіне шалдыққандардың саны екі есе көбейген. Қазіргі күні диспансерлік есепке алынғандардың саны — 439,3 мың адам. Бұл дегеніңіз — әрбір 45-ші адам…

Дәрігерлердің айтуынша, қанттың күнделікті тағам құрамындағы тәуліктік мөлшері ең жоғары дегенде 25 грамнан аспауы керек. Бұл, шамамен, 5 шай қасықтай болады. Ал дүкен сөрелерінде самсап тұрған тәтті сусындардың бір стаканының өзінде 8 шай қасыққа дейін қант бар. Бұл сусындардың ішіндегі ең танымалы — «Кока-Кола». Бастапқыда табиғи өнімдерден жасалып, жүйке жүйесінің аурулары мен бедеулікке қарсы емдік сусын ретінде дәріханаларға шығарылған бұл сусын бірте-бірте сауда орындарына қарай жылысты. Бүгінде бұл сусын әлемде тек Куба мен Солтүстік Кореяның ғана нарығында жоқ екен. Оның ішінде Кубада өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін сатылып келіп, кейін тыйым салынған болса, тек Солтүстік Кореяға ғана осы кезге дейін мүлде «жете алмаған». Есептеулер бойынша, әлемде әр секунд сайын «Кока-Кола» сусынының 8 мың стаканы ішіледі. Осынша деңгейде таралған, әрі кешеге дейін құрамын құпия ұстап келген сусынның төңірегінде дау-дамай да көп. Мысалы, британдық The Daily Mail басылымының жазуынша, салауатты өмір салтын насихаттаушы америкалық белсенділердің бір тобы, құрамында канцерогендік заттардың көп болуына байланысты, бұл сусынды сатылымнан біржола шығаруды талап еткен. Яғни былайғы әлем «америкалық бренд» ретінде «құрметтеп» келе жатқан жатқан сусынды америкалықтардың өздері өте зиянды санайды. Бірнеше жыл бұрын ресейлік белсенді азаматтар да «Кока-Кола Лайт» сусынын сатылымнан шығаруға тырысып, тіпті сотқа жүгінді. Оның себебі — сусын құрамындағы аспартам аталатын зат. Қанталмастырғыш саналатын аспартам 30 градус жылылықта бірнеше апта тұрған жағдайда, формальдегид, метанол және фенилаланин сынды қауіпті заттарға ыдырайтын болып шықты. Бұның ішінде біз тек формальдегидке ғана тоқталып, онда да бір-ақ ауыз сөзбен, оның А класты канцероген ретінде тіркелгенін айтсақ та жеткілікті.

Құрамында қанты мол газды сусындарды ішкен соң, жарты сағат ішінде қанға көп мөлшерде инсулин бөлінеді, бірте-бірте зат алмасу процесі күшейіп, кальций, магний, мырыш, т.б. пайдалы минералдар ағзадан шығарылады. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі адамдардың көпшілігі кальций жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Кальций жетіспеушілігінің белгілері: үнемі шаршап жүру, әлсіздік, тістердің бұзылуы, иммунитеттің әлсіреуі, ұйқысыздық, аурушаңдық, т.б. Әсіресе өсіп келе жатқан жас ағза үшін кальций тапшылығының алдын алудың маңызы өте зор, дегенмен күніне тәтті сусыннан бас алмаған жағдайда, бұл туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Құнарлы тамақ ішіп, сусыны қымыз бен шұбат болған көшпелілердің, мысалы, ежелгі ғұндардың қорғандарында осыдан 1,5-2 мың жыл бұрын жерленген адамдардың тістері бүтін қалпында жатқанын қазба жұмыстарының нәтижесінде көріп жүрміз. Өткен ғасырдың 30-60 жылдарына дейін көшпелілердің ұлттық тағамдарына, өмір салтына, денсаулығының мықтылығына деген қызығушылық жоғары болған. Орыс жазушысы Сергей Аксаков «Немере-Багровтың балалық шағы» атты өзінің автобиографиялық шығармасында бірінші сәбиінен айырылған соң, құсалыққа ұрынып, өліп қала жаздаған анасын дәрігерлер не шара жасаса да, емдей алмай, ақыры «көшпелі татарлардың» ауылына апарып, қымыз ішуге кеңес бергенін жазады. Көшпелілердің қымызды емдік мақсатта көктемнің шуақты мезгілінде және малдың терісінен жасалған ыдыста әзірлеп ішетіні, бұған басқа ыдыс жарамайды деп есептейтіні, сонымен бірге көктемгі қымызбен емделу кезінде тек жас қозының етінен басқа ештеңе жемейтіні осы шығармада айтылады. Көшпелілердің ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі арқылы қалыптасқан осындай дәстүрлері, ұлттық дастарқаны, өкінішке қарай, өткен ғасырдың дүрбелеңдері кезінде жойылды. Қазіргі күні осы дәстүрлерді тірнектеп жиып, тірілтетін, насихаттайтын, ең болмаса бірен-саран жекелеген ауылдарды да табу қиын. Қымыз өндірісін жолға қойған кәсіпкерлеріміз мүмкіндігінше оны шетелге шығарғанды жөн санайды. Бұл үшін оларды кінәлау да орынсыз: қымыз оңай өндірілмейді, ол қымбатқа түседі, сондықтан қымбатқа сатқылары келеді.

Ендігі бір үміт — қазір қарқын алып отырған «Ауыл аманаты» бағдарламасында. Осы бағдарлама арқылы табиғи азық-түлік өндірісі жолға қойылып, ол халықтың күнделікті дастарқанына жетсе, бірте-бірте дүкен сөрелеріндегі жасанды қоспасы көп өнімдерді ауыстырса дейміз.

Мал өнімдерінен бөлек қазір халықтың бақша салуға деген ықыласы күшейді, бұл да қуантады. Егер халқымыздың бұрынғы тұрмыс-тіршілігін сипаттаған көркем шығармаларды, зерттеушілер еңбектерін ден бере оқысақ, қазақтың ас мәзірінде егіншілік өнімдері, өсімдік тектестер болмады деген ұғымның да жалған екенін түсінеміз. Егіншіліктен мүлде хабары жоқ халықтан аяқ астынан тары өсіруден дүниежүзілік рекорд жасайтын диқан шығар ма еді? Тағамтанушы, «Ас-арқау» инновациялық жобасының жетекшісі Өнерхан Сансызбайдың зерттеулері бойынша, қазақтар еттен — 100-ге тарта, сүттен — 100-ге тарта, сонымен қатар түрлі дақылдардан 70-тен аса тағам түрлерін әзірлеген. Ал бұдан бөлек, далада өсетін қарақат, жиде, көсік, сарымсақ, жуа, рауғаш, т.б. жеуге жарамды өсімдіктерді тек жаз-күз кезінде ғана емес, кептіріп алып, қыс кезінде де пайдаланған.

Академик Төрегелді Шарманов денсаулығы мықты болуы үшін әр адамға күнделікті кемінде 400 грамм көкөніс пен жеміс-жидек керектігін айтады. Ал кепкен жеміс-жидектің де неғұрлым жақыннан болғаны (мысалы, өзіміздің оңтүстік өңірлерден) және табиғи жолмен кептірілгені дұрыс. Біздің базарларымызға кептірілген жеміс-жидек көбіне көрші елдер мен алыс Түркия немесе Қытайдан әкелінеді, оның орнына өзіміздің Түркістан, Қызылорда облыстарынан кепкен, пісірілген қауын өнімдерін (қауынқақ, қауынқұрт) алдыруға болар еді. Немесе сол өнімдерді өмір бойы жасап келе жатқан оңтүстіктің қыз-келіншектерін шақыртып, арнайы сабақтар ұйымдастырса, құба-құп. Ал қауын, әрине, жергілікті бақшаларда да бар.

… Сөзімізді баладан, яғни түзде — донер, үйде биг-бон ішіп, қолынан тәтті сусынын тастамауға үйренген баланың болашағына алаңдаушылықтан бастаған болатынбыз. Биылғы оқу жылы қарсаңында жақсы жаңалық тарады: облыста бастауыш сыныптарда оқитын 72,8 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілмек. Бұған бюджеттен 2,6 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Оған қоса аз қамтылған отбасылардың балаларына, нақты санға шақсақ, 15,1 мың оқушыға мектепте тегін тамақ берілетін болды. Біздің пікірімізше, мектеп асханаларында ауылдың таза өнімдеріне, соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында мал, құс өсіріп, егін, бау-бақша салып отырған жергілікті шаруаның өнімдеріне басымдық берілсе, құба-құп.

Қазір мектеп асханаларында пайда қуып, құрамында түрлі жасанды қоспасы, қанты мол өнімдерді сатуға тыйым салынған. Бұны мектеп басшылығы мен ата-аналар комитетінің бақылауға алғаны жөн. Екінші жағынан, мектеп маңындағы дүкендер де бар, олардың иелерімен де халықтың, соның ішінде бала денсаулығының маңызы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізген дұрыс.

Бүгінде әлемде азық-түлік қауіпсіздігінің ең өзекті мәселелердің біріне айналғаны жөнінде жиі айтылатын болды. Азық-түлік құрамында канцерогендердің, қант диабеті, семіздік сынды дерттерді тудыратын қант пен түрлі зиянды қоспалардың шектен тыс көптігін мамандар адамзатқа төнген қауіпке, тіпті терроризмнен кейінгі екінші үлкен қауіпке балап отыр. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрмысын көтерумен қатар, осы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуге де септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button