Спорт

Сырт алаңдағы тең текетірес «Сепси»-«Ақтөбе» — 1:1

Конференция лигасының үшінші кезеңінің бірінші ойынын «Ақтөбе» Румынияда өткізді.

Сфынту-Георге қаласында өткен кездесуде жерлестеріміз өздерін тіпті де сырт алаңда жүргендей сезінбеді. Ойынның басынан аяғына дейін шабуылдаумен болды. Дегенмен «Сепси» командасы да әлсіздердің санатынан емес екен. Айталық, румындық футболшы өте қитұрқылықпен жасаған соққыны Стас Покатилов асқан шеберлікпен сыртқа аударып үлгерсе, одан соңғы сәттерде, мысалы, қақпа түбінен жасалмақ болған бір соққыға Әлібек Қасым тосқауыл болды, тағы бір қауіпті сәтте Дмитрий Шомко шапшаңдық көрсетті.

Жоғарыда ескерткеніміздей, ақтөбеліктер де қарсыластар қақпасына қайта-қайта ұмтылумен жүрді. Максим Самородов ебін тауып дәл көздей тепкен допты румындық қақпашы қақшып түсті. 64-минут шамасында ыңғайлы тасталған пасты Элдер Сантана қағып алып, тамаша соққы жасаған болатын, тағы да қақпашы кедергі болды. Дегенмен гол соғылды. 65-минутта бұрыштамаға келген Максим Самородов допты қақпаның дәл алдына асыра тастаған еді, сол жерде төрт қорғаушының ортасынан сытыла секірген Элдер Сантана допты баспен соқты, қақпашы қимылдай да алмай қалды — 0:1.

Бұдан соң бірнеше алмастырулар жасаған «Сепси» тынымсыз шабуылдаумен болды. Сондай қарбалас сәттердің бірінде румындық футболшы шірене тепкен доп біздің Лука Гадранидің аяғына тиіп барып, бірден бағытын өзгертіп жіберді де, қақпаға күтпеген тұстан әуелей еніп кетті. Стас Покатиловқа, әрине, еш әрекет жасайтын мүмкіндік қалмады. Өткен жолы Кутаисидің «Торпедосымен» өткен кездесуде де бір гол қақпамызға осылай кіріп кеткенін жанкүйерлер ұмыта қоймаған болар. Не болғанда да, біздің футболшыларымыз өз айып алаңымызда екі есе сақтық жасамаса болмайтынын тағы бір ұқты — 1:1.

Кездесу осы есеппен аяқталды. Екі команда да басым есепке жете алмады. Былайша айтқанда, бейсенбіде ойын қайтадан басынан басталады. Бұл ретте Қобыланды батыр атындағы стадионды лық толтыратын жанкүйерлеріміздің қолдауы қосымша көмек болмақшы. Дегенмен қарсыластарымыз да біздің футболшыларымызды, біздің тактикамызды әбден зерттейтінін ұмытпағанымыз жөн.

«Сепси» (Сфынту-Георге, Румыния)-«Ақтөбе» (Ақтөбе, Қазақстан) — 1:1.
Гол авторлары: Элдер Сантана, 65-минут (0:1), Роланд Варга, 89-минут (1:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко (капитан), Дмитрий Яшин,​ Әлібек Қасым, Леонел Струмия, Милош Раичкович, Әділхан Таңжарықов, Рожерио Шина (Лука Гадрани, 88-минут), Бауыржан Байтана (Арман Кеңесов,​ 60-минут)​, Максим Самородов (Дмитрий Бессмертный, 75-минут), Элдер Сантана (Андрия Филипович, 88-минут).

Бас бапкер — Андрей Карпович.

10 тамыз 2023 жыл. Сфынту-Георге қаласы (Румыния), «Арена Сепси» стадионы.

*   *   *

8 тамыз күні Еуропа лигасы турнирі аясында «Астана» өз алаңымызда Болгарияның «Лудогорец» командасын қабылдады. Әуелі қонақтар 35-минутта гол салғанымен, астаналықтар бұған екі голмен (41,53-минуттарда) жауап берді. Әттең, алаң иелері ірі есеппен ұту мүмкіндіктерін пайдалана алмай қалды. Егер жерлестеріміз осы қалпынан таймаса, 17 тамызда Болгарияда өтетін қарымта кездесу де табысты болуға тиіс.

«Астана» (Астана, Қазақстан)-«Лудогорец» (Разград, Болгария) — 2:1.

*   *   *

10 тамыз күні «Тобыл» Конференция лигасының үшінші кезеңі аясындағы бірінші кездесуін Қостанайда өткізді. Солтүстік Ирландияның «Дерри Сити» командасын қабылдаған қостанайлықтар бұл ойынды жеңіспен аяқтады. Дегенмен бір доп артықшылығы кереметтей басымдық емес екендігі және рас. Оның үстіне «Дерри Сити» оңай шағылатын жаңғақ емес екендігін аңғартты,
«Тобыл» (Қостанай, Қазақстан)-«Дерри Сити» (Дерри, Солтүстік Ирландия) – 1:0.

Е.АХАТҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button