Ауыл

Шалғай ауылдарды аралады

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының өкілдері «Ауыл аманаты» бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бір апта бойы бизнес-десант Әйтеке би ауданының шалғай жатқан ауылдарын аралап шықты.

Ауылдық округтерде тұрғындармен кездесу өткізіліп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова «Атамекеннің» қызметтері туралы да кеңінен ақпарат берді.

— Біз ауыл тұрғындарына  кеңес беріп, оқытып, құжаттарын жинасуға, бизнес-жоспар әзірлеуге көмектесеміз. Барлық аудан орталықтарында палатаның филиалдары жұмыс істейді, сондықтан облыс орталығына барудың қажеті жоқ. Әлеуетті қарыз алушыларды бастапқы іріктеуді ауыл әкімдіктері жүзеге асырады. Бағдарламаға 18 жасқа толған әрбір адам, оның ішінде тұрақты жұмысы мен жалақысы жоқ азаматтар қатыса алады. «Ауыл аманаты» жобасында көрсетілген шарттардың бір де біреуін ешқандай банк ұсынбайтынын қайталап айтқым келеді, — деді Дана Бекбауова тұрғындармен кездесу барысында.

«Ауыл аманатына» қатысуға 74 Әйтеке би ауданының тұрғыны өтініш білдірген. Бүгінгі таңда оның 53 жоба мақұлданған.

Кездесу соңында ауыл тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасы, «Мен — кәсіпкер» тетігі бойынша жеке кеңес алды.

«Ауыл аманатының» қатысушысы, Сарат ауылының тұрғыны Гүлнар Шынтемірова «Мен — кәсіпкердің»  «Кәсіпке бағыт» тармағы негізінде оқуға жазылды.

— Қазіргі таңда жеке мекемеде бухгалтер болып жұмыс істеймін. Бұйырса, декреттік демалысқа шықсам, кәсіпкер атанып, цех ашқым келеді. «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға өтініш білдіргенмін. Өтінішім мақұлданды. «Кәсіпке бағыт» тармағы бойынша оқуға жазылдым. Алдағы уақытта кәсіби тұрғыда сауатымды арттырғым келеді, — деді ол.

Айта кетейік, мұндай ақпараттық-түсіндірме жұмыстары облыстың басқа аудандарында да ішкі жоспар бойынша жүргізіледі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button