Ауыл

Хромтау-Ақтөбе: 5 автобус жолға шықты

Бір жылдары Хромтау-Ақтөбе бағыты бойынша қатынайтын автобустарға өзге ауданның тұрғындары қатты қызығатын. Соңғы кезде олардың өзі де, қызметі де нашарлай бастады. Ойдым-ойдым, шұрқ тесік жолдардан құр қаңқасы қалған ескі автобустардың саны ай сайын азайып, қатары сирей бастаған еді. Міне, кеше ғана олардың қатары  «Volvo» маркалы 5 автобуспен толықты.

Хромтау-Ақтөбе бағытында жолға шыққан қоғамдық көліктер күн сайын сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жолаушылар тасымалдайды.

​— Осы уақытқа дейін автопаркте он автобус болды. Олардың сапасы сын көтермейтін. Соның салдарынан маршрут саны азайып кеткен еді. Қазіргі уақытта көне автобустар бұзылып қалып, жөнделіп жатыр. Енді «Volvo» маркалы автобустар Хромтаудан Ақтөбеге және Ақтөбеден Хромтауға сағат сайын қатынайды. Билет құны — 600 теңге. Он төрт жасқа дейінгі балаларға — 300 теңге, — дейді «Керуен» ЖШС басшысы Алексей Ковинский.

Хромтау қаласынан облыс орталығына қатынайтын таксилер қызметінің бағасы шарықтап тұр. Күндіз мінсеңіз де, кешке қарай жол жүрсеңіз де 2 мың теңгеңізді дайындай беріңіз. Сондықтан қалааралық автобустардың іске қосылғаны хромтаулықтар үшін қуанышты жаңалық болды.

— Мен студентпін. Соңғы кездері таксидің бағасы 2000 теңгеге дейін қымбаттағандықтан үйге қатынау едәуір қиындап кетіп еді. Ал қазір билеттің бағасы қолжетімді. Ақтөбе қаласынан Хромтауға бүгін келдім. Жаңа үлгідегі автобустар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ыңғайлы. Барар жеріңе ертелетіп жеткен жақсы ғой, автобустардың сағат тоғыздан бастап жүретіні қолайсыздау, одан да ертерек жеті жарым, сегіздерде қозғалса деймін, — дейді қала тұрғыны Толғанай Есболсын.

Хромтаулықтардың көпшілігі облыс орталығына таңсәріден жолға шығу мүмкіндігі қарастырылмағанын айтады. Біз осы мәселені алға тартып, автопарк басшылығына хабарласқанымызда Алексей Ковинский автопаркте таңғы сағат 7.00-де қозғалып кететін автобустың да бар екенін айтты. Тек оған билетті алып үлгеру үшін ертерек қамдану қажет. Өйткені орын саны шектеулі.

— Бізде жолға ерте шығатын 20 орындық автобус бар. Билетті сағат 6.30-дан бастап алуға болады. Әзірге билеттерді бұдан да ертерек қашықтан сата алмаймыз. Ұзын жолдың бойында қозғалыс көп: жүк көліктері де, жеңіл көліктер де ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Жолдың күйі нашар. Күні бұрын билет сату мәселесі жол жөнделгеннен кейін шешіледі, — дейді ол.

Осылайша жаңа автобустар жолға шығып, Хромтау-Ақтөбе бағытындағы жолаушылар тасымалы шешілгендей болды.

Жанел ӨТЕУЛІ,

Хромтау ауданы

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button