Ауыл

Алты мектеп салынып жатыр

Оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін өткен жылы аудан аумағында алты мектептің құрылыс жұмыстары басталған еді. Ауыспалы кезеңмен жүзеге асырылып жатқан білім ошақтарының біреуі биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжолов айтты.

Биыл пайдалануға берілетін Темір көпір стансасындағы 60 орындық жаңа мектептің құрылысына 415,5 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Град Строй Сервис» ЖШС жүргізіп жатыр.

Аудан аумағында бұдан өзге тағы бес мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Айталық, Талдысай ауылында — 100 орындық, Қандыағаш қаласының «Самал» шағын ауданында — 600 орындық, Ембі қаласында — 320 орындық, Алтынды ауылында 60 орындық жаңа мектеп бой көтеріп келеді. Аталған мектептердің құрылыс жұмыстары өткен жылы түрлі себептерге байланысты уақытша тоқтаған еді. Бүгінде құжаттар түзетуден өткізіліп, жұмыс барысы қайта жанданды. Талдысай ауылында салынып жатқан жаңа мектептің құрылысымен «SCS Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып жатыр. Жаңа мектеп ғимаратының жалпы ауданы — 2026 шаршы метр, — деді Бахраман Аманжолұлы.

Ал Қандыағаш қаласының Самал шағын ауданында салынып жатқан 600 орындық жаңа мектептің құрылысына бюджеттен 1 562 991,7 мың теңге бөлінген. Мектепті салу жұмыстарын «ARS BUILDING» ЖШС өз жауапкершілігіне алған. Жаңа мектеп ғимаратының жалпы ауданы — 10301,62 шаршы метр.

Аудандық білім бөлімі басшысының берген мәліметі бойынша Ембі қаласындағы салынып жатқан мектептің құрылысына миллиардтан астам теңге бөлінген. Бүгінде құрылыс алаңы басында «РУС ТАЛ» компаниясының құрылысшылары қарқынды жұмыс істеп жатыр. Мектеп ғимаратының жалпы ауданы 15 мың шаршы метрден асады. Ал Алтынды ауылында 60 орындық жаңа мектеп құрылысына бюджеттен 307 196,5 мың теңге бөлініпті. Жалпы ауданы 1055,36 шаршы метр болатын мектептің құрылыс жұмыстарын «Ер Қанат Сервис» компаниясы жүргізіп жүр.

Аталған мектептер облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша салынып жатыр. Білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжолұлы биыл Ащысай ауылдық округінің орталығында 60 орындық жаңа мектептің құрылысы басталатынын айтты. Ащысайлық оқушылар үшін салынатын жаңа мектеп ғимаратының құрылысына 304,7 млн теңге бөлінген. Бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені анықтау үшін конкурс жарияланған.

 Н.ТІЛЕП

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button