Спорт

Қазақ спортының болашағы

8 тамызда Қытайдың Чэнду қаласында ХХХІ жазғы Универсиада аяқталды. Бұл Универсиадада қазақстандықтар 20 жүлде жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 20-орынды иеленді.

Универсиадаға еліміздің Туын 19 жастағы дзюдошы, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының студенті Нұрсұлтан Қабылан көтеріп барған еді. Ел қоржынына алғашқы жүлдені де дзюдошылар салды. Атап айтқанда, Сұңғат Жұбатқан (66 келі) алдымен Венгрия, Түрікменстан және Әзербайжан спортшыларын жеңіп, жартылай финалға шықты, ал жартылай финалда, өкінішке қарай, жапон дзюдошысынан ұтылды. Қола медаль үшін болған белдесуде ол өзбекстандық Әбдірахым Нұтфоллаевты жеңді. Сондай-ақ дзюдошылар Асқар Нарқұлов (73 келі) пен Бекарыс Сәдуақас (100 кг) та қола медаль жеңіп алды.

Жалпы, Чэнду Универсиадасында 18 спорт түрі бойынша жарыстар өтіп, 269 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстандық студенттер спорттың 10 түрі бойынша жарыстарға қатысып, тек жеңіл атлетика мен үстел теннисінен ғана медаль ала алмады.

Ал өзге 8 спорт түрінен барған құрамалар елге олжалы оралды. Оның ішінде таэквондо мен спорттық гимнастикадан жастарымыз алтын медаль иеленді. Бірінші алтын медальды таэквондошы Рита Бәкішева (46 келі) жеңіп алды. Финалда ол Қытайлық Тайбей елінің өкілі Хуан Ин Суанды ұтты. Екінші алтын медаль иегері — гимнастшы Милад Карими. Спорттық гимнастикадан ұлттық құраманың мүшесі, Азия чемпионатының 5 мәрте жүлдегері Милад Карими осы Универсиадада әртүрлі жаттығулардан алтын, күміс және қола медаль алып, ел қоржынына үш бірдей жүлде салды. Гимнастшы Нариман Құрбанов та Чэнду Универсиадасының күміс жүлдегері атанды.

Чэндуда үш бірдей жүлде алған тағы бір спортшымыз бар: ол — көркем гимнастшы Элжана Таниева. Әлия Юсупованың жас ізбасары, 2022 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы Элжана Таниева Универсиадада екі жаттығудан күміс иеленсе, тағы бір жаттығу бойынша қола жүлде алды.

Спорттық оқ атудан ерлер құрамасына да Чэндуде үш медаль бұйырды. Олар 50 метр қашықтық бойынша командалық жарыста күміс жүлдеге қол жеткізсе, 10 метр қашықтық бойынша жарысты қола медальмен қорытындылады. Қоманда мүшелері — Ислам Сәтбаев, Константин Малиновский және Никита Шахторин. Осы спорт түрінен жекелей жарыста Никита Чирюкин күміс медаль алды.

Таэквондошыларымыз да жалғыз алтынмен оралған жоқ, ерлер құрамасы командалық жарыста қола медаль жеңіп алды. Командалық жарыста олар жартылай финалға дейін жетіп, өкінішке қарай, ақтық сынға жолдама алу үшін болған тартыста Иран командасынан жеңілді. Біздің команданың мүшелері — Бейбарыс Қабылан, Әбдірахман Марипов, Бексұлтан Мұсахан және Шамшат Дүйсеев.

Сондай-ақ у-шу спортынан Бексұлтан Қаскенов және Әйгерім Төреханова қола медаль алды.

Ал қазақстандық садақшылар, семсерлесушілер мен жүзгіштер бір-бір жүлдеден иеленді. Садақшы қыз Диана Тұрсынбек күміс жүлдеге ие болса, семсерлесуден ерлер құрамасы командалық жарыста қола медаль алды. Бұл команданың мүшелері — Назарбай Саттархан, Жанат Нәбиев және Артем Саркисян. Қазақстандық студенттердің Чэндудегі 20-сыншы, соңғы медалі — жүзгіш Әділбек Мусиннің жетістігі. Әділбек 100 метрге дейін баттерфляй әдісімен жүзуден қола медаль алды. Өкінішке қарай, ол финалда польшалық жүзгіштерге есе жіберді. Бұған дейін Әділбектің 14-30 шілде аралығында Жапонияда өткен әлем чемпионатында баттерфляй әдісімен жүзуден тап осы қашықтықта 51, 68 секунд уақытпен Қазақстан рекордын жаңартқанын да айта кеткіміз келеді. Осы нәтиже арқылы ол жарыстың жартылай финалына дейін жеткен еді. Бұл биылғы әлем чемпионатындағы қазақстандық жүзгіштердің ең үздік нәтижесі болды.

Сонымен, Қазақстанның студенттері ХХХІ жазғы Универсиаданы 20-орында аяқтады, яғни 2015 жылғы Кванджу Универсиадасынан кейін араға 8 жыл салып, үздік 20-лыққа қайта оралды.

Қазақстан құрамасы 2013 жылы Қазан қаласында 13-орынға және 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен Универсиадада 11-орынға ие болған еді.

Универсиада немесе Бүкіләлемдік студенттер ойындары әр екі жыл сайын өткізіліп тұрады. Алайда 2019 жылғы Неаполь (Италия) Универсиадасынан кейін пандемияға байланысты Чэндуде өтуге тиіс Студенттер ойындары екі мәрте кейін шегеріліп, биылғы 28 шілде мен 8 тамыз аралығында өтті. Чэнду Универсиадасына 120 ел қатысты. Украинадағы соғысқа байланысты Студенттер спортының халықаралық федерациясы (FISU) Ресей мен Белоруссияны бұл жарыстан шеттетті.

Алаң иелері — Қытай құрамасы ХХХІ жазғы Универсиаданың жеңімпазы атанды. Қытай студенттері жалпы саны 178 медаль жеңіп алды, оның 103-і — алтын. Екінші орындағы Жапония құрамасының қоржынында 93 жүлде, оның ішінде 21 алтын медаль бар. Үздік үштікті тағы бір азиялық ел — Оңтүстік Корея түйіндейді. Бұл елдің спортшылары 58 жүлде иеленген, оның арасындағы алтыны — 17.

Айта кетсек, Универсиада немесе Бүкіләлемдік студенттер ойындары 1923 жылдан бері өтіп келеді, оның ішінде 1959 жылдан бері FISU аясында өткізіледі. Қазақстан бұл дүниежүзілік додаға алғаш рет 1993 жылы қатысып, 1 күміс медаль алған. Алғашқы жүлденің иесі — шымкенттік жеңіл атлет Олег Сакиркин. Ол үш қарғып секіруден өнер көрсеткен. Ал 2007 жылы Бангкокта тап осы спорт түрінен Ольга Рыпакова Универсиада алтынын алды.

Қазақстан студенттері осы кезге дейін 15 жазғы Универсиадаға қатысса, оның ішінде ең үздік нәтижесі — жалпыкомандалық есептегі 11-орын: 2007 жылы Бангкокта біздің жастарымыз — 14 жүлдемен (5 алтын, 4 күміс және 5 қола), сондай-ақ 2015 жылы Кванджуда да 10 жүлдемен (6 алтын, 4 қола) 11-орын алған еді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button