Ауыл

Егінге орақ түсті

Тамыз туысымен жерден несібесін айырып отырған дала еңбеккері үшін тағы бір маңызды науқан — жиын-терін басталды.

2021 жылы қуаңшылықтың салдарынан гектарына 5,2 центнерден өнім алған шаруалар өткен жылы соңғы отыз жылда болмаған астық жинап, оның көлемін 532 мың тоннаға жеткізген еді. Былтыр қамбасы астыққа толған диқаншы қауым биыл да жақсы көрсеткіштен үмітті. 

Өңірдің кей аудандарында егінге орақ түсті. Ал ірі шаруашылықтар астық жинауға тамыздың жиырмасынан кейін кірісетіндерін айтады.

Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы — 733,5 мың гектар. 436,3 мың гектар жерге — дәнді, 57,0 гектарға — майлы, 12,0 мың гектарға картоп пен көкөніс-бақша дақылдарының дәні себілсе, 228,2 мың гектар аумаққа мал азығы егілді.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, аудандарға жанармай жеткізуде қиындық жоқ. Жалпы сыйымдылығы 780 мың тоннадан асатын объектілер астықты қабылдауға және сақтауға дайын.

— Егін жинау жұмыстарына биыл 800-ден астам ору комбайны, 1600 трактор, 600-ден астам жүк көлігі жұмылдырылады.Техника жеткілікті. Күзгі далалық жұмыстарын жүргізуге 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруа қожалықтары тасып алуды ұйымдастырып жатыр. Дизель отыны шаруашылықтарға литрі 265 теңгеден беріледі. Бұл нарықтағы бағадан 10 пайызға арзан. Бөлінген жанар-жағармай көлемі күзгі далалық жұмыстарын жүргізуге толық жетеді, — деді басқарманың егіншілік және тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаев.  

Егістіктің 75,2 пайызы — негізгі үлесі облыстың Қарғалы, Әйтеке би, Мәртөк, Хромтау аудандарында орналасқан.

Бүгінгі таңда Алға, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Темір және Хромтау аудандарында арпа және күзгі дақылдарды жинау жұмыстары басталды.

Біз бұл жолы бірнеше аудандағы жағдайды сұрап білдік.

 «Жаман айтпай, жақсы жоқ…»

Осы аптаның басында Хромтау ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ералы Тоғжанов егіс алқабында болып, мән-жаймен танысқан еді.

Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, егістің жалпы көлемі 111,9 мың гектардан асады. Оның ішінде 50 мың гектардан астамына астық дақылдары егілген. Алдын ала болжам бойынша орташа өнім — гектарына 17 центнер.

Тамыз басталысымен қолы ораққа тиген хромтаулық шаруалар бұл жұмыстарды қыркүйек айында толық аяқтайды.

Былтыр Қарғалы мен Мәртөктің диқандары гектарына 18,0 центнерден өнім алып, көш бастаған болатын. Қазіргі таңда Мәртөк ауданының еңбеккерлері күзгі жиын-терін жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Биыл бұл ауданда 79 600 гектар жерге  — дәнді, 11 515 гектарға — майлы дақыл, 22 598 гектарға — мал азығы, 725 гектарға — көкөніс, 204 гектарға бақша егіліпті.

Қазіргі таңда 8 шаруа қожалығы егін жинау жұмыстарына кіріскен. Диқаншылар әзірге гектарына 8,5 центнерден өнім алып жатыр.

Ал Қарғалының шаруалары үлкен істі тамыздың екінші онкүндігінен бастайды. Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, биыл мұнда 120-дан астам шаруа егіс салыпты.

Шаруалардың өздерімен де хабарластық. Қарғалы ауданындағы «Темірхан» шаруа қожалығын басқарып отырған Хамза Ақдәулетов биыл жалпы аумағы 1000 гектар жерге егіс салғанын айтады.

Егіннің жайын «беске» білетін диқан биыл тап былтырғыдай өнім күтпейтінін, десе де гектарына 10-15 центнерден астық алатындарына сенімді екенін айтты.

— Өткен жылы ауа райы егіске өте қолайлы болды. Биылғы шілденің бас кезіндегі аптап ыстық біраз кедергісін келтірді. Кеше жаңбыр жауды. Қазір барлық техникамыз дайын. Бұйырса, бір-екі аптадан соң жұмысқа кірісеміз, — деді ол.

1997 жылдан бері шаруашылық құрып, кәсіп бастаған Хамза Ақдәулетов төрт түліктің барлық түрін өсіреді. Малдың жемшөбін де өзі дайындап отыр. Мәселен, биыл 700 гектар жерге бидай ексе, 200 гектарға — арпа, 100 гектарға сұлы дәнін сепкен. Жиырма адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұрыннан бұзылып, жарамсыз болып қалған екі мал базын қалпына келтіріп, іргелі астық қоймасын салып алған қожалық басшысы қоймада өткен жылғы өнімдері әлі тұрғанын айтады.

— Қазіргі таңдағы ең басты мәселеміз жинаған өнімді өткізу болып тұр, — деді Хамза Ақдәулетов.

Әңгіме барысында кезінде 23 жыл агроном болып еңбек еткен ол шаруашылығымен қатар, өзі тұрып жатқан ауылдың жайын да сөз етті.

Астықты өлкедегі жағдай қалай?

Әйтеке би — облыстағы егіс алқабы үлкен аудандардың бірі. Биыл мұнда 164 298 гектар жерге егін егілген. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Сәтімовтің айтуынша, астықты өлкенің шаруалары күзгі науқанға сақадай сай. Қазіргі таңда бидай дәнін ерте сепкен 1-2 шаруа ғана егін оруға кіріскен. Ал жаппай жұмыс осы айдың 20-сынан кейін басталмақ.

— Биыл егін шығымы да жаман емес. Шаруалардың техникалары 100 пайыз дайын. Биылғы күзгі егін орағына 141 комбайн түседі. 38 трактор, 26 жүк көлігі сақадай сай, — деді ол.

Әйтеке би ауданы бойынша 124 523 гектар жерге ылғал жабылып, 16 539 гектар егіс алқабына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген.

Айтпақшы, биыл шаруалар 19 трактор, 5 комбайн, 3 егіс кешені мен 37 жер өңдейтін және мал азығын дайындайтын техника сатып алып, паркін жаңартыпты.

 Қобда: гектарына — 9,5 центнер

Қобдалық шаруалар да егінге орақ салды. Диқандардың аяқ алысы жаман емес. Әзірге гектарына 9,5 центнерден өнім алып жатыр.

Қардың көптігі су тасқынына ұласып, аудан тұрғындарын біраз әбігерге салғаны белгілі. Сол көктемдегі мол жауын-шашынға иек артқан шаруалар зор үмітпен егін салып, қазір соның өнімін жинауға білек сыбана кіріскен жайы бар.

Қобда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әділжан Тұманшиннің айтуынша, биыл қобдалық шаруалар 10 700 гектар алқапқа — дәнді, 4778 гектарға майлы дақыл егіпті.

Көпжылдық мал азығы мен майлы дақылдарды қоса есептегенде аудан диқандары 44 мың гектарға дән шашқан. Биылғы егіс алқабы өткен жылғыдан шамамен 3 мың гектарға артық.

Әзірге егілген егіннің ішінде дәнді дақылдың 10 пайызға жуығы, яғни 1 мың гектарға тарта дәнді дақыл алқабы орылған. Қазірдің өзінде мың тоннаға жуық астық қамбаға құйылды.

Қазір жаңбыр жоқ, тәулік бойы егін оруға мүмкіндік бар. Егер осы қарқыннан таймасақ, қыркүйектің ортасында шаруалар бұл жұмыстарды да бірыңғайлап қалары анық.

Айтпақшы, қазір аудандарда шөп шабу науқаны да қызу жүріп жатыр. Ауыл азаматтарына хабарласып, шөп бағасын білдік. Мәселен, Қарғалыда бір орам шөптің бағасы — 7-8 мың теңге, Әйтеке би мен Мәртөкте 5-6 мың теңгеден сатылуда. Ал бір түк 450 мен 650 теңгенің аралығында екен.

Ақерке САТЫБАЛДЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button