Басты жаңалықтарТарих

Ата тарих: ғұндарға қарай қадам

Әлкей Марғұлан атындағы археология институты мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірлескен жобасының аясында Қобда ауданындағы Дербісәлі-2 қорымында қазба жұмыстары жүріп жатыр. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен қолға алынған.

Жалпы, соңғы жылдары біздің өңірде ғұндар заманынан қалған ескерткіштерді зерттеу ісі мақсатты түрде қолға алынғанын атап өту керек. Біздіңше, мұндағы түпкі ой — Ұлы дала тарихының бұған дейін елеусіз қалған, тек атүсті айтылып, мардымсыз дерекпен шектелген кезеңдері туралы құнды мәліметтер іздеу, халқымыздың тарихын сабақтастық тұрғысынан одан әрі тереңдету.

Ғұн заманының ескерткіштері дегенде, бүгінге жеткені — тек көне қорымдар. Мысалы, тәжірибелі археологтер көкжиекке дейінгі аралықты көзбен бір шолып шығып-ақ, сол маңдағы сармат қорғандарын санап бере алатын болса, ал ғұн қорғандарын олай жай көзбен анықтау оңайға түсе бермейді. Әрине, өз заманында қалай болғанын кім білсін, ал қазір бұл қорғандар жазық далада аяқ астында елеусіз ғана жатыр. Біздің жеріміздегі ғұн қорғандары ғарыштан түсірілген фотосуреттерді зерттеу барысында анықталған. Зерттеушілердің айтуынша, ғұн заманының ескерткіштері Әйтеке би, Ойыл, Қобда, Темір және басқа аудандардың аумағында, шығыстан батысқа қарай созыла орналасқан. Мысалы, Ойыл ауданында ғұн заманына тән 100-ге тарта қорым болса, олардың кейбірінде 200-дей нысан бар. Ал біріне-бірі жалғасқан200 нысан бірнеше шақырымға созылады екен. Археологтер 2019 жылыОйыл жағында ғұндардан қалған Сорлақмола қорымын зерттеген еді, сондай-ақ 2018 жылы Ақтөбе қаласынан солтүстікке қарай 2-3 шақырым ғана жерден ғұн әскербасының қабірі табылған болатын.

Қобда жеріндегі бүгінгі қазба жұмыстары — міне, сол зерттеулердің жалғасы.  Мамандардың айтуынша, Дербісәлі-2 қорымынан 48 нысан анықталған. Қорымның атауы кезінде патша отаршылдығына қарсы күрескен Дербісәлі Қиғылықұлының есімімен байланысты, нақтырақ айтқанда, халық әулие санап кеткен Дербісәлі батыр да осы маңайға жерленіпті. Қазба жұмыстарына археологтермен қатар, олардың шәкірттері — Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті тарих факультетінің студенттері, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен оның Ойыл аудандық филиалы жанындағы жас өлкетанушылар үйірмесіне мүше оқушылар да қатысып отыр.

Жуырда облыстықтарихи-өлкетану музейі баспасөз турын ұйымдастырып, бұл жерге бір топ журналисті алып келді. Соған дейін мұндағы 48 нысанның жетеуі қазылған екен. Жеті нысаннан алты адамның сүйегі табылыпты, дегенмен жетіншісін де мамандар бос демей, әлі де қаза түсетіндерін айтысты.

Жеті нысанның бесеуі жай қабір де, екеуі ерекше болып шықты: бірі — кеңдеу, гантель пішіндес келген қорған, екіншісі — таға тәріздес қорған. Бұл екі қорғаннан, сондай-ақ тағы бірер қабірден қола айна, көне қылыш, моншақ, түрлі түйреуіштер, басқа да бұйымдар шыққан. Алдымен осы бұйымдар туралы сұрастыра бастаған журналистерге археолог, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бөлім меңгерушісі, облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері, Дербісәлі-2 қорымындағы экспедицияның жетекшісі Аслан Мәмедов:

Бұлар, әрине, өте құнды жәдігерлер, алайда біздің зерттеулеріміздің мақсаты бұл жәдігерлерге қатысты мәліметтермен шектелмейді… Біздің мақсатымыз — еліміздің, халқымыздың, өлкеміздің тарихын ғұндар тарихының бір бөлшегі ретінде толықтыра түсу. Бұл ретте ғұндармәдениетінің ерекшеліктері,олардың қандай салт-дәстүр ұстанғаны, біздің жерімізге қалай келгені сынды сауалдар маңызды, зерттеулер барысында біз сол сауалдарға жауап іздейміз, — деді.

Мысалы, біздің алдымыздағы кіреберісінен әрі ұзыншалау алаңыбар, археологтер өз тілінде «гантель пішіндес» деп атайтын қорған ғұндардың ғибадатханасы деп жорамалданған. Оның төржағына қарай көне қыш ыдыстың ұсақ сынықтары шашылып жатыр. Бұл қайтыс болған адамға арнап ас берілетін орын болған сияқты. Ал ғибадатхананың кіреберісінен оңға қарай бұрын тоналған қабір табылыпты. Мамандардың пікіріне сүйенсек, бұл жай адамның емес, осы ғибадатханада қызмет еткен абыз ба, не ақсүйек әулеттің өкілі ме, әйтеуір, қоғамда өзінің орны бар, сыйлы адамның қабірі болса керек. Қабірдің, өкінішке қарай, бұрын тоналғаны жай көзге де бірден байқалады: мүрденің жамбас, аяқ, қол сүйектері әр жерде шашылып қалған.

Көне қабірлер екі мақсатта бұзылған: біріншіден, қымбат зат, асыл бұйымдарды тонауды, екіншіден, кек алу үшін қорлауды көздеген, — дейді Аслан Мәмедов.

Расында, бұрын қазғандар тонап кетсе керек, қабірден қыш ыдыс пен бор тастың қалдығынан басқа ештеңе шықпапты.

Осы қорғанның көрінісіне үңіле тұрып, марқұмға ас беру, құлшылық ету орнының маңайында қорым орналасатыны секілді дәстүрлердің қазақ жерінде беріге дейін жалғасқанына тағы бір көз жеткіздік. Мәселен, Шұбарқұдықтағы Ишан ата (Досжан ишан) кешенін еске түсіріңіз. Ол жерде де Қашақ ұлы Досжан ишан мешіттің тап іргесіне жерленген. Айналасы — қалың қорым.

Ишан ата кешені — ХІХ ғасырдың екінші жартысына тән ескерткіш болса, ал Дербісәлі-2 қорымы — біздің заманымыздың ІІ-ІV ғасырларынан қалған тарихи орын. Екеуінің арасын 1,5-1,7 мың жыл уақыт бөліп жатыр.

Алайда мамандардың тағы бір болжамы бойынша мұнда алдымен ру не тайпа көсемі жерленіп, ғибадатхана содан кейін тұрғызылуы да мүмкін. Қалай болғанда да, бұрынғы замандарда құлшылық ету орны мен жерлеу нысандарының бір-бірінен ажырамай келгеніне куәміз. Мұндай дәстүр Еуропада, араб елдерінде де болған. Ал біздің жерімізде беріге дейін үзілмегеніне осы көне ескерткіштер дәлел.

Қазақтың салт-дәстүрінде көне көшпелілер мәдениетінің ізі сайрап жатыр. Мысалы, осы жерден шөп түтетуге арналған ыдыс, марқұмға арнап құрбандық шалу дәстүрінің белгілері табылды, — дейді археолог Аслан Мәмедов.

Ғибадатхананың сол жағынан келгенде, бір қатар төмен жатқан қабір тоналмаған болып шықты. Мүрде мойнындағы моншағымен бірге жерленіпті. Тек жұрнағы ғана қалған моншақтың нендей материалдан жасалғанын айту мамандарға да қиын соқты, сондықтан ол жағы арнайы зертханада анықталады деп үміттенеміз. Бұл бейіттен қола айна, түйреуіш, т.б. бұйымдар шыққан. Қазіргі адамдардың тісі тіпті бала кезінен бұзылып, көп жағдайда 50-60-қа қарай селдіреп қалатын болса, мұнда жерленген адамның тістері қатарын бұзбай тізіліп тұр…

Тап осындай жайтқа Сорлақмола қорымына барған сапарымызда да куә болған едік. Ондағы мүрденің тістері арада мың жарым жылдан астам уақыт өтсе де, бұзылмай сақталғанын көріп, қасымыздағы замандасымыздың бірі:

Шіркін, тістерімді осы әжеміздің (археологтер әйел адам деп болжаған — авт.)тісіне алмастырып алсам ғой! — деп күлдірген еді.

Табылған заттарға қарап, біз бұл қабірде де орта жастардағы әйел адам жерленгендей көрдік. Дегенмен бұл жолы мамандар ол ойымызды құптай жөнелмеді.

Біз, әрине, кейбір ерекшеліктеріне, табылған заттарға қарап, жерленген адамның жасын, жынысын болжаммен айта аламыз. Бірақ ол — жорамал ғана. Айталық, қабірден қару табылса, көп жағдайда ер адам жерленген болып шығады. Алайда ол заманда көшпелілердің қыз-келіншектері де қару ұстағанын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан көне мүрденің жасы, жынысы жайлы дерек антрополог мамандардың зерттеуі арқылы нақтыланады, —  деді археологтердің бірі.

Қазылған нысандардың алтауы, негізінен, бір-біріне жалғас жатыр. Олардың кейбірінен тек сүйек қана шыққан, басқа ештеңе табылмаған. Десе де, мамандар ол қабірлердің бұрын тоналмағанына сенімді. Өйткені мүрделер еш қозғалмаған қалпы жатыр.

Бұлар осы қорымда жерленген жандардың қызметшілері болса керек, — деп түсіндірді бізге.

Ал жетінші нысан — сәл шеткірек тұрған таға тәріздес қорғандағы қабір тереңірек қазылыпты. Тереңдігі — екі метр. Жерленген адамның жанында әбден шіріп, сұлбасы ғана қалған қылышы жатыр. Қыш құмыра мен шөп түтетін ыдыста қоса көміліпті. Мамандардың сөзінен, әсіресе,көне қылыштың сақталып қалғанына қуанатындары сезіліп тұр.Қуанбай ше? Табылған көне жәдігерлер басты мақсат, басты олжаға баланбаған күннің өзінде де, бұл қылыштың ұзындығы, пішіні, неден жасалғаны — бәрі де бірте-біртеескі тарихтың құпиясын ашуға қажет деректер ғой.

Археологтер тіпті әр қабірдің қабырғаларына да асқан ұқыптылықпен қарайды екен, мүмкіндігінше, о баста, яғни қазылған кездегі қалпында аршуға тырысады екен. Жас шәкірттер бір-біріне: «Ғұндар бұл қабірді қандай құралмен қазды екен?» — десіп қояды.

Біздің жеріміздегі ғұндар тарихы терең зерттелмеген. Осы қазба жұмыстарының кезінде көргеніміздей, ғұндардың дәстүрінде өлген адам басы солтүстікке қарата жерленеді. Яғни бұл — өзінің ортақ наным-сенімі болған, бір тәртіпке бағынған қауым. Ал ортақ наным-сенім өздігінен орнамайды. Сондықтан бұл жұмыстар — алдағы үлкен зерттеулердің басы ғана, — деп түйіндеді Аслан Мәмедов.

 Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button