Басты жаңалықтар

Интернет-алаяқтық көбейіп барады

Соңғы кезде облысымызда интернеталаяқтық деректері көбейіп барады. Соның салдарынан көп адам тапқан табысы мен жинаған ақшасынан айырылуда. Мәселен, өткен жылы өңірімізде интернет алаяқтық бойынша 1027 дерек тіркелген.

Облыста «киберпол» тобы құрылды

Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Бақдәулет Балмұрзиннің айтуынша, өңірде интернет-алаяқтық деректерінің көбеюіне тұрғындардың белгісіз тұлғаларға жеке деректерін беруі басты себеп деп отыр.

— Бүгінде облыстық полиция департаментінің қызметкерлері осы деректердің алдын алу үшін қала қонақтары мен тұрғындар көп жиналатын ойын-сауық, сауда орталықтары мен базар, қоғамдық көліктерде профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда облысымызда тұрғындарға белгісіз нөмірден қоңырау шалып, өздерін банктің, полицияның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, «Қазпошта» акционерлік қоғамының, сондай-ақ жеткізу қызметінің өкілі ретінде таныстыра отырып, алаяқтық жолмен сенімдеріне кіріп, алдау фактілері көбейіп отыр. Атап айтсақ, былтыр өңірімізде осындай 1027 дерек тіркелген болса, биыл 144 қылмыстық іс тіркеліп отыр, — дейді Бақдәулет Балмұрзин.

Былтыр облыстық полиция департаментінде киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы ашылды. Бүгінде осы басқармада «киберпол» тобы құрылып, облыс тұрғындарымен тығыз жұмыс жасауда. Басқарма мамандарының қарқынды жұмыс істеуінің нәтижесінде бүгінге дейін өңірде 42 дерек бойынша заңды шешім қабылданған. Сондай-ақ биыл алаяқтарға көмектесіп, банк карталары арқылы ақша шешіп, дроповод қызметін атқарған 24 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны ұсталған. Ол уақытша қамау изолияторына жабылды.

Департамент мамандарының айтуынша, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіп жатса да, облыс тұрғындары арасында алаяқтардың сөзіне сенетіндер азаймай отыр. Тіпті тұрғындар арасында бірнеше банк орталықтарынан несие алып, соны белгісіз шоттарға салып тастап жатқандар да бар екен. Мәселен, өңірдегібірзауыттыңқызметкеріөзініңжекемүліктерінсатып, бірнеше миллион теңгеденастамқаржысынбелгісізбіреудіңшотынасалыпжіберген.

— Жалпы, мұндай деректер қазір көбейіп барады. Осы орайда алаяқтықтан сақтану үшін бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сенбей, ұялы телефонды сөндіріп тастау қажет. Сондай-ақ белгісіз тұлғаларға жеке деректерді бермеген жөн. Мәселен, 1414 нөмірінен келген сандарды ешкімге айтпау керек. Егер қандай да бір адамдарға алданып қалсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласып, полицейлерге мән-жайды жеткізіңіздер,— дейді Бақдәулет Балмұрзин.

Қылмыс саны көп, ұсталғандар аз

Бүгінде интернет-алаяқтық деректері тек біздің облыста ғана емес, барлық өңірде көбейіп тұр. Мәселен, былтыр республикабойынша 22 560 дерек тіркеліп, нәтижесінде 1500-ге жуық күдікті жауапкершілікке тартылған.Өкінішке қарай, қылмыс жасап, ұсталғандардың саны өте аз. Құқық қорғау органдарының өкілдері бұл бағытта жұмыс жасап жатқанымен, нәтиже жоқ. Себебі киберқылмыскерлерді құрыққа түсіру өте қиын.

Биыл жыл басында облыста интернет-алаяқтық бойынша ірі қылмыстық іс тіркелді.

Атап айтсақ, бір әйел алаяқтарға алданып, 53 миллион теңге ақшасынан айырылып қалды. Әлгі әйелге әккі алаяқтардың біреуі хабарласып, өзін «Болашақ» бағдарламасының президенті ретінде таныстырған. Кейін қоңырау шалушы әйелдің қандай да бір алаяқтық әрекеттерді жүргізген адамдардың тізімінде тұрғанын және оның Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерімен сөйлесуі қажет екенін айтқан. Аңғал әйел «Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерімін» деген азаматпен сөйлесіп, оның шотына 53 миллион теңге қаржысын аударған. Тіпті алаяқтарға қатты сенген әйел қаладағы екі пәтері мен автокөлігін де сатып жіберіп, ақшасын қылмыскерлерге «ұстатыпты». Бұл іс көпке мәлім болғанымен, полицейлер әлгі алаяқтарды әлі таппады. Жалпы, өңірде мұндай мысалдар өте көп. Біреулер пәтері мен көлігінен, ал кейбіреулер есепшотындағы ақшасынан айырылып жатыр. Әсіресе ақтөбеліктер арасында интернет-алаяқтық деректерінің көбі зейнеткерлермен тікелей байланысты болып отыр. Себебі жасы үлкейген қариялар интернет-алаяқтарға тез алданып қалады. Бейтаныс адамдарға сеніп, жинаған қаржысынан қағылып жатыр.

Өткен жылдың соңында Ішкі істер министрлігі жалпы статистиканы ұсынып, елімізде интернет-алаяқтарға алданғандардың көпшілігі, нақтырақ айтсақ, 6200-ден астам тұрғын арзан бағада тауар ұсынғандардың құрығына іліккенін жеткізген. Олар алаяқтарға жоқ тауар үшін алдын ала төлем жасап, алданып қалған. Сондай-ақ республика бойынша 4,5 мың адам банк және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атын жамылып, қоңырау шалған алаяқтарға өздерінің жеке деректерін берген. Айта берсеңіз, мұндай мысалдар көп. Осындай жайттарды саралап қарасақ, қазіргі таңда ғаламтордың пайдасы мен зиянын қатар көріп отырмыз. Ал шындығында әлеуметтік желілердегі қызылды-жасылды дүниелердің барлығы жақсы нәрсе емес екенін ұмытып кетеміз.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Мәдина Бахтияр (кейіпкердің аты өзгертілді — авт.) — осындай жарнамаға сеніп алданып қалғандардың бірі. Ол OLX.kz қосымшасынан ұялы телефон сатып алғысы келіп, хабарлама берушіге хабарласқан. Әлгі адам алаяқтық жолмен табыс тауып жүрген адам болса керек, жас қызды аз уақыттың ішінде алдап соққан. 250 мың теңгесін әлгі кісіге аударып жіберген Мәдина жеткізуші қызметінің өкілі үйіне келмеген соң алданып қалғанын бір-ақ білген. Ол құқық қорғау органдарына шағымданған, алайда алаяқ жігіт әлі ұсталмапты.

— Бұрын осы қосымшадан заттар сатып алып жүретінмін. Сондықтан хабарлама берушіге телефонды жеткізуші қызметі арқылы салып жіберуін өтінгенмін. Ақыры 250 мың теңгем далаға кетті. Әлгі жігітке сеніп қалып едім. Алаяқ болып шықты. Енді ешкімге сенбейтін болдым. Әлеуметтік желі арқылы енді ешқандай тапсырыс бермеймін. Қателігімді кеш түсіндім, — дейді Мәдина.

Банк шоттарын заңсыз ашқандар анықталды

Жуырда облыстық прокуратура «Заң және тәртіп» жобасын жүзеге асыру аясында

Интернет-алаяқтық деректері бойынша қылмыстық істерге мониторинг жүргізу барысында қаржы ұйымдарының қызметінен заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтсақ, облыстағы микроқаржы ұйымдарының қызметкерлері қарыз алушылардың биометриялық сәйкестендіруін жүргізбей, несие бергені белгілі болды.

— Осындай заңбұзушылықтар салдарынан ұйым өкілдері азаматтардың атынан заңсыз несие рәсімдеуіне мүмкіндік туғызған. Сондай-ақ шекарадан өтпеген және елімізге кірмеген шетел азаматтарының атына банк шоттары заңсыз ашылғаны анықталды. Заң бойынша банктік есепшот ашу кезінде олардың жеке қатысуы міндетті. Осыған байланысты Ақтөбе қалалық прокуратурасы Қылмыстық Кодекстің 250-бабы (Өкілеттікті теріс пайдалану) және 254-бабы (Міндеттеріне адал қарамау) бойынша 9 қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл бағытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді облыстық прокуратура өкілі Өркен Ещанов.

Ол азаматтарды онлайн қаржылық операциялар жүргізу кезінде сақ болуға шақырады және бейтаныс адамдарға жеке деректерді бермеу керектігін ескертеді.

Р.S. Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері интернет- алаяқтық деректерінің көбеюіне адамдардың аңғалдығы себеп болып отырғанын айтады. Бұған әлеуметтік желілердің де «қосар» үлесі мол. Сондықтан қаржыңыздан қағылғыңыз келмесе, сақ жүріп, бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді беруден аулақ болғаныңыз жөн.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button