Басты жаңалықтарСпорт

Тақтадағы тартыс

Ақтөбеде балалар мен жасөспірімдер арасында жекелей «64» шаршы дойбыдан ел чемпионаты мәресіне жетті.  Жарыс қатысушылары классика, рапид, блиц түрлері бойынша сынға түсті. Ел чемпионатына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 130 спортшы қатысты. Жарыс қалай өтті? Азия, әлем чемпионаттарына кімдер жолдама алды? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

14 оқушының ойыны

Ойлылар сынға түскен жарыс 25 наурыз-2 сәуір аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғимаратында өтті. Сайысқа жиналғандарды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов, дойбыдан мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев құттықтап, ойыншыларға сәттілік тіледі. Жарыстың бас төрешісі Нұрсұлтан Октябрьұлының айтуынша, чемпионатқа қатысушылардың барлығы дерлік — ел біріншіліктерінің жеңімпаздары.

—  Соңғы жылдары осы спорт түрі бойынша өткізілетін іс-шаралар саны артып, жас дойбышылардың қатары көбеюде. Чемпионат швейцарлық жүйеде өтті. Кезекті жарыс 9 турдан тұрды. Қатысушылар 3 номинация — классика (30 минут + 15 секунд), рапид (7 минут + 3 секунд), блиц (3 минут + 2 секунд) бойынша жүлдені сарапқа салды. Дойбы жарысында облыс намысын 14 оқушы қорғады. Оның 10-ы —

интеллектуалдық спорт түрінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары. Жарыс жеңімпаздары Азия және әлем чемпионаттарына жолдама алды. Олар жас ерекшелігіне сай сайысты. Бүгінде дойбыға қызығушы жастар үшін спорт мектебінен бөлек, қаламыздағы  №30 қазақ орта мектебінде, А.Байтұрсынұлы атындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясында, №19 орта мектеп пен №51 мектеп-гимназиясында оқу-жаттығу сабақтары өткізіледі. Жеңістің бір ғана сатыдан тұрмай­тынын шәкірттеріміз жақсы біледі. Қазіргі таңда облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 120-ға жуық бала дойбы ойнайды, —  дейді бас төреші.

Тың серпін, мол тәжірибе

Мамандардың айтуынша, жекелей сында жарыс тартысты өтті. Себебі әр ойыншының алған ұпайы оның финалда өнер көрсетуіне мүмкіндік берді. «64» шаршы дойбы жарысын еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған төрешілер қадағалады. Қазақстан құрама командасының «64» шаршы дойбы бойынша аға жаттықтырушысы Данияр Қадырұлының айтуынша, осы уақытқа дейін құрама команданың ойыншылары әлем чемпионаттарында 35 алтын медальға қол жеткізген.

Ақтөбелік дойбышы Мират Жекеев пен оралдық Алтынай Жұмагелдиева — қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпиондары. Мират Жекеев 2011 жылы Азия біріншілігінде чемпион атанып, алғаш рет қазақтан шыққан тұңғыш халықаралық гроссмейстер атағын алды. 2013 жылы тағы бір жерлесіміз —Ахмет Бәшімов халықаралық гроссмейстер атағына қол жеткізді. Мират пен Алтынай, Ахметтердің сара жолын жас спортшыларымыз жалғастырып келеді. Мәселен, қаршадай қазақ қызы Алтынай Саматова 11 жасқа дейінгі санатта абсолютті әлем чемпионы атанып отыр. Бүгінде қазақстандық дойбышылар әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып, ел мерейін асқақтатып жүр. Дойбыдан Қазақстан құрама командасы әлем бойынша үздік бестікке кіреді. Жетістіктеріміз де баршылық. Мәселен, Түркияның Аланья қаласында өткен әлем чемпионатында ойыншыларымыз 1 күміс, 2 қола медальды жеңіп алып,  үздік үштікке кірді. Бүгінде дойбыдан ұлттық құрама сапында 82 адам болса, оның 20-сы әлем чемпионаттарына қатысып келеді. Ақтөбеде «64» шаршы дойбыдан өткен жарысқа қатысқан 8-17 жас аралығындағы ойыншылар жас ерекшелігіне сай шеберліктерін көрсете білді. Ақтөбеліктердің айтулы жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүргенін ерекше айтқым келеді. Бұған дейін «100» шаршы дойбы бойынша Түркістан облысында өткен-ді.  Жарыс барысында ерекше ойын өрнегін көрсеткен қатысушылар тәжірибе жинақтап, алдағы жарыстарына тың серпін алды деген үміттемін, — дейді аға жаттықтырушы.

Жарыс жеңімпаздары

Жарыстың жабылу салтанатында жеңімпаз бен жүлдегер ойыншыларға медальдар мен мақтау қағаздарын дойбыдан мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев пен интеллектуалдық спорт түрінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жанар Сағызбаева тапсырды. Жарыс жеңімпаздарына Туризм және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің дипломы мен медальдары табысталды.

Бір аптаға созылған жарыс нәтижесінде классика түрінен шымкенттік Дарина Гапонова, түркістандық Нұрасыл Құдайберген, атыраулық Диасыл Ғабиден және басқа да ойыншылар жас ерекшелігіне және ойын түріне сай жеңімпаз атанды. Ал интеллектуалдық спорт түрінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары Нұрай Төлеухан, Ақсұлтан Батырханов, Жан Тәжіғұл үздіктер қатарынан көрінсе, аталған спорт мектебінің оқушысы Диана Ерниязова рапид түрінен қола жүлдегер атанды.

Ойлылардың есеп ойыны қызықты да тартысты өтті. Негізінен, жеткіншектерді 6 жасынан бастап интеллектуалдық спорт түрлеріне баулыған жөн. Мектебіміздің оқушылары жарыста нәтижелі ойын көрсетті. 130 спортшының ішінен топ жарып, облыс намысын қорғаған Диана Ерниязова бұл жарыста ерекше көзге түсті. Кейін бұл балалар чемпиондардың қатарын арттыратынына сенеміз. Облыста дойбы спортының дамуына әкелі-балалы Степан мен Николай Коваленколар мол еңбек сіңірді. Бүгінде Степан Николаевич Қазақстан дойбы федерациясының Ақтөбе облыстық филиалын басқарады, — деді облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жанар Сағызбаева.

Жарыс соңында нәтижелі ойын көрсеткен ойыншыларды әңгімеге тартқан едік. Дойбы жарысына алғаш рет қатысып отырған ең жас ойыншы ақтөбелік Нұрай Төлеухан — 7 жаста.

Жуырда облыстық турнирде жеңімпаз атанып, жекелей «64» шаршы дойбыдан өтетін чемпионатқа жолдама алдым.  Дойбы ойнағанды жақсы көремін. Бүгінде облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен  №30 қазақ орта мектебінде білікті жаттықтырушылардан тәлім алып жүрмін. Дойбы ойынының кез келген түрі адамға сабырлылықты, қайсарлықты, тәуекелшілдікті, шыдамдылықты, әрқашан дұрыс шешім қабылдауды үйретеді.  Алдағы уақытта қарсыластарымды жеңіп, халықаралық, облыстық додаларда жеңіс тұғырынан көрінгім келеді, — дейді Нұрай Төлеухан.

Ал 15 жастағы Амира Жұмағалиева жарысқа Батыс Қазақстан облысының намысын қорғап келген. «64» шаршы дойбы жарысында бақ сынаған ойыншы классика түрінен — 2-орын, блицтен 3-орынды жеңіп алса, рапид түрінен қарсылас шақ келтірмей 1-орын иегері атанды.

— Тоғыз жасымнан дойбы ойнаймын. Бірнеше рет облыстық, қалалық, деңгейдегі додаларда жеңіске жеттім. Былтыр Ташкентте өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атандым. Ендігі мақсатым — әлем чемпионы атану. Дойбының барлық түрін еркін ойнаймын. Жаттықтырушым Данияр Қадырұлына ерекше алғыс білдіремін. Ол — қаншама чемпионды жарысқа табанды түрде дайындап жүрген мықты бапкер. Ең алғашқы жарысыма он жасымда қатыстым. Сол сәтте жеңіске жетпесем де жарысқа қатысудың өзі мен үшін зор жетістік болды. Ендігі кезекте жаттықтырушымның үмітін ақтап, алдағы халықаралық деңгейдегі жарыстарда жүлдегерлердің қатарынан көрінуді мақсат етіп отырмын, — дейді Амира Жұмағалиева.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button