Жаңалықтар

Бірлік — тұрақтылық кепілі

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессор А.Айталы атындағы ғылыми кітапхана залында «Ұлтаралық бірлік пен ынтымақ — тұрақтылық кепілі» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Басқосуда Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтау және нығайтудағы рөлі талқыланды.

Конференцияға өңірге белгілі философ-ғалымдар, университеттің ғылыми-сарапшылық кеңесі, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және студенттер қатысты. Олар этносаралық келісім мәселелері бойынша пікір алмасып, Қазақстан халқы Ассамблеясының көпұлтты қоғамдағы бірлік пен үйлесімділікті сақтаудағы маңыздылығын атап өтті.Бұл іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Еркін Тастанқұлов елдегі тұрақтылықтың негізгі факторларының бірі — ұлттар мен мәдениеттер арасындағы келісім екенін айтты. — Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Ұлтаралық бірлік пен ынтымақ — тұрақтылық кепілі» тақырыбында өткізіліп отырған басқосу жай ғана ұран емес, бұл — ел болашығының, тұрақтылығының маңызды бағыты. Ассамблея әртүрлі этностар арасындағы диалог алаңын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл институтұлтаралық қақтығыстардың алдын алуға және тұрақтылықты сақтауға көмектеседі, ынтымақты нығайтуға септігін тигізеді, — деді Еркін Тастанқұлов.

Конференцияда философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов өңірдегі этносаралық келісімді нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Ассамблея түрлі этнос өкілдерінің бейбіт өмір сүруіне, олардың мәдени дәстүрлерін сақтауға және ортақ азаматтық бірегейлікті дамытуға жағдай жасайды.

Басқосуда «Славяне» этномәдени бірлестігінің төрағасы Любовь Пинаева өзі жетекшілік ететін ұйымның қызметіне тоқталып, этномәдени бірлестіктердің елдегі бірлік пен ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін баяндады.

Біз тек мәдени іс-шаралар ұйымдастырып қана қоймаймыз, сонымен қатар қарым-қатынас жасауға, идеялар алмасуға және өзара байланысуға мүмкіндік беретін орта құрамыз. Орталықта тіл курстары, дәрістер, шығармашылық шеберлік сабақтары, әдеби кештер мен концерттер өткізіледі. Мұндай іс-шаралар орыс мәдениеті мен өнерін насихаттауға бағытталады, — деді Любовь Пинаева.

Конференция барысында қатысушылар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында жариялаған бастамаларды да талқылады. Бұл мәселелер бойынша этномәдени бірлестіктердің өкілдері өз ойларымен бөлісті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button