Басты жаңалықтар

Көктемгі дала жұмыстары басталады

Жер қарайып, күн жылына бастағаннан-ақ диқандар көктемгі дала жұмыстарына кіріседі. Шаруалар осы кезде егіс алқаптарына шығып, қызу еңбекті бастайды. Жер жырту, тырмалау, тыңайтқыш себу және тұқым отырғызу сияқты маңызды жұмыстар атқарылады. Көктемгі дала жұмыстарының табысты өтуі егіннің мол әрі сапалы болуына тікелей әсер етеді.

Биыл облыста егіс жұмыстары 806,4 мың гектар алқапта жүргізіледі. Аймақта көктемгі дала жұмыстары қалай жүріп жатыр? Осы және өзге де мәселелерге қатысты мамандарды сөзге тартқан едік…

«Ақ Тілектің» бидайы

Астықты өлке Әйтеке би ауданының Темірбек Жүргенов ауылына қарасты «Ақ Тілек» шаруа қожалығының егіншілік кәсіппен айналысып келе жатқанына он жылдан асқан. Шаруашылық иесі Әнуар Шуменовтің айтуынша, биыл да қожалық иелігіндегі 2000 гектар алқапқа егін егіледі. Басым бөлігі — бидай. Қазіргі таңда шаруашылық көктемгі дала жұмыстарына дайындықты бастап та кеткен.

— Егін егу науқанына әзірлік жұмыстары басталды. Қазір техникалар күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Ол үшін мемлекеттен қажетті қолдау болды. Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 40 миллион теңге несие алып, бұл қаражатқа техникаларымызға қажетті қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармай алдық. Ең бастысы — несиежылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен берілді. Бұл — біз сияқты ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау, — дейді Әнуар.

Қазір Әнуардың қарамағында 10 адам еңбек етеді. Олардың алтауы тұрақты жұмыспен қамтылған. Қалғаны науқандық жұмысқа ғана тартылады.

Биыл біз 1800 гектар жерге бидай егуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда жанар-жағармай, қажетті тыңайтқыштар жеткізілді. Он шақты күннің айналасында егіс алқабының басында негізгі жұмыстарға кірісетін боламыз. Былтырғыдай емес, биыл ауарайы да шаруаға ыңғай танытып тұр, — дейді Әнуар Шуменов.

«Ақ Тілек» шаруа қожалығы — аудандағы егіншілікпен айналысатын орташа ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі. Былтыр аталған шаруашылық 1500 гектар алқапқа егілген бидайдан гектарына 9 центнерден өнім алыпты. Істің ыңғайын білетін диқан өнім өткізу, тұқым сақтауда да еш кедергінің болмайтынын айтады. «Ақ Тілектің» өнімі бірнеше жылдан бері аудандағы «Жайылхан» ЖШС-на тапсырылады.

Қазір ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдаудың түрлі бағыттары бар. Тұқымды субсидиялау, лизингке техника алуда кәсіпкерлердің жағдайы ескеріледі. Мәселен, мен 2018 жылдан бері мемлекеттен үздіксіз қолдау аламын. Несие қаражаты өнім жиналғаннан соң төленеді. Бұл орайда кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуі басты назарға алынған, — дейді диқан.

Тұқым көлемі жеткілікті ме?

Мамандардың айтуынша, қазір облыста көктемгі дала жұмыстарына дайындық қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл облыста егіс жұмыстары 806,4 мың гектар алқапта жүргізіледі.Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға — 458,3 мың гектар, майлы дақылдарға — 67,3 мың гектар, мал азығына — 274,0 мың гектар, картопқа — 3,5 мың гектар, ал көкөніс пен бақша дақылдарына 3,4 мың гектар жер бөлінген. Қазір аймақта көктемгі дала жұмыстарына дайындық белсенді түрде жүргізілуде.

Облыстың егістік жұмыстары үшін 44,9 мың тонна тұқым қажет. Бүгінде оның 44,3 мың тоннасы дайындалып, қажеттілік 99 пайызға өтелді. Дәнді және майлы дақылдардың тұқымы толық бар. Қазіргі таңда мал азығы дақылдары бойынша да тұқым қоры жасақталып жатыр, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаев.

Оның айтуынша, аудандардағы тұқыммен қамтамасыз ету деңгейі әртүрлі.             Әйтеке би ауданы — 87 пайыз, Қарғалы ауданы — 132 пайыз, Қобда ауданы — 96 пайыз, Мәртөк ауданы — 95 пайыз, Хромтау ауданы — 93 пайыз және Ақтөбе қаласы 97 пайыз тұқыммен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар тұқым қорларынан 605 тонна тұқым сақталған. Оның ішінде 200 тонна бидай, 90 тонна тары, 300 тонна судан шөбі, 15 тонна еркекшөп бар. Бұл қор шаруашылықтар арасында айырбастау арқылы таратуға болатыны жайында алдын ала хабарланды.

Басқарма өкілінің айтуынша, тұқым тапшылығы бар аудандар үшін Қостанай облысы мен Ресейдің Орынбор өңірінен тұқым сатып алу мүмкіндігі де  қарастырылған. Жыл басынан бері шаруашылық құрылымдары облысқа

1400 тонна тұқым әкелген, оның ішінде 1300 тоннасы — дәнді дақылдар.

Аванстық субсидия: аммиак пен аммофостың өтеуі

Нұрбек Райымбаевтың айтуынша, биылғы көктемгі дала жұмыстарына 1,5 мың трактор, 100-ден астам егіс кешені, 1,4 мың тұқымсепкіш және 1,4 мың жер өңдеу техникасы жұмылдырылады. Қазіргі таңда техникалардың дайындығы — 95 пайыз. — Шаруашылықтарға 6,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның бағасы литріне 253 теңге болып белгіленді. Бұлнарықтық бағадан 15 пайызға  төмен. Жыл сайын бұл бағытта шаруалар үшін мемлекеттік қолдау және субсидиялауқарастырылған. Биыл өсімдік шаруашылығын дамыту үшін жергілікті бюджеттен 1,2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржы тұқым шаруашылығын субсидиялау, минералды тыңайтқыштар шығынын жабу және пестицидтер құнын арзандатуға жұмсалады. Бұл орайда элиталық және бірінші репродукциялық тұқым сатып алған шаруашылықтар шығындарын бекітілген нормативтерге сәйкес өтей алады. Сондай-ақ минералды тыңайтқыштарды сатып алған шаруашылықтарға 50 пайызға дейін субсидия беріледі. Айталық, егер шаруашылық100 мың теңгеге тұқым сатып алса, оның 50 мың теңгесі мемлекет тарапынан қайтарылады. Былтыр енгізілген аванс беру механизмі биыл да іске қосылып отыр. Бұл әдіс бойынша отандық тыңайтқыш өндіруші компаниялардан, яғни Ақтаудағы «ҚазАзот» және Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» кәсіпорындарынан алынған аммиак селитрасы мен аммофос сияқты тыңайтқыштар үшін субсидия 60 пайызға дейін өтеледі, — дейді Нұрбек Райымбаев.

Қазіргі таңда шаруашылықтарды қаржылай қолдау мақсатында «Кең дала-2» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несие беру басталды. Бұл несиелер жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен беріледі. Қазіргі таңда 5,4 млрд теңгеге өтінім қабылданса, оның 4,5 млрд теңгесі мақұлданып, 2,5 млрд теңге несие берілген. Мамандардың айтуынша, бұл бағытта шаруашылық иелерінен өтінімқабылдау жұмыстары жалғасып жатыр.

Ылғал жабу жұмыстары 10 сәуірде басталады

Ақылбек Исатаев, Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

— Аудан бойынша биылғы көктемгі далалық жұмыстарға дайындық қарқын алды. Биыл Әйтеке би ауданы бойынша 186,4 мың гектар алқапқа егін егуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде қажетті тұқымның 90 пайызы дайын. Жетіспейтін көлемді толықтыру үшін Ресеймен және көрші Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарымен келіссөздер жүргізілуде. Өңіріміздегі «Бұлақ» шаруа қожалығы 60 тонна ІІ репродукциялы ноқат (чечевица) және 680 элиталық күнбағыс тұқымын сатып алуғакелісім жасады. Сонымен қатар шаруашылықтар ауданаралық тұқым алмасу арқылы қажетті тұқым қорын қамтамасыз етуде. Бұл орайда шаруашылықтарға минералды тыңайтқыштар бойынша түсіндірме жұмыстары да жүргізілді. Аудандағы 4 шаруашылық «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарынан 560 тонна минералды тыңайтқыш сатып алуды жоспарлап отыр. Тағы бір айта кететін жайт, былтыр ауданда 48,8 мың гектар сүр (пар) дайындалып, 34 мың гектар сүдігер жыртылды. Сондай-ақ қысқы кезеңде 19,0 мың гектар алқапта қар тоқтату жұмыстары жүргізілді.

Көктемгі далалық жұмыстарға ауданда 12 серіктестік, 3 агроөндірістік кешен, 100 шаруа қожалығы қатысады. Бұл жұмыстарға 452 адам, 95 жүк көлігі, 99 трактор, 435 дәнсепкіш және 35 егіс кешені жұмылдырылады. Қазіргі таңда техниканың дайындық көрсеткіші— 92 пайыз.

Аудан бойынша 38 шаруашылық көктемгі далалық жұмыстар үшін 2557,7 тонна арзандатылған дизель отынына өтінім беріп, келісімшарттар жасасты. Қазіргі уақытта жанармайды тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Көктемгі дала жұмыстары әзірге басталған жоқ, себебі егіс алқаптары балшық күйінде. Шаруашылықтар ылғал жабу жұмыстарын 10 сәуірден бастап жүргізуді жоспарлап отыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button