Басты жаңалықтар

Өңірде 7 өрт сөндіру станциясы салынады

Жиын

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде дала және орман өрттерінің алдын алу шаралары талқыланды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Айбат Жаңабергенов облыста өрттердің алдын алу және жою үшін өрт сөндіру бекеттерінің саны артып келе жатқанын алға тартты.

Биыл облыс орталығындағы Қурайлы, Сазды,Ақшат тұрғын алаптарында және Әйтеке би ауданының Ұлғайсын, Сарат, Темір ауданының Сарыкөл ауылдарында алты жаңа бекет орнатылды. Тағы алты бекет ашу жоспарлануда.

Бүгінде өңірде 178 елді мекенді қамтитын 73 бекет иелігінде 58 өрт сөндіру және 28 қосалқы техника бар. Тиімді жұмыс істеу үшін қосымша 26 арнайы өрт сөндіру техникасы қажет. Төтенше жағдайлар департаменті бекеттерін қамтамасыз ету аясында олардың балансына он автоцистерна берілмек.

— Елді мекендерде дала өрттерінің алдын алу және сөндіру үшін 14 ерікті өртке қарсы құрылымдар бірлестігі құрылды, оның құрамында 1912 адам бар. Тәулік бойы 180 қызметкер және 37 автоцистерна кезекшілікте болады. Жедел байланыс үшін 16 спутниктік аппарат, ал аэровизуалды бақылау үшін 4 дрон қолданылады. 228 адамнан тұратын 39 мобильді топ құрылды, олар 5 рейд жүргізді, нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 12 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, —деді департамент басшысының орынбасары.

Айбат Жаңабергеновтің айтуынша, облыстың орман шаруашылығы мекемелерінде 7 орман өрт сөндіру станциясы жұмыс істейді. Қосымша тағы 7 станция қажет: оның үшеуі салынып жатыр, төртеуі — жобалау кезеңінде. Сондай-ақ өрт сөндіру техникасы паркін жаңарту және өрт гидранттарын күрделі жөндеу керек.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауапты тұлғаларға өртке қарсы іс-шараларды күшейтуге қатысты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, өрт қаупі бар аймақтарда қосымша профилактикалық рейдтер ұйымдастыру және ауылдық жерлерде өртке қарсы талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ өңір басшысы орман өрт сөндіру станцияларының құрылысын жеделдетіп, өрт сөндіру техникасын уақтылы жаңарту қажеттігін жеткізді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button