Барыс-келіс көбейеді

Жолаушылар тасымалы
Жолаушылар тасымалы саласында жағымды жаңалық. 1 мамырда «Южное небо» әуекомпаниясы Ақтөбеден Орал және Қызылорда қалаларына тұрақты рейстерді орындай бастайды. Ал 2 мамырда Шымкентке қатынайтын әуе бағыты қайта жанданбақ.
Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайы әкімшілігінің мәліметінше, АқтөбеденОралға рейстер аптасына екі рет: сәрсенбі және жексенбі күндері, ал кері бағытта — дүйсенбі және бейсенбі күндері жүзеге асырылады. Билеттер 16 мың теңгеден басталады.
Ақтөбеден Қызылордаға рейстер аптасына екі рет: дүйсенбі және бейсенбі күндері, ал кері бағытта — сәрсенбі және жексенбі күндері орындалады. Билет құны 26 мың теңгеден басталады.
«Scat» әуекомпаниясы Ақтөбе-Шымкент-Ақтөбе бағытындағы рейстерді дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндеріне жоспарлаған, ал «Flyarystan» әуекомпаниясы аталған қалаға 1 маусымнан бастап сәрсенбі және жексенбі күндері ұшады. Билеттер сатылымда, бағасы — 18 мың теңгеден жоғары.
Аталған әуе рейстерінің ашылуы жолаушылардың саяхаттауына және іскерлік сапарларға жаңа мүмкіндік екені сөзсіз.
Сондай-ақ 2 сәуірде №630 Ақтөбе-Қазалы бағыты бойынша пойыз іске қосылды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» өңірлік филиалы өткен жылдың қазан айында жолға қосылған Ақтөбе-Шалқар пойызының бағытын Қазалы бекетіне дейін ұзартылғанын хабарлады.
Енді Ақтөбе-Қазалы пойызы Шалқар және Сексеуіл станциялары арқылы өтеді. Бастапқы кезеңде 6 вагон тіркеледі: үш купе және үш плацкарт. Болашақта жолаушылар легі көбейген жағдайда одан да көп вагон қосу жоспарланып отыр.
Шалқарға жол жүру құны өзгеріссіз қалды. Ақтөбеден Қазалыға бару үшін билет құны — плацкарт вагонында 5 786 теңге болса, купе 8 581 теңгені құрайды.
Ақтөбеден пойыз жұп күндері сағат 22.25-те жөнелтіледі және келесі күні Қазалыға сағат 11.32-де жетеді. Ал Қазалы-Ақтөбе бағыты бойынша №629 пойыз тақ күндері сағат 18.20-да жүреді. Келесі күні сағат 7.34-те Ақтөбеге жетеді.
№630 пойыздың алғашқы тасымалы 2 сәуір күні сағат 21.00-де Ақтөбе теміржол станциясының вокзалынан бастау алды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.