Өзбекстандық велоспортшы Ақтөбеге келді

Өзбекстандық опера әншісі, велошабандоз, спорт ардагері Хурсанд Шеров Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған халықаралық веломарафон аясында Ақтөбеге аялдады.
Облыс орталығына ат басын бұрған саяхатшыны алдымен ақтөбелік бір топ велоспортшы күтіп алды. Олардың қатарында 71 жастағы велошабандоз Жұмабай Отарғалиев те бар. Ол өзі де бірнеше жыл веломарафоншы болып, Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы, Абайдың 170 жылдығына орай Қазақстанның бірнеше аймағын аралап үлгерген.
— Өткен жылы Қазақстан теміржолының 120 жылдығына орай Ақтөбеден Ташкентке дейінгі 2 мың шақырымдық жолды жүріп өттім. Сол кезде мен Хурсанд Шеровпен танысқан болатынмын, — деді Ж.Отарғалиев.
Әлия Молдағұлова ескерткіші маңына жиналған жұрт велошабандозды ән-бимен, ұлттық дәммен қарсы алды.
Іс-шараға қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімі мамандары, қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары, жастар мен студенттер қатысты.
Жиын барысында Хурсанд Шеров пен Жұмабай Отарғалиев Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоғын қойды. Хурсанд Шеров Өзбекстан, Қазақстан және Ресей аумақтарын аралауды жоспарлап отыр.
— Жолда тарихи орындарды аралап, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлардың рухына тағзым етіп келемін. Бүгін мені ақтөбеліктер өте жақсы қарсы алды. Менің басты мақсатым — 9 мамырда Мәскеудегі парадқа қатысу, — деген өзбекстандық спортшының жасы — 66-да. Ол әрі қарай Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейін аралап, батыр қыз дүниеге келген Қобда ауданына аттанбақ.
Кездесу соңында ҚР Мәдениет саласының үздігі Ләззат Медетова «Әлия» әнін шырқаса, тұрғындар велоспортшылармен естелікке суретке түсті.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.