Білім

Тағылым негізі — тәрбиелі білім

Тоқсан жылға жуық тарихы бар Ақтөбе гуманитарлық колледжі бүгінде жастардың ойдағыдай білім алып, заман үрдісіне сай бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік жасап отырған белді оқу орындарының бірі.  Кезінде қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетов, академик Ахмет Жұбанов, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Рәбиға Сыздықова, ақын драматург Бәкір Тәжібаев, жазушы Өтебай Қанахин білім алып, түлеп ұшқан оқу ордасында қазірде болашағынан үміт күттіретін білікті жастар оқып жатыр. «Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың және біліктілікті берудің ғылыми-әдістемелік орталығының» Ақтөбе облысы бойынша филиалы өткізген «Сапаны Тәуелсіз Бағалау» сынағы қорытындысы бойынша колледж білім алушыларының  жоғары білім сапасын көрсетуі де соның куәсі дерлік. Ендігі әңгімені колледж директоры Зейнолла Кемейдоллаұлының өз аузынан естісек…

 

–– Зейнолла Кемейдоллаұлы, сіз басқаратын Ақтөбе гуманитарлық колледжінің тарихы әріден басталатыны белгілі. Сонау тоқсаныншы жылдар тұсында ауылдың көптеген жастары осы колледжге келіп оқуды мәртебе санайтын. Колледждің бүгіні жайлы сөз қозғамас бұрын, алдымен, кешегісіне көз жүгіртіп өтсеңіз…

–– Ақтөбеде 1909 жылы алғаш рет педагогикалық класс ашылып, бір жылдан кейін ол екі жылдық педагогикалық курс болып жұмыс жасап, 1922-1923 оқу жылдары педагогикалық техникум болып құрылған. Колледждің кешегі тарихы сол жылдан, яғни Қазақ АССР-нің білім беру жүйесінде оқу орны ретінде арнайы тіркелген кезден бастау алады деуге болады. Кейін 1927-1928 жылдары педтехникумда қазақ қыздары үшін оқу тобы құрылып, онда жиырма шақты қазақ қыздары оқыған.

1937 жылы педтехникум педагогикалық училище болып өзгертілді. Училище 1993 жылы педагогикалық колледж, 1997 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту колледжімен біріктіріліп, Ақтөбе гуманитарлық колледжі статусына ие болды. Міне, тоқсан жылдай уақыт бойы бұл оқу орны қала, ауыл жастарын білім нәрімен сусындатып, елге қызмет ететін азамат болып өсіп, қалыптасуына елеулі үлесін қосып келеді.

–– Оқу орнының бүгінгі күні қол жеткізген жетістіктері қандай?

–– Колледждің бүгінгі таңда қол жеткізген ең басты жетістігі – білімнің сапасы. Биылғы оқу жылында «Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың және біліктілікті берудің ғылыми-әдістемелік орталығының» Ақтөбе облысы бойынша филиалы өткізген және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Сапаны Тәуелсіз Бағалау»  сынағы қорытындысы бойынша колледж түлектерінің білім сапасы 81 пайызды құрады. Колледжде білім сапасы бұрын төмендеу болған еді. Былтыр ол  48 пайызға жетті. Өсу динамикасы +33%. Сынақ қорытындысы бойынша түлектер  Самал Құсайынова, Жайнагүл Ахетова 100 сұрақтың бәріне бірдей толық жауап берді. Колледж оқушылары   қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі шараларға, конкурстарға үнемі қатыстырылып отырады. 2010 жылы Кіші Ғылым Академиясының республикалық ғылыми-практикалық конференциясында 4 оқушы, облыстық ғылыми-практикалық конференциясында 7 оқушы  жүлделі орындарға ие болды.

Сондай-ақ, колледж ұжымының қалалық, облыстық түрлі қоғамдық-мәдени шараларға белсене қатысып,  жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін облыс әкімдігі мен қала әкімдігі тарапынан алған Алғыс хаттары мен марапаттары да жетерлік.

Бұл педагогикалық ұжымның жүйелі, үздіксіз еңбегінің нәтижесі.

— Қазіргі кезде колледжде қандай мамандықтар бойынша мамандар даярланады?

Колледжде бастауыш білім беру; мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу; музыкалық білім беру; математика; қазақ тілі және әдебиеті; тәрбие жұмысын ұйымдастыру сияқты педагогикалық мамандықтар және әлеуметтік-мәдени қызмет және халықтық көркемөнер шығармашылығы; дизайн; кітапхана ісі сияқты өнер, мәдениет мамандықтары, қазіргі заман ағымына байланысты ашылған аударма ісі; ақпараттық жүйелер; электрондық есептеуіш техника және бағдарламалық қамтамасыздандыру мамандықтары бойынша күндізгі бөлімде 1500,  сырттай бөлімде 670 оқушы білім алып жатыр.

— Болашақ мамандардың еңбек нарығы талабына сай даярлануына оқытушылардың сапалық құрамы мен кәсіби біліктілік деңгейлері де әсер етері сөзсіз. Педагогикалық ұжымның сапалық құрамы туралы не айтар едіңіз?

— Жалпы оқушылардың сапалы білім алуына қай кезеңде де білікті ұстаздардың қосатын үлесі зор. Мысалы, 1997 жылы оқу орнының 70 жылдық мерейтойында 16 оқытушының шығармашылық еңбегі ерекше аталып, оларға «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісі берілген. Ал, қазіргі күні ұжымда еңбек ететін 200-ден астам оқытушының 70 пайызға жуығы жоғары, бірінші, екінші санатты оқытушылар және 9-ы ғылым магистрі.

Оқытушылардың кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында соңғы үш оқу жылында 160-тан аса оқытушы біліктілікті көтеру және қайта даярлау курстарынан өтті.

Колледжде педагогика саласында өз еңбектерімен көзге түсіп жүрген тәжірибелі оқытушылар еңбек етеді. Атап айтар болсақ, екі Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, он сегіз «ҚР Білім беру ісінің үздігі», ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған 18 оқытушы, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған 4 оқытушы, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған 32 оқытушы жұмыс жасайды. 2010 жылы педагогикалық жетістіктердің конкурс-марафонында 6 оқытушы «Техникалық және кәсіптік оқу орнының үздік оқытушысы» деп танылып, облыс әкімінің грантына ие болды.

–– Соңғы жылдары елімізде жастарды ауылға жұмысқа тарту мәселесі басты назарда ұсталынып келеді. Бүгінде осы мақсаттағы «Дипломмен ауылға» жобасы жастар үшін оңтайлы  жобаға айналды. Аталмыш жоба бойынша сіз басқаратын колледж түлектері арасында  ауылға барып, жұмысқа орналасқандары бар ма?

–– «Дипломмен ауылға» жобасын іске асыру мақсатында колледжде арнайы жоспар бекітіліп, айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Аудандардың білім  бөлімдерімен тығыз байланыса отырып жас мамандарды жұмысқа орналастыру жөнінде үш жақты келісім-шарт жасалды. Болашақ мамандардың 90 пайызға жуығын алдағы уақытта өзі жұмысқа орналасатын ұйымда тәжірибеден өту жағдайларын да қарастырдық. Колледж түлектері мамандықтарына қарай ауылдық мектептер мен мектепке дейінгі ұжымдарға, кітапхана, мәдениет үйлеріне жұмысқа орналастырылды.  Атап айтсақ, 2009-2010 оқу жылында түлектердің 81 пайызға жуығы жұмысқа орналасса, 2010-2011 оқу жылы түлектерінің де алдын ала жұмысқа орналасуы 80 пайызды құрап отыр.

Биылғы жылы оқуын тәмамдаған 303 түлектің 209-ы «Дипломмен ауылға» жобасы негізінде алғашқы еңбек жолдарын ауылдан бастауға ниет білдірді. Ауылға жұмысқа барған жастарға аудандық әкімдіктің бюджетінен 100 мың теңгедей бір жолғы көтермеақы төленеді. Кейбір аудандарда мүмкіндіктеріне қарай қызметтік пәтер беру жағы да қарастырылған. Мысалы, былтырғы жылы Алға ауданына жұмысқа орналасуға барған бір жас маман қызметтік пәтерге ие болды.

–– Колледждің әлеуметтік серіктестеріне тоқталсаңыз…

–– Біздің оқу орны қала мектептері мен мектепке дейінгі мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Өндірістік практика базалары он орта мектепті және жеті мектепке дейінгі мекемелерді қамтиды. Сонымен қатар, білім алушылардың оқу-өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру, еңбекке орналастыру, аудандардың маманға қажеттілігін өтеу мақсатында  қалалық, аудандық білім бөлімдерімен де әлеуметтік серіктестік жүзеге асырылуда.

–– Бүгінде жастардың білім алуымен қатар олардың тәрбиесі де қоғам назарындағы басты мәселелердің бірі.

–– Білімге қол созушы жастардың санасына алдымен елдік, Отандық ұғымдар сіңірілсе игі. Елдік сезімді біліммен, біліктілікпен ұштастыра алған жас қана қазіргі заманның бәсекесіне қабілетті маман болып қалыптаспақ. Әлемнің екінші ұстазы атанған әл Фараби бабамыздың мына бір сөзін айта кеткім келеді: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзатты апатқа ұшыратуы мүмкін». Демек, тәрбиемен бірге бойға сіңірілетін білім ғана тағылымды болмақ. Осындай ұстанымды басшылыққа алып жұмыс жасап отырған біздің колледжде оқитын жастар шынымен де бойына адамгершілікті, саналылықты сіңіруге талпынған өрендер. Оқушылардың тәртібі де, мәдениеті де айта қаларлықтай жақсы. Колледждің ішкі тәртібін қадағалап отыру үшін екінші, үшінші курс оқушыларынан арнайы тәртіп сақшысы жүйесі қалыптасқан.

Жастар тәрбиесінде еңбек басты роль атқарады. Осы орайда «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон эстафетасына 2010 жылы 600 оқушы, 2011 жылы 600 оқушы  үлкен белсенділікпен қатысып, біршама жетістіктерге ие болды. Атап айтсақ, 2010 жылы бір оқушы автокөлік иеленсе, 16 оқушы ноутбук, 32 оқушы Астана қаласына саяхатқа жолдама алды.

«Білімдінің күні жарық» екенін түйсінсек, тәрбиесіз алған білім жас адамның жан-жақты үйлесімде дамуына тосқауыл болатыны сөзсіз. Осы орайда біз жастарға білім беруде ең алдымен тәртіп мәселесіне мән береміз. Ал тәртіп бар жерде сапалы білім алуға да, тәрбиелі, саналы азамат болып қалыптасуға да жол ашылады.

— Колледжде  ерекше санаттағы оқушыларға қандай жағдайлар жасалған?

–– Колледжде кездескен қиындықтарға қарамастан жас ұрпақтың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалып келеді.

Егер біз адамгершілігі жоғары қоғам орнатқымыз келсе, алдымен ата-анасының қарауынсыз қалған жетім балаларға қол ұшын созып, қарасуымыз керек. Ата-бабаларымыз «жетім көрсең, жебей жүр» деп бекерге айтпаған. Олай болса, жетімді қолтығынан демеу, қамыққан көңілге медеу болу – біздің азаматтық парызымыз. Солай десек, қазіргі күні колледжде осындай статусқа жататын 39 оқушының 28-і мемлекеттік тапсырыс бойынша, 11-і ақылы түрде оқып, білім алып жатыр. Оларға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, шәкіртақы, көлікте тегін жүруге қаражат, медициналық көмек, жатақхана тегін беріледі. Сонымен қатар «Бөбек» қорынан 5 оқушы қайырымдылық көмек алады. Сондай-ақ «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Казхром», АЗХС, «Геом» ЖШС, «Батыс Пластик» ЖШС, «Емшан», «Әлем Пласт» компаниялары колледждің ақылы топтарында оқитын жетім балаларға қамқорлық көрсетіп келеді. Олардың бәріне біз колледж оқушылары атынан үлкен алғысымызды білдіреміз.

–– Сіздіңше, кәсіптік білім берудің оқу-тәрбие үрдісінде жас ұрпақпен біте қайнасып тірлік кешудің қиындығы мен қызығы неде?

— Жалпы жастармен жұмыс істеу қиын да, қызық. Қиыны — олардың тілін тауып, көкейіндігіні дөп басқың келеді. Қызығы — жастардың білімге деген ерен құлшыныстарын көріп, қуанасың. Бүгінгі ұрпақ ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың арманына айналған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егемендікті еншілеген ұрпақ. Олай болса, ұлттық дәстүр мен салт-сананы берік сақтайтын, болашақтың саналы да, парасатты ұрпағын тәрбиелеп, жеткізу бізге сын. Біз осы бір игі мақсаттағы үлкен жауапты істі әрі қарай жалғастырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізе береміз деп ойлаймын.

–– Оқу орнының қазіргі  материалдық жай-күйі қалай?

–– Соңғы жылдары колледждің материалдық базасын жақсартуға облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов көп көмек берді, облыстық бюджеттен жеткілікті қаржы бөлді, соның арқасында жатақхана, оқу корпусының жылу жүйесі күрделі жөндеуден өткізілді, компьютерлік кластар  жабдықталып, біртіндеп жағдайымыз дұрысталып келеді.

Біздің облыста білім беру саласының дамуына және «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілген педагог мәртебесін көтеру мәселелеріне облыс әкімі тарапынан  жақсы қолдау көрсетіліп келеді. Жыл сайын өткізілетін педагогикалық жетістіктердің конкурс-марафонында облыстың ең үздік білім беру ұйымдары мен педагог қызметкерлерге облыс әкімінің грантын тағайындау да осының бір дәлелі. Колледждің педагогикалық ұжымы тәуелсіз еліміздің саналы тәрбиесі, сапалы білімі бар мамандарын дайындау ісіне өз үлесін қоса берері сөзсіз.

Әңгімелескен Жанар НҰРҒАЛИ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button