Мәдениет

«Дерт» — өзгеше қойылым

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртістері «Дерт» атты жаңа қойылымға дайындалып жатыр.

Жапон драматургы Минору Бэциякудің бұл шығармасын қазақша тәржімалаған —белгілі режиссер Асхат Маемиров. Пьесаны қоюшы-режиссер —  театр әртісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының магистранты Елтай Кемал.

Жапон тіршілігінен сыр шертетін бұл спектакльдің ерекшелігі неде? Өткен ғасырдың орта шенінде драматургия жанрында абсурдты драма ағымы пайда болды. Зерттеу объектісі — адамдардың өмірден түңілуі, кәдімгі тіршіліктегі қарым-қатынастың бұзылуы.

Латынның «абсурд» деген сөзінің мағынасы да — мәнсіздік, мағынасыздық, ойға келмейтін өрескелдік.

Қойылым барысында бірден көзге түсетін сахнадағы декорациялар мен бұйымдар үздіксіз ауыстырылып жатады. Диалогтарын қарама-қайшылықта жалғастырып жататын кейіпкерлердің не айтқалы тұрғанын әуелі айыра да алмай қаласың. Алайда осы мағынасыздықтың өзінде белгілі бір мағына, ой жатқандығын сезінесің. Соны түсінуге, автордың қандай ой айтқысы келгендігіне қызығып, ынтыға түсесің. Қоғам дамуындағы қарама-қайшылық, адамдардың бір-біріне жат бауырланып кеткен тірлігі, өмір мен қоғамның аласапыраны ойға қалдырады. Енді өзің осы адамдарға ұқсағың келмейді.

Айналып келгенде осы қойылымды тамашалай отырып, әркім өзінің көкірек пайымы мен біліміне сай ой теңізіне бойлайды. Мағынасы бір қарағанда түсініксіздеу, алайда сахна құдіретін өзге қырынан танытатын осы қойылым Т.Ахтанов театрының жаңа бағыттағы тағы бір қадамы болар деп үміттенеміз.

Пьесаны қоюшы-режиссер Елтай Кемал:

Театрдың өзі күлуден не жылаудан ғана тұрмайды. Мағынасыз пьесаны сахнада мағыналы етіп, көрермендерге ой салып қана қоймай, адамдық пен адамгершілікті сақтау идеясын ту еткім келеді, — дейді.

Құрметті көрермен! Абсурдты театрмен танысқыңыз келсе, 15-16 маусымда Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрына келіңіз. Жаңа қойылымды бірге тамашалайық.

Әлімжан САТЫБАЛДИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button