Спорт

Қайсар жандардың биылғы жетістіктері 

Сәрсенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Жұбановтар әлемі» орталығында ақтөбелік пара-сурдоспортшылар жылды қорытындылады.

Қайсар жандардың спорт клубының ұйымдастыруымен өткен жиында әуелі аяқталғалы тұрған жылдың жетістіктері айтылды.

— Биылғы жетістіктеріміз аз емес. Атап айтсам, алғаш рет ақтөбелік 4 сурдо спортшы Бразилиядағы Сурдлимпиада ойындарына қатысып, солардың арасынан еркін күрес палуаны Бексұлтан Малайдар қола медальді иемденді. Сондай-ақ парадзюдодан өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Дулат Бөгенбаев жүлделі үшінші орынға ие болды. Ал Гүлім Құрманбаева, Нысанбек Айдарбеков, Бауыржан Көшербаев сынды спортшыларымыз Азия чемпионатында жүлделі орындардан көрінді. Сол сияқты Шахан Жолдасбаев та халықаралық деңгейде жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

Жалпы, осы жылы біздің спортшылар сурдо және параспорт түрлері бойынша 10 халықаралық, 32 республикалық, 19 оқу-жаттығу жиындарына қатысып, жалпы 114 медаль (53 алтын, 30 күміс, 31 қола) иеленді, — дейді Ақтөбе қаласындағы рухы мықты жандарға арналған спорт клубының маманы Айболат Бекболатұлы.

Арнаулы топтағы азаматтар жаттығатын клубта спорттың 20 түрі дамытылуда. Мұнда қайсар жандарға 27 жаттықтырушы-оқытушы қызмет етеді. Соған сай спортшылардың аяқ алысы да жақсы. Айталық, осында келетін 7 адам еліміздің штаттық ұлттық құрамасының мүшелігіне енген. Яғни олар республикалық спорттық дайындық орталығынан барлық халықаралық дода мен оқу-жаттығу жиындарына барғанда қаржыландырылуға мүмкіндік алды.

Бұл спортшылардың арасындағы жарыстар келер жылы да көптеп ұйымдастырылмақ. Жоспар бойынша 2023 жылы Ақтөбе қаласында есту қабілеті бұзылған адамдар арасында дзюдодан ел чемпионаты және еркін күрестен ҚР Кубогі, сондай-ақ  «Спешл Олимпик» бағдарламасы бойынша спартакиада, Қазақстанның Паралимпиада ойындары, трансплантациядан кейінгі және диализдегі адамдар арасындағы республикалық жарыс өтеді. Додаларға дайындық жұмыстары қазірден-ақ басталып кеткен…

Салтанатты шара соңында биыл жарқырай көрінген спортшылармен жаттықтырушыларға атқарушы билік пен клуб атынан Алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Ақтөбе қаласындағы бұл спорт клубына 1416 адам тіркелген. Бұл осынша қайсар жан спортпен кәсіби түрде айналысады деген сөз.

  Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button