Мәдениет

Шашты әзиздің ұрпағы

Махаббатсыз – дүние бос

Абай

Бүгін тағы көрдім. Жаз киетін көйлек қарайын деп дүкенге келгем. Күншуақта отыр екен. Әбден азып-тозған. Адамдық кейіптен кетіп қалған. Мені байқамағансып сырт айналды. Ауылдасым. Бала күнінен білетін ем. Бір кезде кеудедегі азамат еді, бір мекемеде ұзақ уақыт қатар қызмет істеп ек. Аға тұтып бар сырын айтатын. Елуден асқан шағында аяқ астынан азғынға айналған мұны танитыны бар, танымайтыны бар, әр саққа жүгіртіп өсек-аяң  қылады. Шындығында, ақиқаты өзгеше… Жақсы әдебиетші еді. Әңгімені өте шебер айтатын. Адам тағдырының қыл үстіндегі нәрсе екендігі турасындағы хикаясы қаз-қалпында көкейде қалыпты. Әйтсе де, ол озық әдебиетші де, мен ортақол физикпін.  Айырма үлкен. Сондықтан ендігі бар кілтипан – оның ақырғы әңгімесін бұзбай жеткізуде..

* * *

Аудан орталығында жылда өтетін дәстүрлі жиналысқа жоғары жақтың пәрменімен келген-ді. Ойламаған жерден кездесті. Кіре берісте қарсы ұшырасты. Бір топ әріптестерінің ортасындағы ол оқыс кідіріп, – Ах! – деді отты жанары жарқ етіп. – Мұнда қайдан жүрсіз?! – Сосын тез есін жинап,– Сәлеметсіз бе?! – деді  ажарлы жүзінен қуаныш лебі есіп, күлімдей қарап. Абдырап қалған бұл да амандасу рәсімін жасаған болды. Кездеспегелі бес жыл өткенімен сұлу келіншек көрмегеніне бес күн өткен ет жақынындай іш тарта амандық-саулық сұрасты. Онда тұрмысқа шықпаған жас қыз еді. Қазір сәл толысып, нұрлы жүзіндегі бейкүнәлік орнына ақыл-парасат табы орнапты. Сылқылдаған сымбатты сұлу келіншекке айналыпты. Есік аузында қарсы ұшырасқан екеуі ұзағырақ тұрып сөйлесуге ыңғайы келмеді. Ішке қарай жөңкілген нөпірдің қақпақылын тоқтата алмай аяғын шегіншектей басып бара жатқан ол бұған қайырыла мойын бұрып, күлімдеген көзінің қиығынан сәуле шаша тағы бір қарағанда қара төбесінен бақайына дейін ыстық леп шарпып өтті. Елу төрт жасты бекер жасады деймісің, келіншектің бейлі ауғанын сезе қойды.

Алғаш кездескенде университетті жаңа бітірген жас қыз еді. Мұғалімдердің білім жетілдіру курсына келген. Білімді  екен, білген соң сұрақты да көп қойды. Ақырында  екеуінің танымы ортақ арна тауып, рухани жағынан  жақын боп кеткен-ді. Тіпті, ретін тауып бетінен сүйгені бар.

Бұл жоғарыда, президиумдағылар ортасында. Бүгінгі істелетін ісі, соғатын жері қатаң қалыпқа салынған. Сыртта адамдар күтіп тұр, он минуттан соң шығуы керек. Жиналыс ашылған бойда көп ішінен оны іздей бастады. Соңғы жағын ала отыр екен. Екі көзі мұнда. Жымия қарап, сұқ саусағымен сыртты нұсқап, әлденелерді ымдады. Түсінбеді. Қайтадан ымдады. Ұқпады. Бәлкім, сыртта кездесейік деген шығар, бірақ мұның күтетін уақыты жоқ еді. Машина тосып тұр. Жарым сағат өтер-өтпестен көрші аудандағы жиналысқа да үлгеру үшін суыт аттанып кетті.

Келген соң екі-үш күнге шейін оны қайта-қайта еске алып жүрді. Алайда, қағаз басты еді, бірте-бірте көмескі тартты. Әрі әйел затына онша зәру емес-ті. Білім жетілдіру институтының тоқсан тоғыз пайызы қыз-келіншек. Оның үстіне аудандардан ай сайын қаптай ағылып келіп жатқанын қосыңыз. Ұялшағы бар, өзі келіп ұрынатын ұрыншағы бар. Сыпайысы бар, көп бөгелмей «сен маған, мен саған» деп мәселені қабырғасынан қойып, саудаға тікілей тартатын саудагері бар. Бірақ сол шіркіндерге әуелден көп әуестігі жоқ-ты. Кейбіреулерше соңына түсіп «кәсіп» қылған емес.

Қызметінде отырған. Кабинетінде жалғыз еді, ақырын есік қағылды, ізінше кіріп келді. Аса қымбат француз әтірінің иісі ішке лап берді. Сырға!

Қала сәнімен арнайы шаш үлгісін жасатқан. Қалың қолаң шашы бұйралана төгіліп екі иығын жапқан, ақ бетінің ұшына аздап жағылған ал қызыл бояу шиедей қызыл ернімен астаса айрықша рең беріп тұр. Үстіндегі омырауы ойық көгілдір бүрме етек көйлек сұңғақ бойлы жас әйелдің тоқ балтырын айғақтай көрсетеді.  Әсіресе көзі айрықша. Қиығы түзу отты жанар қараған адамын тереңіне тарта береді екен. Осыдан отыз жыл бұрын оқыған, оқыған бойда жатталып қалған Қадыр Мырза-Әлидің «Сұлу» атты өлеңі еске түсті:

Махаббатқа мың өртеніп, мың күйіп,

Мөлдір көзге алғандай бір мұң құйып.

Көз дейміз-ау, көз емес ол талайды

Тереңіне тартып жатқан тұңғиық! – Ақын біліп айтқан, сол көз – осы!

– Сәлеметсіз бе! – деді келіншек әсем даусы күміс қоңыраудай сыңғырлап. Бұл да емен-жарқын амандасты. Қарсы алдындағы орындықты нұсқады.

– Ертеңгі  семинарға келіп едім, сосын сізге соға кетейін, сәлемдесейін деп.

Екеуі оны-мұны айтып біраз отырып қалды. Өз аяғынан келген мұншалықты ғажап олжаны енді «сау»  жіберудің реті жоқ-ты. Біраздан соң бес жыл бұрынғының жақсы жақтарын еске салып, қисынын келтіріп бетінен сүйді. Келіншектің ұяттан екі беті қып-қызыл болып кетті. «Несіне ұяласың? – деді бұл. – Өркениетті елдерде адамдар көріскен сайын сүйіседі». Тағы бір айнала беріп кеудеге симай, көгілдір көйлектің  омырауын бұзып өтердей боп тұрған манардай аппақ қос анардың үстіңгі ашық бөлігіне тұмсықты тығып жіберген-ді. Келіншек шоршып түсті.

– Сізге не болғаны! – деді, ышқына айқайлай орнынан тұрып, шошына қарап.

– Кешірерсіз, – деді сасып қалған бұл. –  Қызығып кетіп, өзімді өзім ұстай алмай қалдым…

– Сізге не болғаны? Дардай басыңызбен жас баланың ісін істеп.

Бұл сөз кісіге ауырлау тиді. Мән бермегенсіді.

Екеуі  біраз үнсіз қалды. Тыныштықты әйел бұзды.

– Компьютеріңізден үш-төрт бет қағаз шығарып алсам қалай болар екен?

– Шығарыңыз, шығарыңыз. – Қуанып кеткен кісі айыбын жууға асықты. Соның арасынша оның телефоны шырылдады.  Үрке қарап, тетігін басып, құлағына тосқан Сырғаның өңі бұзылып сала берді. Бұған қырындай бұрылып, – Иә. Жақсы. Қазір барамын, – деді. Сосын: «Асығыс шаруа бар еді » деп, қой-хош айтып, аяғын тездете басып шығып кетті.

«Ойпыр-ай, – деді кісі, – өзінің кісікиік тағысын. Еркек көрмегендей о несі?!» Сосын жұпар аңқыған иісті қайыра санадан өткеріп, елітіп отырып қалды.

Арада апта өтті, апта озып айға ұласты. Жарты жылға жетті. Жұмыс басты адам еді, тағы да ұмыта бастаған-ды. Аяқ астынан аудан орталығына баруына тура келді. Барған соң есіне түсіп телефон шалды.

– Сізді бүгін таңға жақын көріп едім, – деді келіншек. – Түсімде.

– Жақсы түс қой, – деді бұл сөзін қалжыңға жеңдіріп. – Не істеп жатыр екенбіз?

– Қойыңызшы, бәрін анайы нәрсеге қарай бұратыныңыз не? Өкпелеймін. Мен сізді Бабатүкті Шашты Әзиздің ұрпағы, қасиетті тұқым деп жүрсем.

– Кешір, – деді бұл. – Атасының алдында арсыз ғана тоқтамайды, бұдан былай сізге артық-ауыс сөз айтпауға уәде беремін.

– Ал жақсы, жақсы, – деген келіншек байланысты үзіп жіберді. Шамасы ту сыртынан біреулер келіп қалған сияқты. Енесі әлде қайынсіңілісі. Кісі дағдарып қалды. «Ажарлы ғана емес, ақылды да екен, әйтпесе түп атамды – Шашты Әзизді қайдан біледі?» деп ойлады әлдебір тәтті қиялдың жетегіне еріп.

Бірте-бірте оны жиі еске алуды шығарды. Ақыры телефон соқты.

– Сәлеметсіз бе? Жағдайыңыз қалай?

– А-а-а… Сіз бе? Денсаулығыңыз жақсы ма? Қашан хабарласар екен деп елеңдеп жүр ем.

– Шынымен хабар күттіңіз бе? Мен… мен жасы ұлғайған адаммын… Сіз

болсаңыз үлбіреп тұрсыз. – Осы сөз қайдан аузыма түсті деп өкінген кісі тез түзетпек болды. – Не ғой, енді біртүрлі ыңғайсыз…

Алдыңғысы ештеңе емес, аяғын одан әрі бұзғанын тез түсінді. Келіншек  күле сөйледі.

– «Ер адамның жасын сұрама» деген бар, мен сіздің нешеде екеніңізді сұрап

жатқаным жоқ қой.

– Не ғой, – деді бұл, аузына оңды сөз түспей. – Жас әйел алған ағаларымызды да көріп жүрміз ғой, сүмең-сүмең етіп жеңгелеріміздің соңынан салпақтайды да жүреді. Бітіретін түгі жоқ…

Келіншек сықылықтап күлді.

– Өзіңіз қалайсыз?!

Мұндай сөзді күтпеген.  Тосылып қалды.

– О-о-о…. –  деді. Сосын тез ес жиды. –  Біз бе?.. Мен бе?… Шүкірміз.

Әзір жарап тұрмыз. Товары келіссе – бетіміз қайтқан, ешкімді өкпелеткен жеріміз жоқ.

– Кешіріңіз, – деді әйел. – Бұл жолы мен әдептен оздым білемін. Жақсы, жақсы, – деді анадағыдай асығыс. – Кейін хабарласармыз.

«Болды. –  Жігіт алақанын ысқылады. – Өзі келіп торға түсті, сұлуым». Бұл араға күн салып қалта телефоны арқылы оқтын-оқтын хат жазып тұрды. Сырға әдеп сақтап «сіз-бізден» әрі аспады.

Жаңа оқу жылы басталған соң ол әлдебір конференцияға қатысу үшін облыс орталығына келді. Бұл кафеге шақырды. Келіншек мұның жанына отырмай, үстелдің қарама-қарсы бетін таңдады. Тым әдемі әрі уылжыған жас. Кісі талай әдеміні де, бұдан да жасты көрген, бірақ Сырғаның сыпаты басқа екен.

– Мен тұрмысқа шыққалы төрт жыл өтті, – деді ол әңгіменің бір орайы келгенде. – Бала жоқ.

– Бала жоқ….

– Иә. Көтермей-ақ қойдым. Көрінбеген дәрігерім қалмады. Себебін нақты айтқан біреуі жоқ. Әйел затының бала көтермегені қандай қасірет. Жалғыз нәрестем, тіпті, ұл да емес, титтей қызым болса – екі дүниеде арманым болмас еді.

– Олай деп түңілме. Әлі жассың. Көрешегің алда.

– Бәлігер, емшілерді де тауыстым. Бәрінен күдер үздім.

Сырғаның екі көзі жасқа толып шыға келді.

– Солай. Менде бала жоқ. Ал сіз болсаңыз Бабатүкті Шашты Әзиздің

ұрпағысыз. Үш ұлыңыз бар.

Еркек аузын ашқан күйі аңтарылып қалды. Әйел мұның ештеңе ұқпай отырғанын сезе қойды.

– «Алпамысты», «Қобыланды батырды» оқыған жоқсыз ба? Сонда баласы жоқтарға көмектеспей ме…

Менің атым Шашты Әзиз,

Қыламын десең ықылас,

Жарылқады Жаратқан,

Ей, бишара көзіңді аш!

Ұлыңның аты Алпамыс,

Қызыңның аты Қарлығаш. –  Енді есіңізге түсті ме?

– Е-е-е…– деді еркек есін жинап.– Енді ұқтым. Түсіндім, түсіндім.

Саусақтарынан ұстады. Суық екен. Әйел жан-жағына қаранып, қып-қызыл болып кетті де: «Көлденең жұрттан ұят-ты», – деп қолын тартып алды. Оқыстан телефон безілдеді. Сотканың бетіне үңілген Сырға: «Ты-с-с! Біздің кісі, – деді. –  Іздеп жатыр». Түрін үрей биледі. Қысқа тіл қатысты. Арғы беттегі дауыс қатқылдау шықты.

– Кетуім керек, – деді шұғыл көтерілген Сырға.

Есік алдындағы көшеге дейін шығарып салды. Жеңіл өбіп, тамағынан иіскеді. Жұпар исі басын айналдырып жіберді. «Бетіңді таяп барсаң тамағына, шымырлап бу енеді сүйегіңе» деген осы шығар. «Арнайы келем. Өзінің күні бар, соны толтырып. Әйелдердің айлығының қарсаңында» – деді, денесі оттай жанып шыға келген әйел үздігіп. Сөйткенше болмай телефон қайта бебеуледі. Бұл енді білді, өткендегі де осы еркек. Даусы ұнамсыз.

– Кеттім, – деді шорт бұрылған келіншек. – Кешіксем өлтіреді. Қызғаншақ. Такси!

Лып етіп жандарына жеңіл машина тоқтай қалды.

Үйіне қарай баяу басып келе жатқан бұл өзінің оған ынтық екенін сезінді. Бойын әлдебір таныс-бейтаныс жалын орап, балқытып жіберді. Мектеп бітіретін жылы кластас қызға өліп-өшіп ғашық болған. Әне, сондағыдай. Сосын, «Шіркін, мына жалғанда біреуді шын жақсы көрудің өзі ғанибет екен ғой» деп қойды.

Жиырма күн дегенде келді. Сәске түс еді. Телефон соқты. «Қасымда абысыным бар. Базарда жүрмін», – деп. Бұның жүрегі лүпілдеп кетті. «Кездесейік», – деді. «Жақсы, – деді анау. – Өзім звондаймын».

Шұғыл қимылдап, досының қала іргесіндегі саяжайын алды. Ас-суын дайындады. Сосын әрбір сағаты күнге татып, сарыла ұзақ күтті. Әлденеше әрекеттеніп, байланыса алмады. Дегбірі қашты. Ақырында ымырт үйірілді. Күдерін үзіп, ұнжырғасы түсіп үйіне қайтты. «Бір көлденең бөгесін кездескен шығар» деп ойлады.

Әйелі екеуі кешкі астарын ішіп отырған, телефоны безілдеп қоя берді.

– Алл-о! – Сырға! – Сәлеметсіз бе? – деді бұл сасқанынан.

– Мен босадым. Енді таң атқанша сіздің құзырыңыздамын.

Мәссаған, безгелдек! Енді не істейді? Әйелін не деп алдайды. «Қазір іссапарға кетуім керек» дей ме. Түн ішінде қайда барамын дейді?

– Сәке! – деді бұл, ер адаммен сөйлесіп тұрған сыңай танытып. – Ол шаруаны ертең күндіз асықпай бітірейік. Қазір тым кеш.

Арғы жақтағы адам сәл үнсіз қалды. Сосын:

– Өзіңіз біліңіз, – деді. Даусынан    реніш  табы  аңдалды.

– Бұл кім? – деді әйелі. – Түн ішінде не шаруа дейді?

– Ой, әлгі Сәкең, тіл басқармасындағы Сәндібек қой. Тағы ішіп алған. Шамасы әлдебір сыраханада күн мен түнді айыра алмай отыр білем.

–   Сол алқаш ішіп алса саған звондайды екен. Анада сағат түнгі бірде звондап, бетін қайтарып тастап ем.

Таңға дейін көзі ілінбеді. Үш ұлы бар. Әке балаға сыншы, көңілі толмайды. Тағы бір ұлым болса деп армандады. «Сырғаға ұқсаған әдемі, аталарыма ұқсаған данышпан. Әттеген-ай, мана түстен кейін «Қандағашқа баратын жұмысым бар» деп үйден шығып кетуім керек еді. Саяжайға түнейтін кісімін. Такси жетеді, алып кететін». Өзегі өртеніп, өрелі таңды көзімен атқарды.

Ерте тұрып қымбат иісті сабынмен жуынып-шайынды. Дәрет алды. Іш киімін алмастырды. Әтір себінді. «Иә, сәт!» деп көшеге шықты. Жұмыс орнына барып, бастығына көрінді. Сосын Сырғаға телефон соғып, кездесуге уағдаласты. Досына хабарласып, бүгін саяжайды босатпайтынын айтты. Алайда, әне кездесемін, міне кездесемін деп жүргенде түс болды. Зарығып барып қауышты-ау. Оңаша шығарып, бір бұрышқа жауырынын тақады. Оңды-солды сүйді. Аймалап тұрып оның қарсылығына ырық бермей омырауын, мықынын, қыза келе құрсағын, санын сипалады. Әуелі қарсылық танытқанымен сәлден соң келіншек те балқып, жүйе-жүйесі босап, құмарлана өбісті.  Жігіттің дегбірі қашып:

– Жүр кетейік, – деді, құмыға сөйлеп.– Екеумізге оңаша жақсы жер тауып қойдым.

– Болмай қалды, – деді келіншек.– Кеше жолығуымыз керек еді.

Қарсаңында. Бүгін ағыл-тегіл келіп тұр.

Еркек сам-соз боп, ажары қашып кетті.

– Қойшы. Келе берсін, жүр.

– Не?

– Қаншама күттім. Дайындалып қойып ем.

– Не айтып тұрсыз? Сонда арам қанға батасыз ба? Мен ондайға бара

алмаймын.

Кісі түйлігіп қалды. Бой тартып, сабасына түсіп, сыр бермей қоштасты.

– Тағы келем ғой, – деді әйел кетерінде бұны жұбатып.

«Көрмегенім сен болсын, жүрем бе со соңыңда бозбалаша салпақтап» деп ойлады кісі түңіліп.

Бәрін ұмытуға тырысты. Міне, қараңыз, қарама-қайшылықты, ұмытудың орнына күн өткен сайын оны ойлауын үдете түсті. Бұл не деген керім, санасын қияндағы біреудің қатыны жаулап алды. Тұрса да, жатса да содан басқа ештеңені ойламайды, бар шаруа жөніне қалды. Бала емес, шаға емес, ұят екен. Өнебойын жайлап кеткен дерттен құтылуы керек! Құтылу үшін кафе жағалап, таныстарымен қосылып ішкілік ішті. Болмады. Мүмкін септігі тиер деп бұрын барған жеңіл етек жас қыз есіне түсіп, телефон шалды. Бұның бойы одан қысқа болғанымен, басқа жері ұзын еді, соған байланысты ұмытпапты. Оңай табысып, ойнап-күлді. Уақытша болып шықты, қайта көңілі шаппады. Содан шариатқа үңілді. Зинақорлықтың өте ауыр күна екенін ұқты. Оның ішінде күйеуі бар әйелді жолдан тайдыруға болмайтын көрінеді. Әйел керексе екеуін, үшеуін ал, бірақ ақ некесін қидыр. Сөйтер еді, қоғам басқа. Қазақстан – көшеде төрт әйелін бірдей соңынан шұбыртып жүре беретін Сауд Арабиясы емес. Жиырма жасында қосылған, отыз екі жыл отасқан бәйбішесін қайтеді. Ол байғұс полиартрит, оның үстіне жүрегі ауырады. Дәрінің күшімен отыр. Ауру жүрек жарылып кетеді ғой. Күнәсін арқаламай ма? Қисынын таппады…

Өзін арақпен алдарқатты. Тұрақты түрде ішеді, шаршап жығылады. Ақырында шыдай алмай телефон соқты. «Мен бала көтердім! – деді аржақтағы дауыс шаттана шығып. – Күйеуімнен. Ақ неке. Адал төсек. Анада сіз шығарып салған соң, бірден. Жақында тексертіп ек, екі айлық ұл екен. Ұл! Енді маған алаңдамаңыз. Сау болыңыз, Бабатүкті Шашты Әзиздің ұрпағы!»

Кісі есінен танып қала жаздады. Нәр сызбастан үш күн жатты. Сосын араққа бас қойды. Бұл жолы түбегейлі.

 

******

Кенеусіз ішкен ішімдіктің қайда апаратыны белгілі ғой, соңы мынау. Үй жоқ, күй жоқ, қаңғыбас мүскін. Алқаш. Бич. «Бір кезде кеудедегі азамат еді, Бабатүкті Шашты Әзиздің ұрпағы еді» десе кім біледі, кім сенеді? О, Жаратқан ие, бір өзің болмаса адамды бүге-шүгесіне дейін кім танып біліпті?

Дүкенге кірдім,  жаз киетін көйлек қарайын деп. Иә һу, иә хақ, құдай бар, құдыреті күшті, дүкен ішінде Сырға тұр, күйеуі екеуі юбка саудалап. Өткен күзде көшіп келді деп есіткем. Емен-жарқын, жүздері ашық. Қол ұстасып қалыпты. Жандарында баласы. О, тоба! Аусайшы. Иә шешеге, иә әкеге ұқсамаған. Маскүнемге… жоқ кімге… Тура Бабатүкті Шашты Әзиздің ұрпағы!

Қазақ келіндеріне: «Еркектің алдын кесіп өтпе, балаң соған ұқсайды» дейтін еді. Рас болғаны ғой…

Жұма-Назар АСАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button