Мәдениет

Музей түніндегі тамаша

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының және  халықаралық музей күнінің  қарсаңында Ақтөбеде алғаш рет  «Музейдегі түн — 2011» акциясы болып өтті.  Облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған бұл шара ақтөбеліктер үшін тосын жаңалық,  елеулі мәдени оқиға болды. 13 мамыр күні кешкі сағат алтыдан түнгі он екі аралығында музейге 2000 адам бас сұқты. Олардың ішінде музейдің қадірін білетін үлкендер де, оның не екенін танып-білуге ұмтылған жастар да көп болды. Тіпті қырқынан енді шыққан бөбегін көтеріп келген келіншектер де кездесті.

Жалпыхалықтық мерекеге айналған   акцияның мақсаты да өлкеміздің тарихына қатысты құнды жәдігерлерді, баға жетпес рухани байлықты сақтап отырған музейге деген халық ықыласын ояту, елдің бетін музейге бұру болатын.  Әншейінде әрі кеткенде күніне 200 адам келетін музейге халықтың ағылуына  акцияға жасалған жақсы жарнама ғана емес, адамдардың кешкілік бір сәт қолы босағанда мәдени орындарды көруге деген қызығушылықтары да әсер еткен болар.

«Музейдегі түн» акциясы  алғаш рет Германияда 1997 жылы ұйымдастырылыпты. Одан Ресей, Украина музейлерінде жалғасын тапқан. Қазақстанда 2007 жылдан бері өткізіліп келеді екен. Алматы, Астана, Орал қалаларында өтті. Енді біздің қаламызға да келіп жетті. Биылғы мамырдың 13-15 аралығында Мәскеудегі барлық музейлерде бір мезгілде ұйымдастырылған  «Музей түніне» 400 мың адам қатысыпты, сол шараға қатысушылар үшін арнайы көліктер бөлініп, түрлі шараларды тамашалауға барып-қайту қиындық тудырмаған.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова құттықтау сөз сөйледі. Музейдің достарының бірі,  жазушы Рауль Мир-Хайдаров музейдің ғимараты бір кезде қонақүй болғанын, Мәскеуден келген атақты артистерді көздерімен көру үшін сол үйді төңіректеп жүрген жас кездерін есіне алды. Ол: «Үшінші рет келгенімде бұл ғимарат өлкетану музейіне айналыпты. Өзім Рысжан Ілиясқызын осы музейдің негізін салушы деп санаймын, ол кісі мені сыртымнан білетінін, кітаптарымды оқығанын, тіпті коллекциямда картиналардың көптігін де білетін болып шықты. Мен біраз картинаны сыйға тарттым. Достығымыз осылай басталды. Бұл музейдің қорында әлемдік музейлерден табылмайтын  сирек кездесетін құнды жәдігерлер, құжаттар бар. Енді ғимараты да  соған сай болса, тіпті дұрыс болар еді», —  деді, музейге «Жылқышылар жайлауда» атты картинаны сый ретінде ұсынды.

Музей ардагерлері мен достары , қаладағы суретшілер, жалпы халық белсенділік танытты, жылы сөздерін аяған жоқ, арнайы сыйлықтарын тапсырды. Музей маңы жапырлаған халыққа толды, күмбірлеген күй, әуелеген ән мерекеге ерекше көрік беріп тұрды. «Ұрпаққа мұра болар сыйлықтар» акциясы да қатар жүріп жатты. Музейге қаламыздағы №14 мектептің тарих пәні мұғалімі Ақсүйрік Иманалина  әкесі иығына ілген, анасының қолынан шыққан  қасқыр ішікті  тарту етті. Суретші Жәдігер Кенбай  Табын Бөкенбай батырдың мүсінін, мүсінші Артур Дабылов Абайдың, Талғат Бигелдиновтың мүсіндерін сыйға тартты.  Облыстық мәдениет басқармасының бөлім бастығы Роза Тасирова ең алғашқы теледидарды табыс етті. Тіпті Қурайлы ауылынан келген Тосжановтар да кісен, түбіт тарайтын аяны сыйға әкеліпті, үйлерінде тұрған соқаны да музейге тапсыруға уәде берді. Акцияның ашылу салтанаты кезінде тоқыма шебері, музей қызметкерлері ел ішінен іздеп тапқан Алма Теннің қолынан шыққан ерекше тоқылған киімдерді музейдің қыздары киіп шығып, сән үлгілерін  көрсеткенде келгендер қатты қызықты. Музей ішінде Алма Теннің  «Сымбатқа көрік берген шеберлік» деген жеке  көрмесіне қойылған дүниелерін көруге құмартқандар көп болды. Қолөнер шеберлері Қуандық Жұбаниязов пен Ақтөбе педагогикалық институтының оқытушысы, суретші Жәнібек Есенғұловтардың көрмелері қойылды. Ал даладағы «Ашық аспан астындағы музей» көрмесіндегі үтік, самаурын сияқты  музей қорындағы жәдігерлермен қатар мүсінші-құмырашы Орынбасар Төлегеновтің құмыралары көздің жауын алды.

Акцияның ұйымдастырылуына ұйтқы болған бас экскурсия жүргізуші, археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Күнзия Үмбетова былай дейді:

— Халықтың ықыласы керемет болды. Бұл тамаша мереке болды деп есептеймін. Телефонда дамыл болмады. Тіпті «Таңғы үшке дейін бола ма?» деп сұрап жатты.  Келушілерге қызмет көрсетуге әзірміз ғой, алайда музейдің тарлығынан адамдарға кезек күттіріп, біртіндеп кіргізуге мәжбүр болдық.

Музей қоры бай, 100 мыңнан астам жәдігерлерді көрмеге шығаруға тырыстық. Біздің бөлім дайындаған  «Сармат әлеміне саяхат» залында біздің заманымызға дейінгі VII-IV ғасырда, темір дәуірінде Ақтөбе жерін мекендеген сарматтардың өмірінен шағын көрініс дайындалып, көпшілік назарына ұсынылды. Алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі адамдардың үңгірдегі тірлігі келушілерді еліктірді. «Шоқан — қазақтың жарық жұлдызы» атты көрме-шағын көрініс көрсетілді.  «Табиғаттың таңғажайып әлемі» атты экспозиция жасақталды, аң-құстың табиғи даусы естіліп тұрды, онда театрландырылған көрініс болды. Осы көріністерге арнайы киімдер тіктірілді. Олар белгілі қолөнер шеберлері  Өміржан Қалиев пен Алтынгүл Сұлтангереевалардың қолынан шықты. Батырлар залында «Ер қаруы — бес қару» атты жәдігерлер бойынша көрмелер ұйымдастырылады. Болат Атыраубаев, Орынбасар Төлегенов сияқты қолөнер шеберлері шеберлік сабақтарын өткізді. «100 мыңыншы экспонат» көрмесімен халықты  музейдің кәнігі мамандары Рысты Досова мен  Шәйзада Мұқашевалар жан-жақты таныстырды. Базаргүл Тұрлыбаева, Алмагүл Сарыбаевалар экскусиялар жүргізді. Жалпы бұл істе ешкім аянып қалған жоқ. Музей ардагерлері Рысжан Ілиясқызы, Людмила Чечаева, Бағила Қалиева, Шолпан Нурадинова, Валентина Арапатьевалар сияқты алдың толқын акцияны ұйымдастыруда көп ақыл-кеңестерін берді. Аудан музейлерінен де әріптестеріміз келді.

Ал осы осы акцияның өз деңгейінде өткізілуіне демеушілердің де зор көмегі тиді. Музейдегі дүниелерді жарқыратып көрсету үшін де оны  безендіріп, халыққа сүйкімді етіп ұсыну қажет. «Нобель» ЖШС директоры Нұрлан Жұмағалиев, «Полиграф Инфо» ЖШС директоры Василий Макаренколар баспаханаларынан түрлі кітапша, бүктеме қағаздарды шығаруға көмектессе,  «Паллада плюс» ЖШС директоры Мұрат Жоламанов акция кезінде кәдеге асатын бағалы заттарды уақытша пайдалануға берді. Ал облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының директоры Алексей Гоголь де көрмеге қажетті көп нәрсені тауып берді. Т.Ахтанов атындағы драма театр директоры көріністерге қажетті киім-кешек, грим сияқты  заттарымен бөлісті. Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетінің студенттері Алмат Нартаев, Әділет Аякешов, Гүлдана Мәмбетова, Гүлзира Құсжанова, Медет Құлмұхановтар шағын көріністерде түрлі рөлдерді сомдады.

«Музейдегі түн — 2011» акциясы — үлкен жоба. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы жұдырықтай жұмылып, осы жобаны іске асырды. Музей суретшілері Вячеслав Щукин менн Орынғали Хайруллиндердің де еңбегі ерекше, экспозиция жасақтау да, жалпы барлық жұмыс суретшілердің тікелей араласуымен іске асады. Бірнеше ай бойы дайындалған шара бір күнде өте шықты. Одан түйгеніміз — бұл акцияны өткізу дәстүрге енгізілсе, жалпыхалықтық мерекеге айналатын сыңайлы. Соңғы кезде  материалдық игіліктерді жоғары бағалап кеткен халық өз елінің тарихын танып-білуге, кешегісі мен бүгінгісін зерделеуге мүмкіндік беретін, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелейтін мұндай шараға  сусап-ақ қалған екен. Алдағы уақытта бір байшыкештің коттеджінен де құйттай үйде өкпесі қысылып отырған музейдің айы оңынан туса, мұнайлы аймақтың атына жарасатындай көрнекті ғимаратқа ие болса, оның қадіріне жететін ел-жұрт бар екеніне көзіміз жетті.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button