Мәдениет

«Біз көтерген шаңырақ»

Ақтөбеде өнерлі отбасылар өте көп. Олардың бірқатары республикалық деңгейдегі сахналардан да көрініп жүр. 15 мамыр — Халықаралық отбасы күні қарсаңында өнері мен өмірі тоғысқан жұбайлар Студенттер сарайының сахнасына бірге шықты.

Отбасы — қоғамның ең абзал құндылығы, сапалы қоғам құру факторларының ең маңыздысы деуге де болады. Отбасының іргесін қалап, шаңырағын көтеретін ерлі-зайыптыларды ән мен күй, жыр мен би біріктірсе, яғни көзқарас пен көңіл қалауы ортақ болса, ол да бір жетістік, ол да татулықтың бір кепілі болса керек. Оған «Біз көтерген шаңырақ» деп аталатын кешке келген көрермен куә болды.

Концертті Ақтөбе облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі комиссия, «Қазақстан-Ақтөбе» телернасы, «Димаш-Али» студиясы мен «Шұғыла» продюсерлік орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Кешті таныстыруды аса қажет ете қоймайтын Қанат пен Светлана Айтбаевтар жүргізді.

— Осындай кеш ұйымдастыру көптен бері ойымызда жүрген болатын. Біз, Қанат екеуміз Халықаралық отбасы күні қарсаңында Алматы қаласында республикалық деңгейде ұйымдастырылатын концертке үшінші жыл қатарынан қатысып келеміз. Биыл да шақырту алдық. Ақтөбеде де өнерлі отбасылар көп. Алайда олар түрлі себептерге байланысты сахнаға қол ұстасып бірге шыға бермейді. Біз соларды көрерменге таныстыру мақсатында және олар арқылы отбасындағы татулықты, бірлікті көрсеткіміз келді. Бірінші рет ұйымдастырылып тұрған концертке 12 жұп қатысты. Өнерлі отбасылар бұдан да көп, алайда көпшілігі құлағдар болып үлгермеді, енді біразының дайындалуға уақыты болмады. Алдағы жылдары отбасы күні қарсаңында осындай кешті дәстүрлі түрде ұйымдастырамыз деген ойдамыз, — дейді Света Айтбаева.

Сахна шымылдығын Әмина, Мадина, Сабина есімді үш бүлдіршін тәрбиелеп отырған Нұржан-Гүлжан Қаражановтар ашты. Олар Роза Асқарованың осы кешке арналған өлеңіне жазылған Алпысбай Қайырбаевтың «Біз көтерген шаңырақ» әнімен шықты.

Көрермендер алдына шыққан екінші жұпты өнердің өзі қосыпты. Осыдан алты жыл бұрын Батыс Қазақстан өңіріндегі Қаратөбе ауылында композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтің құрметіне ұйымдастырылған республикалық әншілер байқауы өткен. Оған жер-жерден жүйріктер жиналыпты. Ақтөбенің намысын арқалап барған Жәнібек Бекбосынов осы сапарында шараны ұйымдастырушылардың қатарында жүрген Лунараға ықыласы ауады. Қысқасы, екеуі бас қосады, 1 жылдан кейін екеуінің дәл шаңырақ көтерген күні Ділшат есімді сәби дүниеге келеді. Кеште Бекбосыновтар Орал Байсеңгірдің «Жұбайлар жырын» әдемі орындады.

Сахнаға бірге шыққан екі отбасының өнерін жұрт демін ішіне тарта отырып тыңдады. Бір ерекшелігі, бұл отбасылар әрі дос, әрі отағалары бір мекемеде — Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында қызмет етеді, әрі құдай қосқан көршілер… әрі екеуінің де жұбайлары қобызшылар және екі отбасының ортасында өсіп келе жатқан «ортақ» төрт ұлы бар екен. Бақытбек-Толқын Зейнеловтер мен Ғарифолла-Әлия Жақсыбековтер Ахмет Жұбановтың «Би күйін» тамылжытты.

Ақбөбек пен Перизат есімді қос бөбектің ата-анасын көрермендер сахналардан да, көгілдір экраннан да жиі көріп жүр. Мәжікбаевтардың отағасы Аймұрат республикаға танылған әнші, оның зайыбы Бибігүл Биманова «Қазақстан-Ақтөбе» телернасының журналисі. С.Бәйтерековтің «Ақ тілек» әнін әнші мен журналист бірге орындады.

Шынтас пен Айнагүл Омаровтарды Т.Ахтанов атындағы драма театрының тұрақты көрермендері жақсы біледі. Театр тоғыстырған, өмірдің де, өнердің де сахнасында қол ұстасып, бірге жүрген қос актер Е.Нұрымбетованың «Сен ғана» әнін нағыз актерлерге тән шеберлікпен шырқады.

Халықаралық «Шабыт», Шара Жиенқұлова атындағы байқаулардың лауреаты, Қырым, Түркия, Сирия, Қытай секілді әлемнің түрлі елдерінде өнер көрсетіп, қазақ биін насихаттап жүрген «Аққу» би тобының артында — топтың көркемдік жетекшілері ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Омар-Гүлнар Мәмбетовтер тұр. Олардың қызы Құралай Мәмбетова — «Аққу» би тобының ең кішкентай бишісі.

Көрерменіне актер, ақын, әнші, сазгер ретінде танылған Орал Байсеңгір келіншегі Нұргүл екеуі 9 мамыр Жеңіс күнінде үйленіпті. Қазірде Сенім, Кемеңгер, Сезім атты бүлдіршіндер тәрбиелеп отырған Бәйсеңгірдің отбасы ерінің зайыбына арнап жазған «Сен үшін» әнін бірге айтты.

Мамырдың 11-і күні отасқандарына 16 жыл толған бүгінгі кештің қонағы Гүлнар-Төребек Асылхановтардың отбасының бір ерекшелігі — олардың өздері де, балалары да, туыстары да… тіпті көрші-көлемдері де өнерлі көрінеді. Белгілі күйші Жайлау Асылхановтың туған інісі мен келіні Төребек пен Гүлнар және олардың қызы халықаралық жас қобызшылар байқауының Гран-при иегері Аманай  Евгений Брусиловскийдің «Алтынай» шығармасын бірге орындады.

Бұл күні отыздан енді ғана асқан әншілер Дулат пен Рита Айтжановтардың да отау көтергендеріне тура он жыл толыпты. «Әліппені» бірге ашып, бір партада отырған әуелі сыныптастар, кейін қыз бен жігіт, одан соң ерлі-зайыпты болған Айтжановтар қазір екі бала тәрбиелеп отыр. Олар көрермендеріне О.Байсеңгірдің «Асыл жарым» әнін ұсынды.

Асқар Тоқпановтан, Асанәлі Әшімовтен, Фарида Шәріповалардан дәріс алған, Т.Ахтанов атындағы драма театрының белді актерлері, Оралхан Бөкей атындағы республикалық көркемсөз оқу байқауының жеңімпаздары Сержан мен Майгүл Аманқұловтар «Аққудың айырылысуы» атты шығарма орындады.

Көрермендер Қанат пен Света Айтбаевтардың, олардың ұлы, жас та болса, талай биікті бағындырып үлгерген Димаш Құдайбергеннің өнеріне қол соқты.

Кеште сонымен бірге облыстық келіндер сайысының бас жүлде иегері Сәуле Нұрбергенова, әзірбайжан ұлттық орталығының «Азери» бишілер тобы, жас әнші Сеул Хон өнер көрсетті.

Ақтөбе облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ақмарал Хон осы кештің жоғары деңгейде өткізілуіне үлес қосқан ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, кешке қатысқан өнерлі отбасыларға аталған комиссиясының төрайымы, облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың Алғыс хатын тапсырды. Думанды кешке ақпараттық қолдау көрсеткен «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы басшылығы да қатысушыларға сыйлықтарын ұсынды. «Димаш-Али» студиясы өнерлі жұптарға бірге түскен суреттерін әсемдеп, үлкейтіп шығартып, тосын сый жасады.

Кеш әдемі өтті. Үлкендер жағы жұптары жарасқан жастарға сүйсініп қараса, жастардың көңілінде «біз де осындай тату отбасы болсақ» деген ақ ниетті қызғаныш кетті. Қазіргі отбасының қадірі кетіп, құны жоғалып бара жатқан уақытта осындай кештердің жиі болғаны абзал… Бұл шара сонысымен құнды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button