Мәдениет

Ізденіс жетелеген іздер

Жәния Нұржанқызы — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен екі мәрте – 1998 және 2005 жылы жүзбе-жүз кездесіп, қолын алып, сөйлескен оқытушы. Мұндай құрметке ұстаз өзінің ерен еңбегі мен ішкі қажыр-қайратының арқасында ие болған еді…

Білетіндердің сөзіне құлақ ассақ, «қазір мұғалім көп, алайда нағыз ұстаз некен-саяқ. Нағыз ұстаздық адам шырылдап дүниеге келгенде Алла Тағаланың бойға дарытқан айрықша қабілетімен келеді. Одан соң құнарлы топырақ, үлгілі оқытушы алдын көру, тынымсыз ізденіс керек, мұнсыз ұстаз жоқ» көрінеді. Рас тұжырым. Бүгінгі күні 80-ге толып отырған Жәния Нұржанқызының бойынан осы қасиеттердің қай-қайсысы да табылады. 1969-1973  жылдары Aқтөбе педагогикалық институтында оқып жүргенде анық аңғарғанымыз — Жәния Нұржанқызының айрықша қасиеті — шәкіртінің бойындағы қабілет-қарымын тез сезе білуі еді. Болашағы бар бірінші курс студентін жазбай танып, оны үнемі назарында ұстап, қолынан келгенінше көтермелеп отыратын. Мұндай қабілет дәнінің құнарлы топыраққа түспесе көктемейтіні тағы белгілі. Оның бұл жағынан да жолы болған, 1931 жылы Ырғыз ауданында дүниеге келген Жәния Нұржанқызы 1938-1948 жылдары Ырғыздағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте оқыды. Ол мектептің әуелде негізін қалаған, бағыт-бағдарын түзген ұлы ұстаздың өзі еді. Ы.Алтынсариннің алдын көрген, Ырғызда ашқан қыздар мектебінде оқып, білім алған қазақтың танымал ақыны Қуандық Шаңғытбаевтың анасы Бәтима әжейдің, Қымбат әжейдің көзі тірі кездері-тін. Жәния апай оқыған сол мектепте Ыбырай атаның оқыту әдістемесінен сусындаған Алдан Жарылғапов, Бердібай Баудияров, Орда Дайрабаев сияқты мойны озық ұстаздар сабақ берді.

Ырғыз жерінен сол тұстағы қазақ ғылымы мен өнерін өрге сүйреген қоғам қайраткері, нарком Темірбек Жүргеновтің шығуы, Республика Министрлер кеңесінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетовтердің жарқырай елге танылуы да қыз баланың бой түзеп қана қоймай, ой түзеуіне де ықпал етеді. Жәния Нұржанқызы Ұлы Отан соғысынан кейін, қолының қысқалығына қарамастан, тар заман үшін «жер түбі» есептелетін Ақтөбе қаласына 1948 жылы келіп, Н.Байғанин атындағы қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. Осы аталған институтты айрықша дипломмен бітіріп шығады. Үздіксіз білім нәрін жинаған Жәния апай одан соң Оралдағы А.С.Пушкин атындағы іргелі оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдайды. Ойлы қыздың жар таңдап, отбасын құруының өзі талайға үлгі болғандай. Бұл енді ұзақ әңгіме…

Облыс орталығындағы мектептерде 10 жыл бойы үздік оқығандарды алтын, күміс медальдарға ұсынуға болғанымен, аудан орталығындағы мектептерге рұқсат жоқ-ты. Мұндай рұқсат 1947-1948 оқу жылында Ырғыздағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке тұңғыш рет беріледі. Сол жылы мектепті бітірген 41 баланың біреуі ғана —  Әмірхан Боқаев маңдайы жарқырап алтын медаль иегері атанады. Әмірхан Алматыға қазіргі Әл Фараби атындағы Ұлттық университеттің тарих факультетіне түсіп, қызыл дипломмен бітірді. Алғашқы болып алтын медаль алған, қатарынан озып Алматыдағы ең әйгілі жоғары оқу орнын айрықша дипломмен бітірген, біліміне көркі сай сымбатты жігіттің өмірлік қосақ таңдауы Жәния Нұржанқызына түседі. Отбасын құрып, Шалқардағы №1 қазақ орта мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып орналасқан Әмірхан аға жарты жылдан соң осы мектептің директоры дәрежесіне көтеріледі.

Үш жылдан соң өзінің біліктілігімен көзге түскен 26 жастағы жас жігіт Ақтөбе облыстық партия комитетіне лекторлық қызметке шақырылады. Батыс Қазақстандағы облыстар тарқап, өлкеге айналған тұста білімді азамат нұсқаушы болады. Өлке ыдыратылып, Ақтөбе өз алдына облысқа айналғанда, Алға ауданының аупартком хатшысы, одан соң облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған саналы азаматтың Жәния апайдың өмір жолының қалыптасуына тигізген ықпалы зор болған. Қосағының өз білімін үздіксіз жетілдіріп отыруына, ғылыммен айналысуына үнемі ықылас танытқан. Қазақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп бекер айтпаған, жары қолдап отырған соң Жәния апай да өз қатарының алды болуға ұмтылды. 1971 жылдан бастап Ақтөбе педагогика институтының педагогика кафедрасында 19 жыл бойы педагогика пәнінен дәріс оқып, педагогикалық практиканы басқарады. 1976, 1982, 1987 жылдары Мәскеудегі КСРО Педагогикалық ғылым академиясының жанындағы білім жетілдіру институтында оқыды. Осы жылдар Жәния Нұржанқызының шығармашылық жағынан өрлеу кезеңі болды. Сол уақытын ыстық ықыласпен еске алған ұстаз: «Менің бағыма  педагогика кафедрасында жұмыс істеп жүрген кезімде 5 жыл сайын (КСРО Педагогика Ғылымдар Академиясының жанындағы) Мәскеудегі мұғалімдер білімін жетілдіру институтына үш дүркін 4 айлық курсқа баруыма тура келді. Әрбір айда жылға татырлық білім алуға мүмкіндік болды. В.И.Ленин атындағы кітапханаға, Н.Крупская атындағы кітапханаға барып тұрдым. Курста психология, педагогика, дидактика ғылымдарын зерттеп жүрген академиктер, профессорлар, жан-жақтан шақырылған озат тәжірибелі методист-ғалымдар лекция оқып, семинар, практикалық жұмыстар жүргізді», — дейді.

КСРО Педагогика Ғылымдар академиясының атақты академиктері В.В.Давидов, Л.В.Занков, М.Н.Скаткин З.А.Малькова, Педагогика Ғылымы академиясының вице-президенті Ю.К.Бабанский, профессорлар  И.Я. Лернер, Т.А.Ильина, М.И. Махмутов, Ш.А. Амоношвили, Н.М. Шахмаев, Д.Б.Эльконин, Т.С.Костюк тәрізді ғалымдардың тартымды лекцияларын тыңдады. Осы курсқа жан-жақтан озат тәжірибелі әдіскерлерді шақырып, лекция оқытып тұрды. Мәскеуде бірнеше мектепте болып, ұстаздармен жүздесті, олардың тәжірибесімен танысты. Мысалы, әдіскер В.Шаталовпен кездесіп, лекциясын тыңдады, сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Ол Педагогика Ғылымдар академиясының «Интенсивті-жеделдетіп оқыту методикасы» кабинеті меңгерушісінің орынбасары екен,  өзі Донецк қаласынан, Украин ССР мектебіне еңбегі сіңген мұғалім, математика, география, тарихтан блокпен сабақ берген тәжірибесін ортаға салды. Ленинград қаласындағы №307 мектептің тіл, әдебиет маманы, әдіскер Е.Ильин өзі  ашқан жаңалығы — оқушылармен еркін сөйлесе отырып, жақсы қарым-қатынаста, баули, қызықтыра отырып сабақ беретін тәжірибесін ортаға салды. Сондай-ақ РСФСР мектебінің еңбек сіңірген мұғалімі С.Н.Лысенкова Мәскеу қаласының №587 мектебінде бастауыш класқа сабақ беріп жүрген тәжірибесін таныстырды. Әрбір жартыжылдықта кластан класқа көшіріп отырған тынымсыз еңбегін, іс-тәжірибесін баяндады.

Осы жылдарда Жәния Нұржанқызы әдіскерлікке біржола бет бұрып, нәтижесінде 1984 жылы Мәскеудегі РСФСР Ұлттық мектептер институтында «Қазақ мектебінде ана тілінде есімдікті оқыту» тақырыбында ғылым кандидаты дәрежесіне диссертация қорғайды. Ұстаздың өмір жолындағы жетістіктерінің жоғары бағалануы да сол жылдардың еншісіне тиеді. Ол 1981 жылы «Қазақ ССР халыққа білім беру ісінің үздігі» құрметті атағына ие болса, 1986 жылы «СССР ағарту ісінің үздігі» деген мәртебеге қол жеткізеді. Айта кету керек, ол заманда отарлық езгіде отырған тәуелді елдің оқытушысының мұндай дәрежеге қол жеткізуі өте сирек-тін.

Білім беру саласында 61 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Жәния Нұржанқызы 20 жыл бойы әртүрлі мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берсе, 1994-1996 жылдары Атырау университетінің Ақтаудағы филиалында қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын ашып, кафедра меңгерушісі болып жұмыс істегенін есептемегенде, 38 жыл Ақтөбе педагогика институты мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеген екен. Жәния апайымыз Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, Ақтөбе  мемлекеттік педагогикалық  институтының құрметті профессоры атақтарын алды. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды, әр түрлі дәрежедегі медальдармен құрметтелді. Оның ішінде Украина Президенті А.Кучма қол қойған «Нагррождено медаллю 60 років визволения Украіны Віg фашистських загарбників» деген медаль да бар. Ұстаздың қаламынан туған 300-ге жуық ғылыми еңбек пен 20-ға жуық әдістемелік нұсқау және Алматы «Ғылым және ғылыми баспа» орталығынан «Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары» (2001), «Қазақ тілін оқыту технологиясы» (2003) еңбектері жарық көрді. «Қазақ тілі сабағының комплексті жоспарының үлгісі» (1988, 2004, 2007 жылдары үш мәрте қайыра басылған) және «Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тіліне тән 9 дыбысты оқыту үлгісі» (2007), «Қазақ тілінен суретті мәтіндер» (қазақша, орысша, ағылшынша, 2008) еңбектері тек облыс қана емес, республика шегінде кеңінен қолданылуда.

Ұстаздың Ақтөбедегі жоғары оқу орнында жабылып қалған 40 жылдан соң 1989-1990 жылы ашылған қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының тұңғыш меңгерушісі болуы тарихта қалар оқиға болып табылады.

Облыс педагогтарының жұмыс барысын ешқашан назарынан тыс қалдырмайтын облыс әкімі Е. Сағындықов Жәния Нұржанқызының педагогикалық қызметіне жоғары баға беріп, әлденеше рет Алғыс хат тапсырып, бағалы сыйлықтармен марапаттады. 2005 жылы пәтер сыйлады.

Өткен жылы: «Жасым 80-ге жақындады, енді жұмысты қойып, тыныш үйде отырайын», — деп шешкен Жәния апай өтініш жазып, өзі істеп жүрген университеттен кеткен болатын. Алайда арада 20 күн өтпестен Ақтөбе қаласындағы Қазақ-Орыс Халықаралық университеті қайта-қайта өтініш жасап, өз университеттерінен Қазақ тілін оқыту орталығын ашып беруін өтінді. Іс-тәжірибесі мол Жәния Нұржанқызы бұл мәселені қысқа мерзімде жүзеге асырып, университет президенті Т.Б.Бердімұратов пен ұжымның алғысына бөленді. Қазір сексеннің сеңгіріне шыққан ұлағатты ұстаз сол өзі ұйымдастырған, ашқан орталықтың меңгерушісі болып қызмет атқарып отыр. Шығармашылық қабілеті  қайтпаған қарымды ұстаз өткен жылы орыс мектебін бітірген қазақ жастарына арнап «Қазақ тілі сабақтары» оқу құралын баспадан шығарса, биыл осы заман талабына сай келетін электрондық оқу құралын жарыққа шығарды.

Апай осындай адам! Көлденең жұрт былай тұрсын, ұстазымыздың жыл сайын облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болып жатқанын қадағалап отыратын біздің өзіміз оның дүниеге 7 бала әкеліп, тәрбиелегені үшін 2010 жылы «Алтын алқамен» марапатталғанын баспасөз бетінен оқығанда әуелі аңтарылып қалдық, сосын күліп мәз болып, шаттандық.

Сексенге келсе де үлкендікке бой бермей Тәуелсіз Қазақстанның болашақ мамандарын тәрбиелеуге үлес қосып жүрген Жәния апайға біз сияқты жүздеген, мыңдаған шәкірттері «Ұстазым, деніңіз сау болсын! Мәртебеңіз төмендемесін!» деп бас иіп, шын жүректен игі тілектерін арнайды.

Жұма-Назар АСАН,

филология ғылымының докторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button