Денсаулық

Тұмау «күшке мінген» шақ

Жазды қимай жүргенде, күздің де шуақты шағы өте шықты. Ал қыс лебі білінісімен, суық тиіп, тұмауратушылар көбейеді.

Соңғы бір жарым ай ішінде облыста жедел респираторлық вирустық инфекциялармен 2255 адамның ауырғаны есепке алынған, ал тұмауға шалдыққандардың саны — 177.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда әр жыл сайын 1 қазан мен 30 сәуір аралығында жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауға шалдыққандардың есебін бақылап, мониторингілеу жұмыстары жүргізіледі. Демек, осы аралық — тұмау маусымы, яғни эпидемиологиялық кезең. Бұл уақытта әр адамның тұмаудан сақтану, ауруды асқындырмау мәселесіне барынша көңіл бөлуі керек.

Ана мен бала

Бұрын жыл сайын эпидемиологиялық кезеңде елімізде, орта есеппен, 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауға шалдығады екен. Ал биыл қазан айы мен қарашаның алғашқы аптасының арасында ғана 764,3 мың жағдай тіркелген.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған мәліметтер бойынша біздің өңірде жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралу көрсеткіші былтырғыдан көп. Жоғарыда 1,5 ай ішінде (40-45-ші апталардың аралығы)  2255 адамның ауырғанын айтсақ, ал өткен жылы нақ сол мерзімде ауырғандардың саны 1456 адам екен. Бұл індетпен дәрігерге қаралғандардың арасында 14 жасқа дейінгі балалар көп. Барлық тіркелгендердің 45,8 пайызы немесе 1030-ы — 14 жасқа дейінгі бала.

Кімге ерекше сақтық керек?

Мамандардың айтуынша, тұмау 2 жасқа дейінгі сәбилерде, жасы үлкен адамдарда, сондай-ақ созылмалы дерті бар адамдарда ауыр өтеді.

100 мың тұрғынға шаққандағы жалпы аурушаңдық көрсеткіші 247,22 болса, ал 14 жасқа дейінгі балалардың арасында бұл көрсеткіш — 397,46. 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 1 жасқа дейінгі сәбилердің арасында да облыс бойынша орташа көрсеткіштен жоғары: 260,19. Жедел респираторлық вирустық инфекциямен тіркелген барлық науқастың 10 пайызына жуығы — 1 жасқа дейінгі сәбилер.

Індеттің мектептерде таралуына келсек, барлық сырқаттардың 14,24 пайызы, яғни 321-і — оқушы балалар. Бұл топ бойынша аурушаңдық көрсеткіші — 192,89.

Ал тұмауға шалдыққандардың арасында аяғы ауыр аналар көп тіркелген. Дәрігерлер жалпы саны 177 адамды тұмау инфекциясымен тіркеуге алған болса, соның 50 пайызы (89 адам) аяғы ауыр аналар екен.

Ауыл мен қаланың арасы…

Тұмауға шалдыққандардың басым бөлігі Ақтөбе қаласынан тіркелген. Ақтөбеде тұмаумен ауырғандардың саны — 156 адам, ал өзге 21 сырқат облыстың 7 ауданынан тіркеліп отыр. Бұлар — Қарғалы, Хромтау, Мұғалжар, Қобда, Темір, Ырғыз және Ойыл аудандары. Қарғалы ауданынан 6 жағдай тіркелсе, ал Ырғыз бен Ойыл аудандарынан бір-бір науқастан тіркеліпті.

Мамандардың айтуынша, жедел респираторлық вирустық инфекциямен ауруханаға түскендердің саны да биыл, өткен жылғы деректермен салыстырғанда, көбейіп кеткен. Жедел респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққан 450 адам, тұмаумен ауырған 116 адам ауруханаға жатқызылған. Ауруханаға түскендердің арасында жедел респираторлық вирустық инфекция бойынша — 105, ал тұмау дертіне шалдыққан 75 аяғы ауыр ана бар.

Тұмауды асқындырудың соңы пневмония, отит, синусит дерттеріне, қолқаның қабынуына ұласуы мүмкін. Пневмония дертімен облыс бойынша 64 адам ауруханаға жатқызылған.

Тұмаудың белгілері:

— дене қызуының көтерілуі. Қызу 37,5-39 градус аралығында болады;

— мұрынның бітелуі;

— тамақ жыбырлап, ауырады, жөтел пайда болады;

— бас ауруы;

— әлсіздік және тез шаршау;

— бұлшық еттер мен буындардың ауырсынуы.

 

А мен В

Мамандардың айтуынша, әр маусымда тұмау вирусының әр түрі «күш алады». Биылғы эпидемиологиялық кезеңнің басынан бері облыста екі түрлі тұмау вирусының «айналымда» жүргені анықталған: А (H1N1) және В типі. Жалпы, вирусты анықтау үшін 711 үлгі зерттеліп, оның 177-сінде тұмау инфекциясының бар екені нақтыланды. Бұл науқастардың 175-і — В типті, екі жағдайда ғана А типті вирус жұқтырған.

Өткен жылдары тұмау вирусының күрт өршуі болған жоқ, эпидемиологтар оны COVID-19 пандемиясына байланысты шектеу шараларымен, яғни тұрғындардың басым бөлігінің қашықтан жұмыс істеп, оқушылар мен студенттердің қашықтан білім алғанымен байланыстырады. COVID-19 пандемиясына қарсы карантин кезінде жұмыс орындары мен оқу орындарынан бөлек, көптеген сауда, ойын-сауық орталықтары да жабық болды немесе белгілі бір шектеулермен жұмыс істеді. Сондай-ақ ол кезде үлкен де, кіші де бетперде тағу тәртібіне бағынды.

Мамандар тұмау мен COVID-19 вирусын бір мезгілде жұқтырудың қауіпті екенін айтады. Мұндай жағдайда түрлі асқынулар, әсіресе вирустық пневмония дерті өршуі мүмкін. Сондықтан биылғы тұмау маусымында ағзаның қорғаныс қабілетін күшейтуге, індеттен сақтануға барынша көңіл бөлуге кеңес береді.

Сақтану жолдары:

— қоғамдық орындарда бетперде тағыңыз;

— жеке бас гигиенасын мұқият сақтаңыз, қолыңызды жиі сабындап жуып, залалсыздандырғыш сұйықтықпен сүртіп жүріңіз;

— жаттығулар жасап, таза ауада серуендеп, иммунитетті нығайтуға көңіл бөліңіз;

— үйде, жұмыста бөлмелерді желдетіп тұрыңыз;

— жақсы тамақтану керек. Әсіресе сұйық тамақтар, шай, витаминді сусындар,     сорпа пайдалы. Міндетті түрде витаминдер керек. С, В тобы, А және Е витаминіне бай тағамдар иммунитетті нығайтады.

Вирус қалай таралады?

Тұмау вирусы ауа арқылы тарайды. Науқас адам жөтелген, түшкірген кезде, сондай-ақ оның қақырығы, ұстаған заттары арқылы да жұғады. Сондықтан тұмау маусымы кезінде бұл аурудың белгісі байқалған адамдардан мүмкіндігінше аулақ болуға тырысып, үйде науқас адамды күткенде бетперде тағып, сақтық шараларына барынша мұқият болған дұрыс.

Тұмау вирусы ауада төрт сағатқа дейін өзінің белсенділігін сақтайды. Жиһаз, төсек-орын, т.б. заттарға сілекей, қақырық арқылы немесе түшкірген кезде сіңген вирус, екі аптаға дейін өзінің белсенділігін сақтауға «қабілетті» екен. Ал бөлменің шаңында бес аптадай «өмір сүруі» мүмкін. Демек, үйдің тазалығына ерекше көңіл бөлу де — аурудың алдын алу үшін өте маңызды жайт. Үйді тазалағанда кір сабын, ас содасы, түрлі зарарсыздандырушы құралдарды пайдаланыңыз, (әрине, химиялық заттарды шектен тыс пайдалану да зиян екенін есте ұстаңыз). Бөлмелерді жиі желдетіп тұруды ұмытпаңыз.

Қоғамдық көлікте, көпшілік орындарда бетпердемен жүру керек. Мамандар мектепте де оқушылардың бетпердемен жүруіне кеңес беріп отыр, дегенмен ол — міндетті талап емес. Ал медициналық мекемелерге барсаңыз, міндетті түрде бетперде тағу керек.

Өз бетіңізбен емделмеңіз!

Мамандардың басты кеңесі — кез келген жағдайда өз бетімен емделмеу. Мысалы, көп адамдар суық тиіп ауырғанда, баланы құйрық маймен сылауға кеңес береді. Алайда қызуы бар балаға мүлде құйрық май жағуға болмайды. Сол секілді суық тиіп ауырған адамға май мен бал қосып, ыстық сүт беруге дайын тұратынымыз бар. Ал кейбір адамдардың бал мен сүтке аллергиясы бар болуы мүмкін екені ескерілмейді.

Сондықтан тұмау белгілері байқалысымен, дереу дәрігер шақырту керек. Ауырып тұрған баланы мектепке немесе балабақшаға апармаңыз!

Вакцина — ең тиімді әдіс

Дәрігерлер тұмаудан сақтанудың ең тиімді әдісі вакцина алу деп санайды. Биыл Ресейден тұмауға қарсы «Гриппол+» екпесінің 2,3 миллион дозасы сатып алыныпты. Бұл ел тұрғындарының 12 пайызын тұмауға қарсы екпемен қамтуға жеткілікті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмаудың өршуінің алын алу үшін әр елдің тұрғындарының кемінде 10 пайызын вакциналауға кеңес береді.

Облысымызда жергілікті бюджет арқылы 106 миллион теңгеге вакцина сатып алынған. Бүгінге дейін вакцина алғандар саны — 159 741 адам. Бұл — облыс халқының 17 пайызы.

Жергілікті бюджет қаржысы есебінен 107 970 адам егілген. Айта кетейік, бюджет есебінен алынған вакцина нақты топтағы адамдар үшін ғана пайдаланылады: олар — медицина қызметкерлері; диспансерлік есепте тұрған балалар; әлсіз және алты айдан асқан аурушаң сәбилер; балалар үйі мен сәбилер үйінің тәрбиеленушілері; қарттар үйіндегі қариялар мен мүгедектер; жүктіліктің екінші және үшінші кезеңіндегі аяғы ауыр аналар; жүрек-қан тамыры жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, сондай-ақ эпидемиялогиялық көрсетілімдер бойынша, 60 жастан асқан адамдар, мектеп-интернат, жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары және т.б. егілуі мүмкін.

Ал басқалар жұмыс берушілердің немесе өз қаражатына ақылы түрде егіле алады. Облыста 15 238 адам — жұмыс берушінің,  36,2 мыңнан астам адам өз қаражатына тұмауға қарсы вакцина алған.

Тұмауға қарсы вакциналау облыстағы барлық қалалық және аудандық емханаларда жүргізілді. Оған қоса 63 жылжымалы бригада жасақталған. Вакцина егудің алдында міндетті түрде адамның дене қызуы тексеріледі. Ал егілгеннен кейін 30 минут дәрігерлердің бақылауында отыру керек.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button