Мәдениет

Үздіктің үлесі

Ұстаз — келешектің айнасы. Өйткені келешектің иесі  жастарға білім, тәлім-тәрбие беретін — осы, ұстаздар қауымы.

Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Отарбай Баймағамбетов — қырық жылдан астам уақыттан бері ұстаздық қызметті абыроймен атқарып келе жатқан азамат.

Отарбай Баймағамбетұлы Арал теңізінің жағасындағы Шөмішкөл ауылында дүниеге келген. Әулет басшысы  Баймағамбет еңбекке ерте араласып, ауылда құрылған балықшылар тобын басқарған. Арал теңізінен балық аулайтын балықшылар тобының бригадирі бола жүріп, ол «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталды, «Стахановшы» атанды. Еңбекқор әкеге қарап өскен ұл — Отарбай мектепте қатарының алды болды. 1958 жылы Шалқар қаласындағы №1 қазақ орта мектебін үздік бітірді. Жас кезінен математикаға ынтық Отарбай ағамыз бірден-ақ білім қуып, жоғары оқу орнына түсуді көздеген екен. Бірақ ел соғыстан кейінгі ауыртпалықтардан арылып болмаған кез. Алдымен отбасына көмектесу керек болды… Нақ сол тұста КСРО Теміртау металлургия комбинатына әртүрлі мамандықтар бойынша жас кадрлар дайындау мақсатында Одақтың түкпір-түкпірінен жастарды жинап оқыту жөнінде қаулы қабылданды. Осыған байланысты Ақтөбе облысынан жиналған жастардың қатарында Отарбай Баймағамбетұлы да бар еді. Оларды  Орск қаласындағы №1 техникалық училищеге оқуға жіберді.1960 жылы училищені бітірген жас маман Орск қаласындағы зауыттардың біріне жұмысқа тұрды, алыс ауылдағы әке-шешесіне, бауырларына жәрдем жасады.

Тек бірнеше жылдан кейін ғана жүрек түкпіріндегі арманына қол созып, Алматыға аттанды.  Сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне құжаттарын тапсырып, емтихандардан сүрінбей өтіп, оқуға қабылданды. Ал 1969 жылы университтеті үздік бітірген Отарбай Баймағамбетұлы С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының  математикалық анализ кафедрасына аға оқытушы болып қабылданды. Оқытушылық қызметпен қатар,  ғылыми жұмыстармен де айналысты. 1972 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математикалық физика теңдеулері кафедрасында ізденуші – тәлімгер болып тіркеліп, осы университеттің аспирантурасына түсті. Кейін Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласындағы КСРО Ғылым академиясының  В.А.Стеклов атындағы Математика институтына ауысып, кандидаттық диссертациясын осында қорғады.

Отарбай Баймағамбетұлының еңбек жолындағы ерекше бір белес – Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты қайта құрылған кезең. Осы кезде ол қандай  қызметте болса да, тізгінді тең ұстап, өзіне тапсырылған жауапты жұмыстардың қыр-сырын жақсы білетін ұстаз-азамат ретінде  елге танылды.

Тәуелсіз елдің келешегін, өмір талабын ескеріп, сұраныс өте жоғары педагогикалық  мамандықтармен қамтамасыз ету мақсатында қайта шаңырақ көтерген Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының  білім беру жүйесі   нағыз ұлттық мектеп болып қалыптасты. Бұған зор үлес қосқандар қатарында Отарбай Баймағанбетұлы да бар.

Жас кезінен жетелеген талабы, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы оның өз ортасында, шәкірттері арасында әрдайым шоқтығы биік, орны бөлек ұстаз ретінде даралануына себепші болды.

Профессор Отарбай Баймағамбетұлының  ғылыми басылымдарда жарық көрген мақалалары мен  халықаралық конференцияларда тыңдалған баяндамаларының саны 100-ге жуық.  Бірнеше мақаласы АҚШ- тың ғылыми журналдарында ағылшын тілінде жарық көрген.

Білімді үйреніп, меңгеру бар да, оны жас ұрпақтың санасына сіңіріп, бере білу бар. Ал, ғылым, оқытушылық, басшылық қызмет пен қоғамдық істердің тізгінін қатар ұстай жүріп, үлкен табыстарға жеткен Отарбай Баймағамбетов — шәкірттері құрметтеп-сүйсіне қарайтын, әріптестері үлгі алатын қадірлі жан.

Н.АЛДАШЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button