Мәдениет

«Бүкіл әлеуметке ұстаз еді…»


Үстіміздегі жылғы 20 мамырда қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы ғалым, ұстаз Мұхтар Арынның туғанына 75 жыл толады. Осыған орай, мамырдың 13-14 күндері Ақтөбеде Мұхтар Арынды еске алу шаралары өтті.

59 жасында фәниден озған Мұхтар ағамыз ғұмырының соңғы 12 жылын (1983-1995 жылдары) Ақтөбеде өткізіп, өзі басқарған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының өркендеп-дамуына өлшеусіз үлес қосып қана қоймай, өңірімізге рухани серпіліс әкелген үлкен шаруалардың басында жүріп, «бүкіл әлеуметке ұстаз» (Әбіш Кекілбаев) бола білді.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты ғалым, қайраткер Мұхтар Арынның мерейлі жасын атап өтуді дәстүрге айналдырып отыр. Мұхтар Арынның 75 жылдығына арналған басты шаралар осы жоғары оқу орнының қабырғасында өтті.

Мамырдың 13-інде мұнда республикамыздың жоғары оқу орындарынан келген ғалым-ұстаздар, мектеп мұғалімдері, білім беру мекемелерінің қызметкерлері және студенттердің қатысуымен «Арын оқулары» атты ғылыми конференция өтті. Конференцияны Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышев ашты. Ол өз сөзінде:

— Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы бар, күні кеше қабылданған білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар — міне, осындай маңызды құжаттарды алып қарасаңыз, кезінде Мұхтар Арын көтерген мәселелермен үндес екендігін көресіз. Жалпы, білім ғана емес, қай мәселеде де Мұхтар Арынның ой-толғамдары, пікірлері ескірмек емес. Біз Мұхтар Арынның ескірмес әлемін, аманатын жас ұрпақ санасында тағы бір жаңғыртсақ деген ниетпен осы шараларды қолға алып отырмыз, — деп атап көрсетті.

Конференцияда Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы; С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушысы Нәзира Оспанова, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зәкіратдин Байдосов, Ақтөбе педагогикалық институтының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ниетжан Беріков, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қ.Алдабергенов, т.б. баяндама жасап, ғалым, ағартушы Мұхтар Арынның соңында қалған мұраларын талдап, олардың бүгінгі күн үшін де маңызды, өткір мәселелерді қамтығанын атап өтті.

Конференцияда Мұхтар Арынға арналған веб-сайт — www.M.Aryn.kz — таныстырылды. Сайт тоғыз бөлімнен тұрады: алғашқысынан оқырмандар «Бес анық» еңбегін таба алады; ал одан кейінгі бөлімдер — «Өмірбаян»; «Естеліктер»; «Еңбектері»; «Қанатты сөздері»; «Фотомұрағат»; «Бейнемұрағат»; «Тілек кітабы» және «Шежіре». Қазіргі жастардың қағаздан гөрі компьютерге құмар екенін ескерсек, бұл сайттың, әрине, берері көп болмақ.

Сондай-ақ конференцияда Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның Ахмет Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрі (көркемдік жетекшісі — Қ. Қожанбаев) және Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты музыка факультеті ұжымының күшімен концерт қойылды. Концертте Қайырғали Қожанбаевтың Мұхтар Арынға арнаған «Арнау» күйі, халық әндері, халық композиторлары күйлері орындалды.

Осыдан бес жыл бұрын Ақтөбе педагогикалық институтында «Профессор Мұхтар Арын» кабинеті ашылған болатын. 13 мамыр күні қайта жарақтандырылған сол кабинет енді кабинет-мұражай ретінде жұртшылыққа таныстырылды.

Сондай-ақ бұл күні аталмыш жоғары оқу орнының «Студенттер сарайында» Мұхтар Арынның туғанына 75 жыл толуына арнап студенттер әзірлеген әдеби-музыкалық қойылым жұртшылық назарына ұсынылды.

И. ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button